Тегін курс жұмысын бастады
Алматы облысының кәсіпкерлер палатасы жанындағы әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының (ӘКДО) бастамасымен Талдықорған мен Ұзынағашта әйелдерді тігін ісі мен кондитерлік өнімдер өндірісі бойынша оқыту басталды.
Курстарда кәсіпкерлер, көп балалы аналар, халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан әйелдер білім алуда. Алматы облыстық кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлікті қаржылай емес қолдау бөлімінің басшысы Сәния Наурызбаеваның айтуынша облыста әйелдер кәсіпкерлігі белсенді дамуда.
Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарында сервистік және ақпараттық қызметтер қолжетімді.
– Өткен жылдың қараша айында әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы ашылды, онда кеңестер мен жобаларды сүйемелдеу түрінде қолдау көрсетіледі. Оқыту ӘКДО-ға өтініш білдіргендердің ұсыныстары ескеріле отырып ұйымдастырылған. Тегін курсты тәмамдаған соң сіздер маман ретінде өз кәсіптеріңізді ашуға немесе жұмысқа орналасуға мүмкіндік аласыздар, – дейді ол.
Талдықорғанда оқыту «Didakt.kz» ЖШС оқу орталығында ұйымдастырылған. Болашақ тігіншілер киімдерді үлгілеуді, құрастыруды, тігін жабдықтарының негіздерін, тігу технологиясын, материалтану, басқа да маңызды дағдыларды үйренеді. Сонымен қатар ӘКДО мен іскер әйелдер кеңесінің қолдауымен Көксу, Ақсу аудандары мен Текелі қаласында киім-кешек пен ұлттық бұйымдар шығаратын тігін цехтары іске қосылады. 100-ден астам жұмыс орнын құру жоспарлануда. Мұнда негізінен, көпбалалы және ерекше қажеттіліктері бар әйелдер, жас қыздар жұмыс істемек.
Бүгінде облыс орталығында тігін ісі бойынша 25 әйел және Жамбыл ауданында кондитерлік өндіріс бойынша 26 әйел жаңа мамандық меңгеруге кірісті.
«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»