Нарынқолда дене шынықтыру, сауықтыру кешені ашылды

0
1994

Республика бойынша заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу бойынша Алматы облысы алдыңғы қатарда. Осы уақытқа дейін 12 нысан қолданысқа берілді. Солардың бірі Алматы облысы әкімінің орынбасары Арслан Дандыбаевтың қатысуымен ашылған Райымбек ауданы, Нарынқол ауылындағы спорт кешені.

Нарынқол ауылының тұрғындары үшін спорт ке-шенінің ашылуы қуанышты жаңалықтардың бірі болды. Себебі, ескі кинотеатрда жаттықтырылған балалар енді заманауи талапқа сай жабдықталған залда жаттығатын болады.
Тәуелсіздігіміздің 30 жыл-дығы қарсаңына орай ашылған нысанның мерейтойына арнайы келген облыс әкімінің орынбасары Арслан Дандыбаев құттықтау сөз сөйледі.


«Отыз жылда Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген басшылығымен Қазақстанның жаңа дәуірінің тарихы қалыптасты. Орасан зор жұмыстар атқарылып, еліміз дамудың жаңа сатысына көтерілді.
Өздеріңізге мәлім, 2018 жылы Елбасы – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен Райымбек және Кеген ауданда-ры қайта құрылды. Ауданның дамуына, инфрақұрылымды қалпына келтіруге бюджеттен 17,9млрд. теңге қаржы жұмсалды. Шекараның шебінде, облыстың шетінде қайта шаңырақ көтерген Райымбек ауданының жаңарып, көркейіп келетіні – көңіл қуантады. Пайдалануға берілгелі отырған дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылу салтанаты құтты болсын» – деп ізгі тілегімен бөлісті.

Мұнан кейін халықтың қуанышына ортақтасып келген ережесіз жекпе-жектен әлемнің екі дүркін чемпионы Ардақ Назаров та ыстық лебізін жеткізді.
«Кешегі біз дайындалған залмен бүгінгі жағдайды салыстыруға келмес. 30 метрлік шаршы алаңда жаттықсақ та, жеңістің биік тұғырынан көріне білдік. Осындай кең алаңда жаттыққан балалар бақытты. Ендігі талап – тек еңбектену керек. Алдыға үлкен мақсат қойып, ертең елдің чемпионы боламын деген балалардың саны көбейетініне сенімдімін».

Ғимараттың кіре берісінен әлемге әйгілі Қазақстан чемпиондарының суреттері көзге түседі.
Аталған спорттық сауықтыру кешені бір мезгілде күрес, бокс, валейбол, гандбол және заман талабына сай жаттықтыру алаңында 144 спортшы қабылдап, спортпен айналысуына жағдай жасай алады. Сонымен қатар мәжіліс залы, медициналық және массаж кабинетімен толықтырылған.
«Бокс жаттықтырушысы болғаныма екі жылдан асты. Облыс бойынша бірнеше жүлдеміз бар. Орталық ашылғалы бері қызығушылық танытып, келушілер саны артып келеді. Бұрыңғыдай қолғап жетіспеушілік, грушаны кезекпен ұру сияқты мәселелеріміздің шешілгеніне қуаныштымын», – дейді бокс жаттықтырушысы Аида Қожанқызы.
Еркін күреспен айналысқанына алты жылдан асқан Ибрахим Ысқақбекұлы да өзінің ыстық лебізін білдірді.
«Ескі ғимаратта жаттығу қиынға соғатын. Жаттығу алаңының тарлығына байланысты жүгіріп, күресу барысында шектеулер болатын. Енді алаңсыз спортпен айналысуға мүмкіндік алдық».
Өңірде бұдан өзге Достық, Жансүгіров, Шонжы ауылдарында да дене шынықтыру-сауықтыру кешендері салынуда.  Сондай-ақ, жаздың аяғына дейін Балқаш ауданы Бақанас ауылында дәл осындай дене шынықтыру-сауықтыру кешенін және Талдықорған қаласында Орта Азияда теңдесі жоқ Олимпиадалық стандартқа сай «Талдықорған» орталық бассейінін ашу жоспарда.

Ардагүл ӘСКЕРБЕК
РАЙЫМБЕК АУДАНЫ


ПІКІР ЖАЗУ