Екпе міндет пе?

0
4298

Елді елеңдетіп отырған мәселенің бірі – екпе (вакцина). Олай дейтініміз, екпе ектіруге қарсы ата-аналар саны күн санап көбеюде. Ал, дәрігерлер болса баланы түрлі аурулардан қорғауға қолданылатын екпенің зияны жоқ екенін айтып шырылдауда. Ақ халаттылардың пікірі, екпесіз ұлттың ертеңі бұлыңғыр дегенге саяды. Екпе жөнінде жазылған мақалаларды сараптап қарасақ, оның зиянынан пайдасы көп екеніне көз жеткізесіз. Әрі ғалымдар оны адамзаттың үздік жетістіктерінің бірі деп санайды. Екпенің балалар мен адам өмірі үшін қаншалықты маңызы бар екенін біз де анықтағымыз келді.

Екпе – балаларда кездесетін түрлі жұқпалы аурулардың алдын алу үшін егіледі. Қауіпті дерттерге қарсы екпе егу жұмыстары әлемдік тәжірибеге енген. Соған орай сәби өмірге келген сәттен бастап белгілі мерзім ішінде түрлі аурулардың алдын алу, жұқпалы дерттерден сақтануды қамтамасыз ету үшін иммундау шаралары дәстүрлі түрде қолға алынды. Оның пайдасы мен қажеттілігі туралы түсіндірме жұмыстары әлі де жүргізіліп келеді. Бірақ, ел арасында екпеге деген үрей сейілер емес. Басым көпшілігі салынған екпеден соң адам ағзасы өзгеріске ұшырап, тіпті дерт қозады дейді. Сау баланы ауру етеді деген ата-аналар да көптеп кездесуде қазір. Әйтсе де, екпеден бас тарту одан да қауіпті болуы мүмкін.
Рас, екпе салдырғаннан соң кей жандардың тағдыры өкінерлік оқиғаға ұласып жатқанын естіп жүрміз. Бірақ оның бәрі бір вакцинациямен байланысты деу де қателік. Өйткені иммунизациялаудың қажеттілігі болмаса ол қолданысқа енбес еді. Сондай-ақ бұл жұмыстарға қыруар қаржы бөліп, шығындалу мемлекет үшін де тиімсіз екенін ұмытпаған дұрыс. Оның үстіне кезінде әлем үшін қауіпті дертке айналған табиғи оспа, оба мен шешек те дертке қарсы салынған вакцинаның арқасында жойылды.
Сондықтан, екепеден бас тартқан әр ата-ана басқа адамдарға ықпалын тигізбей, шешімді тек өзі үшін ғана қабылдағаны дұрыс. Себебі, халық арасында тараған теріс ақпарат салдарынан Алматы облысының өзінде 2020 жылдың 5 айында 241 ата-ана егуден бас тартты, 2019 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 28% — ға,оның ішінде діни наным-сенімдер бойынша 12 жағдайға өсті (2019 жылы бас тарту 188, діни себептер бойынша 2). Жыл сайын егілмеген балалардың саны өсіп, ауруды өршітіп отыр. Қызылшаның қазіргі өршуіне вакцинадан бас тартуы себеп болуда. Осылайша, 2020 жылдың 3 айында облыс бойынша қызылшаның ересектер арасында 56 жағдайы тіркелсе, оның ішінде балалар арасында 40 жағдай тіркелген. Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасының берген бұл мәліметі өңірімізде расымен де екпе алмағандар санының өскенін аңғартады.
— Аурудың алдын алу емдеуден гөрі жеңіл екені баршаға мәлім. Әсіресе, қызылша, гепатит, туберкулез полиомиелит, дифтерия және т.б. инфекциялардың алдын алудың жолы – вакцинациялау. Вакцинациялау әлемде ғылыми түрде дәлелденген. ҚР Үкіметінің 30.12.2009 жылғы №2295 қаулысына және 12.02.2013 жылғы өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес балаларға жоспарлы профилактикалық егу Қазақстан Республикасының Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес және Халыққа профилактикалық егу жүргізу бойынша бекітілген санитариялық — эпидемиологиялық талаптарға сәйкес жүргізіледі. Барлық міндетті екпелер бюджет қаражаты есебінен тегін жасалады. Қазақстанда балалар мен жалпы халықтың эпидемиялық саулығы, сондай-ақ инфекцияның алдын алу мақсатында егу күнтізбесі әзірленіп, бекітілді. Иммунитет — бұл ағзаға вакцина енгізгеннен кейін жасушалық деңгейде қалыптасатын биологиялық процесс. Тәжірибе көрсеткендей, егілген адамдар тіпті жұқтырған жағдайда ауырған болса, ауру жеңіл түрде өтеді, ал асқынулар мен өлім жағдайлары сирек кездеседі,-дейді Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Ләйлім Әубәкірова.
Барлық міндетті егулер (мемлекеттік емханада немесе бала тіркелген жеке емханада) Қазақстанда балаларға бюджет қаражаты есебінен тегін жасалады. Олардың тізімі ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген: Олар: туберкулезден (БЦЖ), гепатитке қарсы,полиомиелит, көкжөтел, дифтерия және сіреспе (АКДС),B типті гемофильді инфекция, сондай-ақ пневмококк инфекциясына қарсы вакцина,қызылшадан, қызамықтан және паротиттен (свинки) сақтайтын екпе түрлері. Қазақстанда 17 вакцина бойынша екпелер тұмау, туляремия, сібір жарасы, А вирусты гепатиті сияқты аурулар бойынша республикалық бюджеттен қаржыландырылады. Ал грипп, күйдіргі (сибирская язва) , туляремия, гепатит А және т. б. Ауруларға қарсы егілетін екпелермен жергілікті бюджеттен қарастырылған.
Мәжілісте мақұлданған заң жобасына сәйкес барлық екпелерді 2 санатқа бөлу жоспарланып отыр: міндетті және ерікті. Қазіргі кезде Қазақстанда төтенше жағдай режимінің аяқталуына байланысты профилактикалық егу қайта басталады. Емханаларға кіре берісте коронавирус инфекциясына барлық адамдарды тексеріп өткізеді.
Соңғы уақытта тек Қазақстанда ғана емес, Еуропада да, Ресейде қызылшаның өршуі байқалады. Әсіресе қызылшадан егілмеген балалар мен ересек адамдар арасында ауырғандар көп.
Республикада қызылша аурушаңдығы бойынша жағдайды тұрақтандыру үшін 2019 жылғы 1 сәуірден бастап қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы, 9 және 10 айлық балаларды егу науқаны басталды.
Егу үшін қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы біріктірілген вакцина қолданылады. Үнді өндірісінің вакцинасы әлемнің 70-тен астам елінде, соның ішінде Қазақстанда соңғы он жыл бойы табысты қолданылады.
Қызылша-бұл балаларда жиі кездесетін жұқпалы ауру. Қызылша ауруының белгілері: жалпы ауру, дене қызуы, бас ауруы, ұйқының бұзылуы, тәбеттің жоғалуы. Мұрын, құрғақ жөтел, конъюнктивит, қабақтың ісінуі мүмкін. 3-8 күннен кейін денеде ақырын бөртпе пайда болады, ол бірте-бірте барлық дегене тарайды. Қызылша ауа арқылы да тарайды. Вирус сілекей тамшысымен сөйлескенде, жөтел, түшкіру кезінде бөлінеді, оның бөлшектері ауада 3-4 сағатқа дейін қалуы мүмкін. Ғимараттың желдету жүйесі арқылы да таралу жағдайлары кездескен. Қызылшаның пневмония, бронхит, энцефалит сияқты асқынулары болуы мүмкін. Ауырған адам медициналық көмекке кеш жүгінген кезде сондай-ақ ағзада өзге де ауруларды қоздырып, өлімге әкелуі мүмкін.
Облыстық Денсаулық басқармасының берген мәліметтеріне сүйене отырып, екпе адам өміріне, әсіресе балалардың денсаулығының қалыпты болуына ықпалы өте зор екеніне бірақ, өкінішке орай сол қауіпті ескермей, балаларына екпе салдырмай жүрген ата-аналарың санының артқанына тағы да көзіміз жетті.
Вакцинадан бас тартқан кезде бала бойындағы вирус басқа балаларға жұғуы мүмкін. Вакциналар ДДҰ талаптарына сәйкес сертификатталған нұсқасы сатып алынады. Жалпы кез келген емханада егуді жүргізбес бұрын балаларды педиатр дәрігер қарап, толық тексеруден өткен тек дені сау балаларға ғана рұқсат береді. Денсаулығында ақау болса немесе суық тиіп ауырып тұрған балаға екпе жасауды кейінге қалдырады яғни дәрігерлердің өзі екпені қалай болса солай салдырмайды. Оған аса жауапкершілік танытады.
-Қазіргі кезде вакцинадан бас тартатын ата-аналар өте көп. Мен таң қаламын баланың денсаулығына соншалықты жауапкершіліксіз танытатындарға. Балалар бүгінде өте әлсіз. Иммунитеттері төмен. Ауруды тез қабылдайды. Ал, епкеден бас тарту тіпті қауіпті бұндай жағдайда. Әлем мойындаған вакцина бізге қалай зиянды болуы мүмкін? Әрине әр ата-ананың еркі өздерінде. Бірақ мен дәрігер ретінде екпеден бас тарту өте қауіпті екенін айтқым келеді. Бала өскенде шет елге шығады, әлемді аралағысы келеді, жұмысы шет елдермен тығыз байланыста болуы да мүмкін. Ал, екпе егілмеген адамға шет елге шығудың өзі аса қиын жағдай болуы мүмкін. Сондықтан әр ата-ана баласының болшағын да ойлағаны дұрыс деп есептеймін — деген қалалық №2-балалар емханасының педиатр дәрігері Мұхтар Әділханұлы екпенің маңыздылын айтып, елге насихат жұмыстарын да жүргізу керектігін айтты.
Әрине, әр адам өзі үшін өзі жауа береді. Десек те, бір адамның қателігі басқаға да кесірі тимесіне кім кепіл? Екпеден бас тартып жатқандар сақал өсіріп, орамал оранғандар деген де пікір жоқ емес. Алайда, ислам шариғаты балаға екпе егуге қарсы деген пікірдің қате екендігін теолог ғалымдарымыз да мойындап отыр. Өйткені қажылар Меккеге қажылыққа барардың алдында түрлі ауруларға қарсы екпелерді қабылдайды. Демек, «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеу» қажеттігін шариғат та мақұлдайды.Онда ата-ана тарапынан екпе салдыруға қарсылықтың көбейгенін немен түсіндіреміз? Әріекпе егуге қарсы болғандарға айыппұл салу мәселесі де көтеріліп жүр. Екпені алдырту үшін ата-анаға айыппұл салған дұрыс па, әлде екпені өз еркімен ектірген дұрыс па?

Г.ЕРДАУЛЕТОВА.



ПІКІР ЖАЗУ