ӘРПК — азаматтар құқығын мінсіз қорғалуына ықпал етеді

0
2118

Әкімшілік әділет институтын жандандыру, жария-құқықтық дауларды реттеу мәселесі де көпшілік арасында біраздан бері талқыланып, құзырлы орындар назарына ұсынылып жүрген өзекті мәселенің бірі болатын. Осыны ескерген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» деп аталатын алғашқы Жолдауында жария-құқықтық дауларда билік пен қарапайым азаматтар тең болмайтынын, осы олқылықты заңдық тұрғыда реттеу керектігін айтып, тапсырма жүктеген болатын. Осы бағыттағы атқарылған жұмыстың жай-жапсарын білмек ниетте Талдықорған қалалық сотының судьясы Марлен Кірғабаевтан көкейкесті сауалдарға жауап алған едік.

– Марлен Болатұлы, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс (ӘРПК) қашан қолданысқа енгізіледі?
– Өзіңіз жақсы білесіз, сот саласында үздіксіз реформалар жасалуда. Соның бір тарма-ғы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс. Президент тапсырмасынан кейін заң жобасын дайындау бойынша кешенді жұмыстар қолға алынды. Жоғарғы Сот пен Әділет министрлігі бірігіп жасаған жұмыстар барысында жария-құқықтық даулар бойынша үздік нәтижелерге қол жеткізген елдердің тәжірибелері сарапқа салынып, әкімшілік әділет институтының оң ықпалы зерделенді. Мәселен, дамыған елдер тәжірибесі әкімшілік әділеттің мемлекеттік қызметтегі жауапсыздықты, шалағайлықты жойып, азаматтармен қарым-қатынасты жандандыруға көмектескенін көрсетеді. Сонымен бірге әкімшілік әділет салтанат құрған елдерде азаматтар мемлекеттік органдармен соттасуға, кемшілігін көрсетуге қорықпайды. Өйткені заң мұндай дауларда қарапайым азаматтардың мүддесін жоғары қояды. Ендеше, әлемнің озық елдері қатарына қосылуды мұрат еткен біздің еліміздің де жария-құқықтық дауларды сапалы реттеуден сырт қалмауы үшін қоғамның қызу талқысынан өткен Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекске (бұдан әрі — ӘРПК) және заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы тиісті заңға Қазақстан Президенті 2020 жылғы 29 маусымда қол қойған болатын. Бұл заң үстіміздегі жылдың яғни 2021 жылдың шілде айын бастап күшіне енеді, онда 4 бөлім, 175 баптың 29 тарауы бар. Айтулы жаңа занамада бұған дейін айтылған пікір, ұсыныстың бәрі ескерілген.
– ӘРПК нені реттейді (қарым-қатынастың қандай салалары бар). Мәселен, мемлекеттік органдар осы әкімшілік кодекске бағына ма? Сондай-ақ, кодексте судьяның рөлі қандай болмақ, Әкімшілік процестің қандай артықшылықтарын айтуға болады.
– Өте, дұрыс сауал қойып отырсыз. Бұл заңнама да кодекс тараптардың қоғамдық-құқықтық даулар бойынша қатынастарын реттейді. Сонымен бірге әкімшілік рәсімнің өзін реттейді, сәйкесінше соттар ғана емес, сонымен бірге мемлекеттік органдар да әкімшілік кодекске бағынады. Шындығында заманауи құжат, жаңа заң деп бағаланған Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекске үлкен міндеттер артылуда. Өзіңіз қойған сауалға, кодекстегі ұстанымға сай алдағы уақытта әкімшілік процестегі судьяның рөліне ерекше басымдық берілген. Мәселен, әкімшілік процестегі судья – белсенді, іске қатысты өз пікірін айта алады, қосымша деректер сұратып, қажетті анықтамаларға сұраныс жасауға құқылы. Осы арқылы судья төрелікке жүгініп отырған қос тараптың мәселесіне сырт қарамай, әділдіктің салтанат құруына белсене араласып, жол көрсетіп, орын алған кемшіліктерді жоюға, тура төреліктің шығуына, Қазақстан Республикасының Конституциясында кепілдік берілгендей азаматтар құқығының мінсіз қорғалуына ықпал етеді.
Қолданысқа енгелі отыр-ған Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің ең басты артықшылығы мен ерекшелігі – жария-құқықтық дауларды оңтайлы реттеуі-мен байланысты. Заңнамада мемлекеттік құрылымдар мен қарапайым азаматтар арасындағы дауды шешудегі теңсіздікті жоюдың барлық мүмкіндігі қарастырылған. Айталық азаматтар құқықтық тұрғыдан жан-жақты сауатты емес. Олардың өз құқығын қорғауына, мемлекеттік қызметтің қателігін көрсетуіне сауатының таяздығы, өзіне деген сенімінің төмендігі аз кедергі келтірмейді. Соған орай енді тараптарға заңнамадағы барлық қарама-қайшылықтар мен дүдәмал тұстар азаматтардың мүдделерін ескере отырып, түсіндіріледі. Сонымен қатар, жаңа заңдағы тетіктер халықтың өзіне деген сенімін де нығайтады деген ойдамыз. Өйткені, кодексте азаматтардың сотқа жүгіну мүмкіндіктерін жеңілдетуге, құқықтық тұрғыдан қорғану тетіктерін кеңейтуге, қарапайым халықтың мемлекеттік органдар алдындағы әлеуетін көтеруге барынша жағдай жасалған. Демек, 1 шілдеден бастап әкімшілік іс жүргізу екі бөліктен тұратын болады: ол – Әкімшілік рәсімдер мен әкімшілік сот ісін жүргізу, осыған байланысты, «Әкімшілік рәсімдер туралы» және «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» заңдар күшін жояды, сондай-ақ, 27-29 тарауларды қоса алғанда, азаматтық іс жүргізу кодексінің бірқатар нормасы және әкімшілік Әділет енгізуге байланысты басқа да кодекстер мен заңдардың нормалары өз қолданысын тоқтатады.
ӘРПК мемлекеттік органдардағы ішкі тәртіпті, сондай-ақ соттардағы жария құқықтық қатынастар жөніндегі дауларды шешу тәртібін қоса алғанда, әкімшілік рәсімдерді жүргізу тәртібін реттейтін тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет қабылданған бірегей заңнамалық актіні білдіреді.
Дамыған елдерде әкімшілік соттар беделді болып табылады, ал судьялардың шешімдері мемлекеттік органдар жұмысының сапасына әсер етеді, онда шенеунік кейіннен сот оның шешімін азаматтың құқықтарын қорғау призмасы арқылы «тексеретінін» түсінеді. Әкімшілік әділетінің мақсаты міне, осындай. Сондықтан мұндай жағдайда қоғамның мемлекеттік аппаратқа да, соттарға да сенім деңгейі жоғары.
– Шынымен де бұл заңнамада мемлекеттік органдардағы ішкі тәртіпті реттейтін болса, азаматтардың сотқа деген сенімі арта түсетіні даусыз. Азаматтық іс жүргізу кодексінің бір қатар нормалары, әкімшілік әділет енгізуге байланысты өз қолданысын тоқтады дедіңіз? Қолданыстағы заңнама ӘРПК енгізілгеннен кейін өзгере ме?
– Әрине өзгереді. «Қазақ көш жүре түзеледі» демей ме. Заңнама өндіріске енгізілген соң оның олқы тұстары толықтырылып отыруы заңдылық. Кодекстің тікелей күшіне енуімен бұл 10 кодекс пен 65 Заңда да көрініс табады, бұл туралы 2020 жылғы 29 маусымдағы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң айтады.
ӘРПК-де ұлттық заңнама үшін жаңа қағидаттар қалыптасады: сенім құқығын қорғау, пропорционалдылық, құқықтардың басымдығы, ресми талаптарды теріс пайдалануға тыйым салу, соттың белсенді рөлі, сот талқылауының ақылға қонымды мерзімі және басқалар. Әкімшілік орган, Әкімшілік акт, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) сияқты жаңа құқықтық санаттар да енгізіледі.
– сенімге құқықты қорғау, яғни әкімшілік рәсімге қатысушының әкімшілік органның, лауазымды адамның қызметіне сенімі заңмен қорғалады;
– формальды талаптарды теріс пайдалануға тыйым салу, яғни әкімшілік органға, лауазымды тұлғаға әкімшілік рәсімге қатысушының құқығын іске асырудан бас тартуға, шектеуге, тоқтатуға, сондай-ақ заңнамада белгіленбеген талаптарды сақтау мақсатында оған міндет жүктеуге тыйым салынады;
– құқықтардың басымдығы қағидаты, бұл Әкімшілік рәсімдер туралы заңнаманың барлық күмәндері, қайшылықтары мен түсініксіздігі әкімшілік рәсімге қатысушының пайдасына түсінді-ріледі;
– соттың белсенді рөлі деп сот әкімшілік процеске қатысушылардың түсініктемелерімен, мәлімдемелері-мен, өтініш хаттарымен, олар ұсынған дәлелдермен және әкімшілік істің өзге де материалдарымен шектелмей, әкімшілік істі дұрыс шешу үшін маңызы бар барлық нақты мән-жайларды жан-жақты, толық және объективті зерттейтінін түсіну керек; өз бастамасы немесе әкімшілік процеске қатысушылардың дәлелді өтініші бойынша қосымша материалдар мен дәлелдемелер жиналады, сондықтан сот қаралып жатқан іс шеңберіндегі құқықтық негіздемелер бойынша өзінің алдын ала құқықтық пікірін айтуға құқылы.
Сонымен қатар, ол әкімшілік органға түсінік береді және тек мемлекеттік органды ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік басқару саласында өкілеттік берілген басқа субъектілерді де білдіреді (Өзін-өзі реттейтін ұйымдар және т.б.). Әкімшілік актілердің өздері қолайлы – жаңа құқықтар беретін, міндеттерді тоқтататын, жағдайды жақсартатын және ауыртпалық түсіретін – құқықтарды тоқтататын, міндеттер жүктейтін, жағдайды нашарлататын болып бөлінеді.
Сонымен қатар, ӘРПК тараптың сотқа келесі талап-арыздармен жүгіну мүмкіндігін қарастырады:
– дау айту туралы талап қою (әкімшілік актінің толық немесе бір бөлігінің күшін жою туралы талап),
– мәжбүрлеу туралы талап қою (қолайлы әкімшілік актіні қабылдау туралы талап, мысалы, оны қабылдаудан бас тартылған не әкімшілік органның, лауазымды адамның әрекетсіздігі себебінен қабылданбаған),
– іс-әрекет жасау туралы талап-арыздар (әкімшілік актіні қабылдауға бағытталмаған белгілі бір іс-әрекеттер жасау немесе осындай іс-әрекеттерден бас тарту туралы талап),
– тану туралы талап қоюлар (қандай да бір құқықтық қатынастардың бар не жоқ екенін тану туралы талап).
Әкімшілік істерді маманданды-рылған аудандық және оларға теңестірілген әкімшілік соттар қарайтын болады, бұл ретте істердің кейбір санаттарын бірінші сатыдағы соттың қағидалары бойынша Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты және Нұр-Сұлтан қаласының соты қарайды.
Іс сотқа талап арыз берілген сәттен бастап қозғалған болып есептеледі және бірінші және апелляциялық сатылардағы соттарда ақылға қонымды мерзімде 3 айға дейін, бұл ретте кассациялық сатыда 6 айға дейін қаралады.
Сонымен бірге, аталған органдардың шешімдеріне шағымданудың ерекше тәртібі көзделген даулардың жекелеген санаттарын (мысалы, салықтық, кедендік даулар) қоспағанда, ӘРПК сотқа дейінгі міндетті шағымдануды да енгізеді.
ӘРПК қабылдау мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға, мемлекеттік органдардың шешімдер қабылдау процесінде және жоғары тұрған органда және сотта мемлекеттік органдармен дауларды қарау кезінде азаматтар мен бизнестің құқықтарын қорғау кепілдіктерін бекітуге, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін және сот жүйесіне жүктемені азайтуға әкеледі деп күтілуде.
– Жаңа заң халықтың игілігіне мүлтіксіз қызмет етуіне бізде тілектеспіз. Онлайн желісінде сұхбаттасуға келісім бергеніңіз үшін көп рахмет!

Айтақын МҰХАМАДИ

Кілтсөздер:ИНТЕРВЬЮ


ПІКІР ЖАЗУ