Маусымдық тұмау өршіп тұр

0
397

Еліміздің  барлық  өңірінде  вирустық  инфекциялар  мен тұмаудың эпидемиялық  маусымы  басталды. Бүгінде  ол  халық  арасында өршіп тұр. Бұл дерттің жұқпалы екені бәрімізге белгілі. Сондықтан жылы жүріп, сақтық шараларына мән берген жөн екені айтады  мамандар.

Талдықорған  қалалық  ШЖҚ «Жұқпалы аурулар ауруханасы» КМК-ның эпидемиолог дәрігері  Айым  Окаеваның  айтуынша, эпидемиологиялық  маусым  басталғалы бері небәрі 3 аптаның ішінде ауруханаға ЖРВИ-мен 607 науқас келіп жүгінсе, оның  455-і  ауруханаға  жатқызылып, қалғаны амбулаториялық  жағдайда қаралған. Аталған 455 науқастың 298-і балалар болып отыр.  Жас  ерекшеліктері бойынша (1 жастан асқан балалардан бастап ересектерге дейін) 38-39 С-ға дейін дене қызуының көтерілуімен, әлсіздену, сонымен қатар, құрғақ жөтел, тамақтың жыбырлауы, дауыстың  қарлығуы кеуденің ашып ауруы секілді клиникалық белгілермен жүгінген. Оны ПТР әдісімен зерттеу үшін науқастан жағынды (мазок) алынады. Бүгінде вирустың В типімен 22 жағдай  лабораториялық  дәлелдеуден өтті. Бұл тек жұқпалы  аурулар ауруханасы  бойынша  ғана,  ал ол басқаларымен салыстырғанда өте үлкен көрсеткіш.

Маманның айтуынша, егер сырқаттанған адам дер кезінде емделсе, тұмаудан 5-7 күн ішінде айығып кетуге болады. Оның жеңіл және орташа ауыр түрлерін учаскелік немесе отбасылық дәрігердің бақылауымен үйде, ал ауыр және асқынған түрлері  жұқпалы аурулар ауруханасында емделеді. Ең негізгі міндетті шарт науқасты оқшаулау, жеке басының гигиеналық тәртібін сақтау.

Тұмаумен және ЖРВИ-дың алдын алу үшін профилактикалық шараның  ең  маңыздысы  ол –  вакцинация. Сол үшін уақытылы екпе жасату керек және маскалық режимді сақтау маңызды.

Елімізде 1 қазаннан бастап тұмауға қарсы екпе салу шаралары басталды.

Оны алған соң иммунитет 14 күннен  кейін  қалыптасады  және  маусым бойы 1 жылға  дейін сақталады. Бұл тұста эпидемиолог дәрігер Айым Серікқызы былай дейді.

– Тұмауға  қарсы  екпе туралы айтпас бұрын, жалпы екпе дегеніміз не? Ол не үшін қажет  және  оның  қалай  жұмыс  жасайтыны туралы қысқаша айтып өтейін. Екпе – адам ағзасын қауіпті инфекциялармен таныстырудың қауіпсіз әдісі. Белгілі бір микроорганизмнің (антигеннің) әлсіретілген немесе әсерсіздендірілген бөлшектері бар вакциналар ағзада иммундық реакция тудырады. Соның әсерінен вакцина қалыптастырған  иммунитет әрі қарай ағзаны нақты инфекцияға кез болғанда қорғауға көмектеседі. Тұмауға қарсы екпе жылына бір рет тұмау және ЖРВИ эпидемиялық маусымының басталар алдында жүргізіледі.

Республика бойынша  тұмаудың және ЖРВИ-дің таралуының  алдын алу мақсатында ағымдағы жылдың 3 қазанынан бастап, халықты жаппай тұмауға қарсы егу шарасы басталды. Тұмауға қарсы екпе 6 айдан бастап балаларда, жасөспірімдерде және жас шамасы шектеусіз ересектерде тұмаудың спецификалық профилактикасы ретінде қолданылады. Вакцина әсіресе тұмау ауруы жағдайында асқынулар туындауының жоғары қаупі бар адамдарға, соның ішінде:

 – 60 жастан асқан;

–  мектепке дейінгі жастағы балалар, мектеп оқушылары;

– созылмалы соматикалық аурулардан, оның ішінде орталық жүйке, жүрек  қантамыр және бронх-өкпе жүйелерінің ауруларынан және даму ақаулықтарынан, бронх демікпесінен, бүйректің созылмалы ауруларынан, қант диабетінен, зат алмасу  ауруларынан, аутоиммунды аурулардан, созылмалы анемиясы, туа біткен немесе жүре пайда  болған  иммунитет  тапшылығы  бар, АИТВ-жұқтырғандар, ЖРА жиі ауыратын ересектер мен балалар және тағы басқаларына егуге кеңес беріледі.

Тағы  бір ескеретін жағдай екпені қолдануға болмайтын жағдайлар да кездеседі. Мәселен, вакцина  компоненттеріне  аллергиялық реакциялар, жедел қызба жағдайлары немесе созылмалы аурудың өршуі (вакцинацияны сауыққаннан кейін немесе ремиссия кезеңінде жүргізеді), ауырлығы жеңіл дәрежедегі ЖРВИ кезінде, ішектің жедел ауруларында вакцинация температураны қалпына келтіргеннен кейін жүргізіледі, 6 айға дейінгі балалар, жүктіліктің бірінші триместрі кезеңдерінде вакцина салуға қатаң тыйым салынады.

Айта  кетейік,  мемлекеттік  бюджет қаражаты есебінен вакцинацияны халықтың анағұрлым осал топтары алуға мүмкіндіктері бар. Бұл санатқа медицина қызметкерлері, медициналық ұйымдарда диспансерлік есепте тұрған балалар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарынан, сәбилер үйлерінен және эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша  балалар  жатады.

Сондай-ақ   жұмыс  берушілер мен халықтың жеке қаражаты есебінен екпе салу жүргізіледі. Вакцинация  жүргізетін  медициналық  мекемелердің  мекенжайларын тұрғылықты жері бойынша аумақтық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменттерінен және денсаулық сақтау басқармаларынан білуге болады.

Қала бойынша жедел-жәрдем бөлімі баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, эпидемиологиялық маусым басталғалы көп шақыртулар түсуде. Мәселен, бір аптаның ішінде жедел респираторлық вирустық инфекция (ЖРВИ) бойынша 2879  шақырту келіп түскен. Оның 1162-сі ересектер болса, 1717-сі бала. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда екі есеге өскен.

Осы орайда арнайы мамандар  бөлмедегі ауаны желдету – инфекция қаупін азайтатындығын айтады. Егер  аурудың басты белгілері – қызудың көтерілуі, тамақ ауру, әлсіздік болса, дәрігердің көмегіне жүгіну керек. Ауа-райы тұрақсыз болғандықтан әр уақытта жылы киініп жүру, жеке бас гигиенасын сақтау, иммунитетті көтеретін дәрумендер,  жеміс-жидектер жеу қажет. Сонымен қатар белсенді  өмір салтын ұстанған абзал. Сұйықтықты көп мөлшерде қабылдау да маусымдық ауруларды еңсеруге  ықпал  етеді. Қалай десек те «ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеген» абзал-ақ.

Арайлым НҰРЖАПАР

 


ПІКІР ЖАЗУ