Барыс жылы бақытты жыл болғай

0
1047

Құрметті оқырман!  Күллі мұсылман қауымы үшін жаңа жыл наурыз айы десекте  қанымызға сіңіп,  сүйектен өтіп кеткен «Григориан»  күнтізбесі бойынша тойланатын жаңа жыл,  яғни,  барыс жылы босағадан аттады.

Алайда,  қаңтар айының 4 күнінен  бастау алған ереуілдер толқыны елді  әрі-сәріге түсірді.  Ел тыныштығын бүлдіріп, мемлекеттің іргесін шайқағысы келген тероршылар,  бандиттер  мемлекеттік нысандарға шабуылдап,  бейбіт халықты үрейде ұстап,  қантөгіс жасады. Сырттан келген  арандатушылардың арбауына түсіп қалғандар да өзіміздің қаракөздер.  Бейбіт шеру өткізу керектігін «диалогқа»  келіп,  талап-тілектерін нақты айтуды Мемлекет басшысы қанша  айтса да басбұзарлыққа барғандардың кесірінен мемлекеттік қызметшілер,  сақшылар,  әскерилер сарбаздар, өрімдей жастар ажал құшты. Мемлекеттің іргесін шайқап, шаңырағын ортасына түсіргісі келген теріс пиғылды озбырлардың жолы кесілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жедел іс-әрекетінің арқасында және бұқара халықтың күрделі жағдайға түсіністікпен қарап, Отанды, елді, жерді лаңкестерден тазартуға қолдау білдіруі  елдің бейбіт өмірге  қайта оралуына үлкен жол ашты.

Қауіп-қатер әліде сейіле қойған жоқ. Қараша қауымды коменданттық режимді сақтай отырып Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың  айналасына топтасып, жұдырықтай жұмылуға, арандатушыларға ермеуге, жалған ақпараттар таратпауға, тек қана ресми ақпараттарға сенім артуға, күдікті адамдарды көздері шалған жағдайда дереу құқық қорғау органдарына хабарласуын сұраймыз.

Енді, өткен жылға шегініс жасап, жетістіктеріміз бен кемістіктерімізді  саралап көрелік. Кейбір болжамшылардың айтуынша «сиыр жылы» тарихта көбінде ауыртпалық, дау-жанжал, қиындықтарға толы болған десті. Кеңес кезінде мақал-мәтелге айналып кеткен «Сен білесіңбе селсевет білеме» деген тәмсіл жиі айтылатын. Болжамшылар болжамын айтқанмен, алдағы күннің не боларын бір жаратушы Аллаға ғана аян екенін елдің бәрі біледі. Болжамшылар  сиыр жылы  «жарылыстық апаттар молайып, экономикаға қатты әсер етуі мүмкін» десе, астрологтардың кейбірі бұл пікірмен келіспей, «сиыр жылы молшылық жылы болады» деп айтқан-ды.  «Сиыр жылы жаңбырлы болады, астық бітік шығып, молшылыққа кенелміз» деген болжамшылардың болжамы керісінше болды.

Тәуелсіздік алғалы отыз  жыл болса да салт-дәстүрімізді, ұлттық құндылықтарымызды  әлі  бір  ізге түсіре  алмай отырмыз.  Мүмкін бұған да ұзақ жылдар қажет шығар.  Әйтседе  өткенге өкпе жоқ. Жаңа күннен жақсылық күтетін қараша қауым өткен сиыр жылында біраз күйзелісті бастан өткерді.  Әлемді жаулаған «Ковид» пен пандемия індетінің өршуі сәлде болса бәсеңдегені байқалады.  Бірде қызыл, бірде сары,  бірде жасыл жолақта тұрған қазақстандықтар  вакцинаға  жүгінді.  Денсаулық сақшылары індетті тежеуге  вакцинаның  пәрмені басым екенін айғақтады.  Шет мемлекеттермен қатар қазақ медицинасы да өз вакцинасын шығарып,  өндіріске қосты.

Алайда,  2020 жылы басталған індеттен қазақтың небір марқасқа, айыркөмей ақындары мен қарымды қаламгерлерінен,  қоғам қайраткерлерімен небір игі-жақсыларынан  көз жазып қалдық. Өзекті өртеген тағы бір өкініш  Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы  әскери қоймада жарылыс болып, тағыда қара жамылдық.  Бұған дейінде Арыс қаласындағы әскери қоймалар жарылып,  адам шығынына жол берілген-ді. Қарағанды қаласындағы Абай шахтасында  метан жарылып,  алты бірдей кенші  апатты жағдайға ұшырады.

Сүйінші мен күйінші қатар жүріп, қуаңшылық болып,  Батыс және  Қызылорда облыстарында тұяқты мал қырылды. Ел-жұрт асарлатып, батысқа мал азығын жеткізіп, «елде болса ерінге тиеді»  десті.

Шаруалар үшінде  бейнетті жыл осы сиыр жылы болды. Жанар-жағармай мен азық-түлік бағасы күн сайын шарықтады. Үкімет пен жергілікті билік бағаны тежеуге дәрменсіз болды.  Қыл-аяғы картоп пен сәбіз бағасы шектен шығып,  Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов көрші мемлекет Өзбекстанға барып, картоп сатып алуға келісімшарт жасады.  Экономика мен тұрмыста жиі қайталанып тұратын жайт десекте, елді тығырыққа  тіреген жыл осы сиыр жылына дөп келді.  Себеп,  халықтың әлеуметтік әлсіз топтары  тұрмақ,  орташа жалақы алатын қауымның  күнкөрісі күрт төмендеп кетті. Сол күнкөріс көріп отырған малдың өзіне азық  тауып  бере  алмай, ал азығының  бағасы аспандады.

Экономикамыз құлдырады, нарықтық жүйенің  бағытымен  бағаға еркіндік берген қазақ мемлекеті  спортта да ойсырай  ұтылды. Токио Олимпадасынан 83 орын алдық.  Бұған дейін қазақ спортында болып көрмеген жеңіліс бокс саласында көрініс тапты. Алтыннан алқа тағады деген саңлақтарымыз қоланы қанат тұтты.  Елге оралған соң, спорт саласындағы жемқорлықтың иісі, тамыр-таныстық,  зілтемір көтерушілер өзіне-өзі қол салудың арты айғай шуға ұласты.  Жалпы,  сиыр жылы  күтпеген оқиғаларға толы болды.

2021 жылда Қазақстанның жаңа тарихында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстанымы мен көзқарасына  баға берілді.  Оған қоса  Қазақстан билігі әлі күнге дейін ресми түрде  Кеңес Одағына қарсы көтеріліс немесе төңкеріс  деп мойындамаған  Алматы  қаласында  болған  Желтоқсан оқиғасына биыл 35 жыл толды.

2021 жылдың басындағы ең маңызды оқиға еліміздің 5 саяси партиясы қатысқан  Қазақстан  Парламенті  Мәжілісінің  сайлауы болды. Парламент Мәжілісінде ант қабылдау барысында мемлекеттік тілде тілі күрмеліп, ант тапсыра алмаған біраз депутат елге күлкі болды. Тағы бір елеулі оқиға интернет желісінде қызу талқыға түсті. Сбербанктің цифрлық платформасын сатып алу туралы шешімнің күшін жоюға Қасым-Жомарт  Тоқаевтың зейнетақы қорларын  БЖЗҚ-дан шығару үшін ең төменгі жетіліктілік шегін арттыруды кейінге қалдыруына  әлеуметтік желінің аса зор ықпалы тиді. Мәселен,  дизель отынының тапшылығы,  халықты жаппай вакцинациялаудың  жүргізілуі,  заңсыз кесілген ағаштар,  зейнетақы шегінің бірден артып кетуі  және министрдің орынбасарлары мен әкімдік деңгейде қаралатын қарапайым мәселелерге Мемлекет басшысының  өзі  араласуына тура келді.  Қатты отын тапшылығын алажаздай ретке келтірмей,  қоңыр күзде сарылып көмір қоймаларының алдында  кезекке тұрғындарға көмір бағасының қымбаттауы үлкен резонанс  туғызды.

Құрметті оқырман! «Ескіні айтпай, жаңаның жаңғыруы екі талай» деген тәмсіл бар.  Жақсылығы мен жамандығы қатар өткен сиыр жылына өкпеміз жоқ. Бірақ, көлеңке тұстары тарих қойнауында қалары хақ.  Ақпарат саласы бойынша байырғы газет-журналдардың тыныс-тіршілігі көмескіленіп барады. Жатпай-тұрмай газет-журнал, кітап оқитындардың саны жылдан-жылға кемуде.   Бұл індеттің  індеті.  Баспасөздің дәуірі интернетке тірелді.  Бара-бара   көгілдір экраныңызда саптан шығып қалуы ғажап емес. Себебі көретін жаңалығыңыз да,  бейнетаспаңыз да,  көретін киноңыз да интернетке жүктелген.   Алайда,  тарихы мен тағылымы бар баспасөз арасында газеттердің орны бір бөлек.  Бұл жағынан  «Алатау»  қоғамдық  саяси басылымы да өздеріңізбен  бірге.  Редакция қоржынына келіп түсіп жатқан хаттар,  арыз-шағымын арқалап келіп,  түйінінің шешілуіне көмек сұрайтын талай жанның тағдыр-тәлейіне бір кісідей ат салыстық.  Басылымға жазылу жыл бойы жалғасатынын ескеріп,  сіздерге  «Барыс»  бақыт  жылы  болсын»  дегіміз келеді.  Ауыртпалығын ала келген бұл жылдың жақсылығыда мол болғай.  Тарихи деректердің айтуынша, Мұхаммед пайғабар барыс жылы туып, (570), ұлу (632) жылы қайтыс болған. 1937-1938 ж.ж.  «Халық жауы» деп аталатын қанды қырғын осы барыс жылы болды; 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан оқиғасы да барыс жылына тұстас келді;  Алаш қайраткері Мұстафа Шоқай осы жылы туып, жылан жылы қайтыс болған (1890-1941).

Тарихи кезеңдерден шолу жасай отырып, басы қатты басталған барыс жылы берекемен бірлікті, ырыс пен ынтымақты арттырсын. Жаңадан  жасақталған үкімет  елді тығырықтан алып шағып, тарих парағына жазылған қаралы күндер енді болмасын. Еліміз аман,  жұртымыз  тыныш болып,  халықтың үніне құлақ түретін мемлекет қалыптассын  деп тілеу тілейік ағайын!

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ