Қазыналы қария Құлтай НҰРҚАЛБАЙҰЛЫ

0
540

Құлтай НҰРҚАЛБАЙҰЛЫ – 1943 жылы 15 наурызда қазіргі  Көксу ауданы Қаражарық ауылында дүниеге келген.  1950 жылы Көксу бекетінде орыс мектебіне барып, 1958 жылы 7 сынып бітірген соң Лепсинск кітапхана техникумына оқуға түскен. 1961-1967 жылдары Қаратал ауданының мәдениет бөлімінің аға инспекторы,  1970 – 1978 жылдары Талдықорған қаласы №174 орта құрылыс кәсіби техникалық училищесінде тарих және қоғамтану пәнінен ұстаз, директордың оқу тәрбие жөніндегі орынбасары одан кейін директоры  қызметтерін атқарған. 1978 жылдан бастап 1999 жылға дейін Талдықорған облыстық тұтыну қоғамдар басқармасының кадр бөлімінің аға инспекторы, ұйымдастыру кооперативтік бөлімінің бастығы болып зейнетке  шыққан…

Қарттыңда  қарты бар. Аузы дуалы  баяғының билеріндей бітім жасайтын қартты көргенде көңілің көктемдей жадырап қалады. Шежіре таратса түптаңнан тартып, жеті түгілі он екі атаға дейін таратып беретін ақсақал абыздарды көзіміз көрді… Алпысқа жетпей алжып  аузынан сөзі, үстінен бөзі түскен қарияларды  да, көріп жүрміз. Қарияныңда қариясы бар деп отырғанымыз сол. Әсіресе бүгінгі қоғамда қариялардың жалтақтығын көргенде  көңілің су сепкендей басылады. Әкім қаралардың алдында шыбындаған жылқыдай бас шұлғып, айдауына жүріп, айтқанына көніп, солар берген шапанға оранып, конвертіне масайып, бала-шағасына қызмет сұрап, ақсақалдар алқасының төрағасы  болған  қариялардың  халық  алдындағы  беделі, бетегеден биіктей қоймағанын ел біледі. Қара қылды қақ жарған, қара тілін қамшыдай сілтеген қара шалдар бүгінде некен-саяқ.  Ондай қариялардың, ақсақалдардың қоғамда, отбасы ошақ қасында алатын орны қашан да ерек. Қарияның ақылын, өсиетін, терең мағыналы әңгімелерін тыңдап өскен баланың болашағынан зор үміт күтуге болады. Себебі, үлкеннің ақылын бойына сіңіріп өсірген бала аяғын шалыс басып, жаман қадамға бармасы анық.

Кеңес одағының батыры, жазушы, Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, әскери қолбасшы, стратег және тактик Бауыржан Момышұлы жасы үлкен қарттарды  шал, қария, ақсақал және абыз деп төртке бөліп  қарастырған екен. Отбасы ошақ қасынан ұзап шыға алмай түтін аңдып, үй аралап, саяси өсек айтатын қартты – шал. Өз әулетін шашау шығармай уысында ұстап, билік жүргізген қартты – қария,  тұтас бір ауылдың жыртығын бүтіндеп, айбынын асырып отырған қартты – ақсақал,  елдің дау-дамайын шешіп, арғы-бергі тарихтан әңгіме қозғап, тұла бойына ұлттық рух, ізгі қасиеттерді молынан сіңірген қартты – абыз деп атаған. Бүгінгі мақала  авторы  Құлтай  Нұрқалбайұлы  да,  сол  Бауыржан  батыр  айтқан  абыз ақсақалдың  қатарына  жатады. Сексеннің  сеңгіріне  шықса да  жүрісі ширақ, көкірегі  қазынаға толған абыздың мінезі жыл-құйрықты жылқыдай. Айтарын ірікпей айтып, батыл сөйлейтін туғанына да, туысына да, тартпайтын турашылдығы кесікін-келбетінен көрініп тұрады.

«Көп жасағаннан сұрама көпті көргеннен сұра» демекші Құлтай ақсақалға қарап,  ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең деген осы ғой деп сүйсінесің. Қартайдым, қажыдым деп жүрген Құлтай қарияны көрмейсің, қашан көрсең қолтығында бума-бума газет, кітап арқалап жүргені. Жетісу өңірінің тарихын одан жетік білетін адам әй жоқ шығар-ау! Ол кісі тарихты біліп қана қоймай оқығанын, көкірегіне тоқығанын кітап етіп жазып, құлаш-құлаш мақала жариялап, газет баспаханасының табалдырығын тоздырып жүреді. Бүгінде жазушы, тарихшының үйінде он мыңнан аса кітап қоры бар екен. Ақпарат құралдарына жиі талдау жасап, баспадан шыққан кітаптардың тігіндісін, қыздың жиған жүгіндей ұқыптап жинап жүрген қарияны іздемейтін адам жоқ.

Баспасөз архивтерден керек жарағын таппаған оқымыстылардың талайы өздеріне қажетті материалдарды осы Құлтай қарияның  үйінен  табады. Тарих десе жанын жалдап, түп тамырын қазып, талдап-талдап  мақала жазудан Құлтай ақсақал шаршаған емес.  «Кәрілік деген сайтанның құрығы түсті мойныма» деп жырау жыршы  Нартай  Бекежанов ақын айтқандай сары сүйек ақсақалдың құлағының сәл мүкістігі болмаса, тарих пен ауыз әдебиетке салсаңыз ертеден кешке дейін шапқан жүйріктей жүйткиді. Аңыз әңгіме, ел-жердің тарихын айтқанда, тыңдаушысын айрандай ұйытып тастайтын қасиетіне алғырлығына тәнті боласың.

Тек қана Жетісу тарихы емес осы өңірден аты шықан  батырлар мен ақындар жайлы әңгіме қозғағанда жан-дүниеңді тербетеді  ғой! Арғы тарихты былай қойғанда қарияның ұқыптылығы сондай айтулы  батырларға,  ақындарға арналып өткізілген республикалық ақындар айтысын жыйнақтап жүргенін айтқанда, айтыскер менің өзім қысылып қалғанмын. Ақсақалдан  осыншама дүниені көз майын тауысып жинақтап, кітап жасап жарыққа шығарып жүргенін әкім-қаралар білеме деп сұраған едім «Білсе білсін, білмесе қойсын. Экс әкім Амандық Баталовқа талай айттым. Тек кітаптың жарық көруіне көңіл бөлді, ары қарай мойнын бұрыпта қараған жоқ. Біле білсе  бұл өз өңіріміздің тарихы, ол тарихтың ішінде өзі де бар», – деп қынжылысын білдірген еді.

–  Мен  тарихшы болғандықтан Алматы облысының барлық аудандары мен қала әкімдігінің тіпті архивтен табылбайтын құжаттарын жинақтап қойғанмын. Алғашында Талдықорған облысы болған кезден бастап, қай уақытта кім  әкім  болды  оның орынбасары кім болды деген сұрақтарға жауапты менің жинаған құжаттарымнан табуға болады. Жетісу облысының тарихы, осы өңірде құрылған басқармалар, тағы да басқа өңіріміздің маңызды деген дүниелерін саралап, сақтап қойғанмын. Маған архивтен де хабарласып тұрады. Өздері таба алмаған құжаттарды қолқа салып сұрап алады. Мен де олардан жазылмай қалып қойған жазбалар болса сұрап, құжаттарымның қатарын көбейтіп тұрамын. Мысалы облыс 1997 жылы 22 сәуірде құрылды. Осы жылдан бастап әр ауданда  кімнің қай уақытта әкім болып сайланғаны  нақты уақыттарымен көрсетіліп жазылған. Ең көп сайланғаны Көксу ауданының әкімі болса, ең аз сайланған ұйғыр ауданы, үш қана әкім. Осы сияқты  әкімдікті ғана емес, ауылшаруашылығы бойынша басқа да  салалар бойынша билікте кімдердің қай уақытта келіп, қай уақытта кеткендері жөнінде барлық дерек менде бар.

Одан бөлек 1994 жылдан бері ардагерлердің де тізімдері бар. Оның барлығын жаттап жүру мүмкін емес. Сондықтан керек кезде көріп,  білу  үшін  барлығын осылайша  сұрыптап,   жазып   сақтап  қою  керек, – дейді  Құлтай ақсақал.  Осыдан кейін  ұқыптылық деген не десе Құлтай қарияның жиған-тергенін көрсетуге болады. Архивте жоқ, құжаттарды қаптап, өз кітапханасында  сары  майдай сақтап отырған қазыналы қарияға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Тек осы алғысты редакция алқасы емес, әкім-қаралар айтып, қарияны ардақтап  жандайшаптарға жауып жүрген оқалы шапанды Құлтай қарияға жапса, сыңарынан айрылып мұңайып жүрген  ақсақал да қырандай бір түлеп, отты көздерімен  алысқа бір қарар еді-ау деген ойға қаласың.

Құлтай қарияның ұқыптылғының тағы бір дәлелі, ол кісі қолына алған дүниелерді ұсақ-ірі деп екіге жармайтыны өзгелерге үлгі өнеге болуда. Әр аптаның жұма күні редакцияға соғып, газеттен оқыған мақалаларды талдап сын пікір айтып отырады. Мұның өзі журналистерді қамшылап, үлкендігін көрсетіп, көрегендігін байқатып отырғаны емес пе біле білген адамға. Облысқа  қатысты кез келген дүниелерді құжаттап, шашау шығармай қаптап отырғаны әрбірден кейін аривтегілерге де таптырмас өнеге. Өздерінде жоқ құжаттарды Құлтай қариядан сұрап алып жүрген архив қызметкерлері де қарияға қарыздар.

Тағы бір өзара әңгіме дүкен құрған уақытта бұрынғы «Нұр Отан» қазіргі «Аманат» партиясының да құрылған уақыттан бастап, қазіргі күнге дейінгі барлық өмірбаны барын айтып қалған болатын. Одан бөлек кешегі кеңестік кездердегі  Жетісу комсомолдарының тарихы түгел дерлік барын айтты.1944 жылдан 2021 жылы 4 қараша жабылған уақытқа дейінгі бірінші хатшыларының өмірбаяндары, екінші хатшылары туралы деректер одан бөлек жабылған уақытқа дейінгі барлық деректер жазылғанын тілге тиек еткен болатын. Осы арада әр адамның өмірбаянын қайдан аласыз  дегенімде  «Мен оның әрқайсысын жазып отырмаймын. Өздеріне тікелей барып сұраймын. Өздері маған мөрлерін басып, қолдарын қойып жазып береді. Сол құжатты алып, сақтап қоямын.

Бұндай маңызды құжаттарды аса тиянақтылықпен жинап отыру керек. Маған облыстық архивте өрт болып барлық құжаттары өртеніп кеткеннен кейін хабарласқан болатын. Өздерінде жоқ бірнеше деректерді менен сұратты. Мен де өз кезегімде қолымнан келгенше көмектестім», – дейді.  Құлтай ағаның өмірбаянын қарап отырсақ кеңестік кезеңнің солақай саясаты қарияныда  кері  айналып  өтпегенін аңғаруға болады. Алғашында  еңбек жолын  мұғалімдіктен бастаған қария  бұл салада  бір жыл ғана қызмет істеген. Одан кейін  КПТУ-174 деген орталықта  үш жыл оқып маманданған  диплом алып шыққан екен.

– Сегіз жыл деректордың орынбасары  болып жүрген жерімнен мені директорлыққа сайлаймыз деді. Ол кезде партия ғой сол себептен комсомолдан қоямыз деп айтты. Сол уақытта аяқ астынан орыстың балалары мен менің жатақханамдағы қазақ балалары төбелес шығарады. Мен әрине қазақ балаларын жақтадым. Содан мені ұлтшыл деп 1977 жылы партиядан шығарып тастады. Үш жыл бойы облыстық КГБ-дағы полковник Шыңғожанов менің ісіммен айналысты. ССР-дің дүрілдеп тұрған уақытында ұлтшыл деген  ауыр айыптау болып саналатын. Ісімді облыстық прокуратура алты айдан кейін жауып тастағанда  орыстар қайтадан арыз жазып жіберіпті. Сол уақытта жаңадан прокурор келген болатын.

Мен алты ай жұмыссыз жүрдім. Ол кезде бір ай да жұмыссыз жүруге болмайтын. Сөйтіп не керек  мен сотталатын болдым. Тұрсын Әбдуәлиев менің туған бөлем болатын. Соған жылап бардым. Расымен жыладым. Себебі түрмеге түссем болашағымның қандай боларын кім біледі. Мүмкін осы күнге жетпес пе едім. Ол мені Обкомның бірінші хатшысы Алыбаевқа ертіп барды. Ол істі тоқтатты.  Мен жұмыссыз қалдым. Партияда болмағандықтан  жұмысқа да алмады. Тұрсын Абдуалиев «Октябрь туының» редакторы ғой сол кооперация директорымен қатар отырған кезде ол кісі маған жазушы керек сен редакторсың ғой тауып бер деп қолқа салыпты. Абдуалиев мені ұсынған. Бірақ бір кемшілігі партиядан шығарылған деген. Кооперацияға ешқандай партия керек емес жақсы жазса болғаны деп мені шақыртады.

Сөйтіп мені Бейсенов деген кісіге ертіп барды. Өте қаһарлы, сұсты кісі еді. Мен ол кісіге әлі күнге дейін таңқаламын. Себебі, райкомның директорының да қолынан алмайтын адам мені танымаса да орнынан тұрып қолымды алып, бірден жұмысқа қабылдады. Маған жақсы жұмыс жасасаң бір жылдан кейін бастық жасаймын деді. Менің міндетім оған екі нұсқада баяндама дайындау болатын. Төрт  айдай қиналып жүрдім. Кооператордан ол уақытта «Советкая торговля», «Сов. Потреб Кооперация», «Кооператор Казахстан» деген бірнеше  газеттер шығатын. Бұл мамандықты оқымағандықтан біреуден  сен білмейсін деген сөз естімес үшін үйге барып осы газеттерді бірнеше мәрте қайталап оқитынмын. Өзімді осы салаға бейімдеу үшін біраз іздендім. Сөйтіп төрт айдай  қиналдым. Бір күні жұмыста қабағым түйіліп отырған болуым керек. Неге көңіл күйің жоқ деп сұрады. Аға кеткім келіп жүр деп едім. «Все нормально только на одном варианте пиши» деді. Сөйтіп жұмысым біраз жеңілдеді.

Бір жылға толмай мені бөлім директоры жасады. Сол қызметте 22 жыл жасадым. Одан жоғары қызметке талай мәрте ұсынған болатын. Бірақ партия қатарында болмағандықтан мені мақұлдамады. Бір орында 22 жыл отыруымда сондықтан. Жастайымнан кітапты сүйіп оқитынмын. Осы жұмыстың арқасында 10 мыңнан аса кітап жинадым. Жұмыс бойынша жан жақта жиналыстар көп болатын. Жиналыстарға барамын деп Новосибирскіде, Ленинградта, Москавада, Киевте, Минскіде болдым, – деген ақсақалдың табындылығына, төзімділігіне қайран қаласың.

Әгәрәки  сол тұстағы замандастары соғыспағанда қария партиядан шықпай қызметі өрлеп, үлкен лауазымды қызметтер атқарар ма еді кім білсін!? Тағдырдың маңдайға жазғаны болып, кооператив саласында 22 жыл қызмет атқарған абыз қарияның кітап құмар болып шығуына атқарған саласындағы қызметі дәнекер болса керек. Оған Құлтай ақсақал ренжіп отырған жоқ. Керісінше алғыс айтады. Сол шақта редактор Тұрсын Әбдуәлиев болмағанда, қауіпсіздік комитеті мен прокуратура органы жұмыссыз жүрген Құлтай ақсақалды міндетті түрде жазалайтын еді. Зейнетке шыққанға дейін он мың кітап қорын жинақтаған қария анам қаталдау кісі болды дейді.

Әкем қойшы болған. Жуас болатын. Мені маңдайымнан шертіп көрмеген. Ал анам ұрсатын. Сол кезде мені әкем қорғап алатын. Анам  қойшының әйелі болғандықтан  менің балам  шолақ етек болады деп армандайтын. Шолақ етек деген шолақ жеңді жейде киетін адамдар. Ол кезде ондай жейдені тек үлкен қызметте істейтіндер ғана киетін-ді. Содан ауылдың жанындағы  Көксуда  тұратын жездемнің қолына беріп, орысша оқытты. 1950 жылы орыс мектебіне бардым. Одан кейін үлкен оқу орнына түстім. Алғаш Лепсинсик кітапхана техникумын тамамдадым. Одан кейін С.М. Киров атындағы КАЗГУ-дің тарих факультетін, Қарағанды кооперативтік институтынын сауда бөлімін, сонан соң екі жылдық Марксизм – Ленинизм университетін және соңғы Ленинградта 6 айлық жоғарғы басшы кадрлар дайындайтын курсты оқыдым.

1991 жылы Қанат Асқаров «Октябрь туы» газетінде редактордың орынбасары болған. Сол «Азат партиясын» құрған болатын. Маған  келіп орынбасарым бол деп қолқа салды. Мен бас тарттым. Ешқандай партияға кірмеймін дедім.  Осы жасыма жеткенше өзім тұратын өңірдің маңызды деген, болашақта ұрпаққа керек болады-ау деген барлық құжаттарды, мағлұматтарды жинауға тырыстым, жинадым. Не сұрап келсе де тауып бере аламын. Әкімдіктің құжаттарынан бөлек өңірдегі батырлар, шығарылған газет-журналдардың бірінші нөмірлері, жазушылардың өмірбаяндары, қызметтері мен қатар әр жүздің тарихы тіпті Орта Азияның тарихы бар», — деген Құлтай қария бүгінгі күнге дейін көптеген мақалалар мен еңбектер жазған.

«Әр жылдары әр түрлі өңірлік, республикалық газеттерде мақалаларым жарық көрді. Кейде нақты бір тақырып ұсынып осыған жазсаңыз деп тапсырыспен жаздырғандарда болды. Кейде өзімнің көңілім ауып жазамын. Және 2015 жылдан бері Жалайыр тарихын зерттеп келемін. Сериямен шыққан 13 кітаптың авторымын. Оның ішінде «Қадырғали би Жалайыр — қазақтың тұңғыш тарихшысы»  туралы 8 кітабымнан  басқа да 50 ге жуық тарихи тағылымды мақалаларым бар. «Қадырғали би Жалайыр қазақтың тұңғыш тарихшысы»  атты еңбегімнің 7 кітабы жарық көрді. Сегізіншісі библиографиялық нұсқада тұр. Алдағы уақытта ол да кітап болып шығады. Қаламызда  жақында Қадырғали биге мектептің атын беретін болды соған 1000 кітабымды беремін дедім. Өскелең ұрпақтың кітап нәрімен сусындап, зиялы ұрпақ болып өскенін қалаймын. Тұңғыш немерем кітапқа құмар. Мен таппай жүрген жаңадан шыққан кітаптар болса алып келіп береді.

Менен түрлі жанрдағы кітаптарды алып оқиды. Келіп әңгімесін айтып, жаңалықтарымен бөлісіп отырады», – деген Құлтай қария жары Нағима Жабайқызы туралы аса толғаныспен айтты. 2021 жылы дүние салған жары Нағима апай, Талдықорған қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық кітапханада отыз үш жыл директорлық қызмет атқарған екен. «Жан жарым менің әр ісімді мақұлдап, маған қолдау көрсетіп отыратын еді. Менің алдыма шығып, қарсы сөз айтып көрген емес. Сондай нәзік, жаны жайсаң адам болды, – деп сағынышпен жарын еске алды. Бүгінде бала-шағасының, үрім-бұтағының қызығын көріп отырған қария  «қызым сондай жақсы тамағымды дайындап әкеліп беріп тұрады. Ол да кооператор, қаржыгер маманы. Ұлым медицина саласында қызмет атқарады», –  дейді.

Ерінбей еңбек еткен Құлтай қария түрлі  марапаттарға да ие болған. Атап айтсақ «В.И Ленин туғанына 100 жыл толуына арналған» медалі, «150 лет В.И.Ленина» медалі, «Ұлы Отан соғысының 75 жылдығына» арналған медалі, Мұсабек Сеңгірбаев медалі, «Ветеран труда» медалі, «Өнімді еңбек еткені үшін» ССР-дің  мәдениет  министрінен алынған медаль және Е.Фурцеваның қолы қойылған куәлік, «Отличник потребкооперации ССР» және «Отличник потребкооперации КазССР» төс белгісі мен өзге де 50-ге жуық мақтау грамоталарымен марапатталған Құлтай қария 15 наурызда сексенге толады.

Қазыналы қарияны мерейлі мерекесімен шын жүректен, «Алатау» қоғамдық-саяси газетінің редакция алқасы және «Офсет» баспаханасы шын жүректен құттықтайды.  Ақын Кенен Әзірбаев: «Жасым келді сексенге, екі Кенен тумайды қара жерге ексеңде» деген екен. Сол жыршы, әнші композитор Кенен атамыз айтқандай тарихшы тәлімгер  екі Құлтай тумайды. Жасыңызға жас қосыла берсін Жетісудың абызы! Сіздің мерейлі меркеңізге орай ақын Сағи Жиенбаевтың «Қарттарым аман сау жүрші»  атты жырын  редакция ұжымының атынан өзіңізге арнаймыз!

«Дүниеге келер бір рет

Дария кеуде тау мүсін

Құрыштан құйған құдірет

Қарттарым аман саумысың.

 

Өздерің болсаң жанымда

Ел ісі жомарт еңселі

Дән исі сіңген қаныңда

Даланың бір бір бөлшегі

Арада жылдар жөнкіліп

Алыстап кеттің біртіндеп

Айта алмай ауыз толтырып

Ассалаумағалейкум деп.

 

Өзге менде жоқ тілек

Өздерің көзбен баққаным

Жайлы жер іздеп кетті деп

Жазғыра көрме қарттарым.

Ердім бір сиқыр ғаламға

Шығардым белге жыр көшін

Болғам жоқ алаң даламда

Әулие қарттар жүргесін

 

Жанды ғой бағы даламның

Сендерге қуат дем берсін

Киесі де оның сендерсіз

Иесі де оның сендерсің

Алдымда жүрсе көзімнің

Асылым алтын қазынам

Ауыра қалсаң өзіңнің

Пейіліңмен ақ жазылам

Сағынып талай жыр туар

Мадақтар әлі сан жыршы

Даланың иісі бұрқырап

Қарттарым аман сау жүрші».

А. БҰЛҒАҚОВ.


ПІКІР ЖАЗУ