Суицид кеселі өршіп тұр

0
488

Ел ішінде  суицид деген қара түнектің етек алғаны сонша, бүгінде бұл термин  күнделікті қолданысқа  еніп кетті. Атауының өзінде үрей мен қорқыныш толы бұл сөзге  құлағымыз үйреніп қалғандай. Олай  дейтініміз  алып шаһар тұрмақ  кішігірім ауылдардың ішінен аты жаман өлім жайлы жиі құлағымыз шалуда. Суицидтің  дендеп  алғаны сонша, бүгінде жасөспірімдерден бастап, естияр азаматтарға дейін өздеріне оп-оңай қол  салуды әдетке айналдырған. Бұл мәселе  тек Қазақстан ғана емес, бүкіл әлемді алаңдатып отырған проблема. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының таратқан мәліметіне сүйенсек,  жер бетінде жылына миллионнан астам адам өзінің жанын өзі  қияды екен.  Ал,  ТМД елдері арасында өз-өзіне  қол  салудан Қазақстан  үшінші  орында тұр. ҚР ішкі істер департаментінің берген мәліметтеріне көз жүгіртсек, елімізде өмірінің құнын көк тиынға бағаламағандардың саны бүгінде 8 мыңға жуық. Оның басым бөлігі әйелдер екен. Өз-өзіне қол жұмсаудың бүгінгі таңда 80-ге  жуық тәсілі анықталуда. Соның ішінде әлемде кеңінен тарағаны: суға кету, улану, биік жерлерден секіру. Біздің  өңірде де   секіру мен суға кетіп  суицид  жасау  жағдайлары өршіп тұр. Мәселен,  соңғы бір айдың ішінде  қаламызда дәл осы  фактпен  2 суицид  тіркелген. Бірі көпірден секірмек болған 25 жастағы келіншек. Қала  халқын  дүрліктірген  бұл  жағдай  Қаратал  өзенінің көпірінде  орын алды. Өзін-өзі  өлімге  қиған  әйел  көпір  астындағы  құбырларға  ілініп қалған. Сол сәтте  оқиға  орнына  дереу  келген  патрульдік экипаж  мүшелері,  сондай-ақ жергілікті  учаскелік  инспектор   келіншекті  аман  алып  қалады. Ал екінші  жағдайда  49  жастағы ер адам  10-шы  қабаттан  секіріп кеткен.  Бүгінде қалалық  полиция  қызметкерлері  «Өзіне-өзі қол жұмсауға жеткізу»  бабы  бойынша  тергеу  жұмыстарын  жүргізіп жатыр. ПД  баспасөз қызметінің мәліметінше, екі оқиғаның да  себебі   депрессия  мен  түрлі уақытша шешімі қиын мәселелердің алдында дәрменсіздік  таныту…   Дәл  осындай  қиын жағдайларға  тап  болып,  жаны  жараланған  жандарға жақындарының көмегі  ауадай  қажет. Және  дер  кезінде  психологиялық  көмекке  жүгініп  үнсіз  қалмағандары абзал.

Айдана СМАҒҰЛ


ПІКІР ЖАЗУ