Орындықтар орынсыз тұр ма?

0
399

Кезінде үлкендер  «Теріс қарап отырма», «Өй-й-й теріс баққырлар-ай» деп теріс жасаған қылығыңды көрсе ашуланып, бір сыбап алатын. Біз сондай қатаң тәрбиеде өскен жанбыз, балам. Ал қазіргілер не? Оң мен солын,  дұрыс пен бұрысын,  оң мен терісін білмейді  ме?, – деп налыды  қала тұрғыны Бекәділ ата.

Редакциямызға  келіп,  қозғайтын мәселем бар, бұған бейжайлық таныта  алмаймын  деген  қария сөзін тыңдап көрдік.  Айтуынша,  қала  көшелері бойындағы  орнатылған орындықтар орынсыз, кейбіреуі теріс қаратып қойылған.

– Мен зейнеткермін. Үйде болғандықтан кейде сыртқа шығып серуендеп, қала орталығына келіп өзім секілді замандастарыммен әңгіме-дүкен құрып отырамын. Осы қаланың тұрғыны болғандықтан бұл дүниелерге көзімді жұмып қарай алмадым. Көшемен бойлап келе жатып қарасаң кейбір орындықтар дұрыс аумақтарға орнатылмаған, оның да қойылатын талаптары болуы керек  қой, кейбірінің жанына қоқыс жәшігі де қойылмаған, – деген ақсақалдың  базынасына құлақ түріп, әңгімесін дәл сол орындықтарды бойлай жүріп тыңдап қайттық.

Қаланы  көріктендіруге, жарықтандыруға миллиондаған қаржы  жұмсалады. Мұның барлығы  осында тұрып жатқан ел-жұрттың игілігі үшін жасалып жатқан дүние. Десе де, аракідік шаһарды аралап жүріп осындай олқылықтарды көзіңмен көріп, терең ойға шомып қаласың.

Ақсақалдың сауалына жауап алуда  осы іске жауапты мекеме  «Талдықорған қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі»  мемлекеттік мекемесіне хабарластық.

«Қабанбай батыр көшесіндегі саябақ құрылғылары» жобасын іске асыруды мердігер «ПМК-7к» ЖШС 2020 жылы бастаған. Алайда  ескертулерге байланысты нысан пайдалануға берілмей қалды. Бүгінде осы іске қатысты Алматы облысы бойынша МСЭҚБ-ның жұмыстарды аяқтау туралы сот шешімін орындау үшін атқарушылық істер жүргізілуде. Мердігер компания істі толық бітірмей, аяқсыз қалды. Қазіргі уақытта біз қолдан  келген шараларды қолданудамыз.  Дегенмен орындықты қайта орнатуға қатысты  ұсыныс назарға алынып, ескеріледі. Мұның нәтижесін  алдағы уақытта қосымша хабарлайтын боламыз», – деп жауап  берді аты-жөнін атамауды жөн көрген мекеменің  қызметкері.

Ал, бұл  мәселеге қатысты сіз не дейсіз, көзі қарақты оқырман?

Арайлым  НҰРЖАПАР


ПІКІР ЖАЗУ