Көпшілікті терең ойға жетеледі

0
535

Белгілі  актер  Болат  Әбділманов пен Шымкент қаласынан келген «17» жастар театрының өнерпаздары  Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өз  қойылымдарын  қойды. 

Қайырымдылық мақсатында өткізілген кештің шымылдығы қазақ тарихынан сыр шертетін шағын көрініспен ашылды. Онда Ұлы Даланың ойшылы Әл-Фарабиден бастап, Ыбырай Алтынсарин сынды ұлт ұстаздарының ұлағатты сөздері оқылып, Алаш арыстарының сан қилы тағдыры бейнебаян арқылы көрсетілді.  Мұнан соң  рухани кешті ұйымдастыруға мұрындық болған «Жетісу болашақ» қоғамдық қорының негізгі мақсаты таныстырылып, өңірдің өркендеуіне үлес қосып жүрген кәсіпкер азаматтар марапатталды.

Шымкент қаласында құрылып, қысқа уақыттың ішінде көрерменнің көзайымына айналған «17» жастар театры башқұрт жазушысы Айгиз Баймұхамедовтың «Тастамашы, ана» кітабының негізінде жазылған «Жетімдер» қойылымы  көпшілік назарына ұсынылды.

«Жетісу болашақ» қоғамдық қорының ашылу салтанатына арнайы келген сахна саңлағы Болат Әбділманов пен «17» жастар театрының ұжымына алғыс айтқан көрермен өзінің ыстық ықыласын соққан шапалағымен білдірді.

Қойылымда айтылған әр ойды салмақтаған көрермен қауым қайырымдылық кешінен толғанып шықты.

«АЛАТАУ – АҚПАРАТ»


ПІКІР ЖАЗУ