Халық  қалаулылары қала тынысымен танысты

0
310

Жетісу облысының орталығы Талдықорған  қаласына  ресми  іссапармен келген ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Сұлтан Дүйсембінов пен Ғалиасқар Сарыбаев Қаратал, Көксу өзендерінің аңғарында жатқан шаһардың тыныс-тіршілігімен танысты.

Халық қалаулылары алдымен табиғи газға қосылған №4 кварталдық қазандық пен  Ә.Әлімжанов көшесіндегі көмір жағатын қазандықтың жұмысын көруге барды.  Жылу беретін орталықтардың жұмысын «Талдықорғанжылусервис» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Манархан Ахымбеков таныстырды. Басшының сөзінше,  шаһар  халқын  жылумен қамтамасыз етуді 10 қазандық атқарады. Олардың бесеуі табиғи газға қосылып, облыс орталығының экологиясын жақсартуға елеулі үлес қосып отыр. Қалған қазандықтарды кезең-кезеңімен көгілдір отынға қосу  жұмыстары қолға алынуда. Атап айтқанда, екі қазандықтың жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалуда. Осыған  сай  қаладағы 8 қазандық табиғи газға ауыстырылады. Жалпы ұзындығы 180 шақырымға тең жылу жүйесі Талдықорған қаласындағы 700-ден астам көпқабатты нысан  мен 1200 жекеменшік үйге жылу жеткізеді.

Мұнан кейін депутаттар Талдықорған гуманитарлық-техникалық колледжіне барды. Сенаторларды қарсы алған оқу орнының директоры Әсет Жұмаділов колледждің жұмысымен таныстырды. Оның айтуынша, 400 балаға кәсіптік білім берумен айналысатын оқу орынның жанында жиһаз цехы мен заманауи баспахана жұмыс істейді. Жыл сайын оқу бітірген 150 бала әр саланың жұмысын жандандырып, бір-бір мамандықты меңгеріп шығады. Дегенмен, қазіргі жастардың көпшілігі ауыр еңбектен қашып, блогер, тик-токер болғысы келеді. Бұл бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Осындай келеңсіздікті болдырмас үшін ұстаздар қауымы өскелең ұрпаққа дұрыс тәрбие беруі керегін айтқан Сенат депутаттары гуманитарлық-техникалық колледж ұжымымен кездесіп, жұртшылықтың пікірін тыңдады.

Қаланың тынысымен танысуда халық қалаулылары облыс орталығының оңтүстік-батысындағы  8-9-шағын аудандарында салынып жатқан көпқабатты үйлердің инженерлік желілік құрылысын да көріп қайтты.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ


ПІКІР ЖАЗУ