Жазғы сауықтыру лагерьлерінің жайы қалай?
Жыл он екі айда жадырап жететін жаз мезгілі ерекше ғой. Әсіресе бұл айды мектеп оқушылары аса бір ыждаһаттылықпен күтеді. Себебі осы мезгілде балалар үшін жазғы сауықтыру лагерьлері есігін айқара ашады.
ЖЕТІСУ облысы бойынша биыл қала сыртындағы 9 жазғы лагерь ашылып, маусым айынан бастап жұмыстарын бастап кетті. Балаларды жазғы сауықтыру лагері бойынша өткізілген брифингте Жетісу облысы білім басқармасының дене тәрбиесі, спорт, алғашқы әскери дайындығы және қосымша білім берудің ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры Айбол Қасенов өңірде 13 мыңнан аса оқушыны жазғы лагерьлермен қамту жоспарланып отырғанын, сондай-ақ, облыстық бюджеттен 622 млн-нан астам теңге бөлінгенін тілге тиек еткен еді. Мұнымен қатар қала сыртындағы лагерьлерге облыстық білім басқармасы тарапынан комиссия құрылып, жазғы демалыс кезіндегі дайындығына, абаттандырылуы, өртке қарсы қауіпсіздік шаралары және санитарлық-гигиеналық талаптарға сәйкестігіне тексеру, бақылау жұмыстары жүргізілгенін айтты.
Облыс бойынша жұмыс істеп жатқан 9 лагерьдің үшеуі Текелі қаласында орын тепкен. Атап айтсақ, «Алтын шажа», «Эдельвейс» жазғы сауықтыру және «Бастау» жазғы тілдік лагерьлері. Аталмыш орындардың жайын көзбен көріп, ондағы тыныс-тіршіліктен хабардар болуда біз Текелі қаласына табан тіреп, сауықтыру орталықтарына барып, ондағы тәрбиешілермен, балалармен тілдесіп қайттық.
Жаз жайнатып, күн күлдіріп, «Алтын шажаға» барамыз
ТАБИҒАТЫМЕН тамсандырған қаладағы жазғы демалыс орындарының бірі «АЛТЫН ШАЖА» сауықтыру лагері. Түс мезгілі таяған шақта барған бізді аға тәрбиеші Алияр Жұмағалиұлы қарсы алып, барлық мәліметтен хабардар етті. Ол жазғы сауықтыру лагерінде 2019 жылдан бері еңбек етіп келеді.
– Текелі қаласындағы №3 мектепте биология және ағылшын пәнінен сабақ беремін. Жазғы уақытта осы жердемін. Алғаш келгенде жай тәрбиеші едім, екінші жыл болды аға тәрбиешілік міндетін атқарып келемін.
Осы лагерьде жұмыс істегелі бері көргенім жыл сайын демалатын балалар санының артуы. Әсіресе биыл бала саны өте көп. Негізі жазғы сауықтыру лагері бір маусымда 250 демалушыны қабылдайды. Әр кезең жеті күнге созылады. Қазір үшінші кезең басталды. Бос орын жоқ, балалар саны толық. Сегіз «жилой коттедж» бар. Сонымен қатар сегіз тәрбиеші, дене шынықтыру, спортқа баулитын маман, музыкант, екі аспаз, медбике және күзетші жұмыс істейді. Бес мезгіл тамақ беріледі. Демалыс орнының қауіпсіздігі үшін барлық жерде бейнекамералар орнатылған.
Лагерь қашан ашылды десек, қателеспесем, 2012 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бұл лагерьді Текелі шипажайы ашқан болатын. Кейін жекеменшіктен қалалық білім бөлімінің құрамына өтті. Қазіргі таңда «Текелі қалалық балалар-жасөспірімдер туризмі және өлкетану орталығы» МКҚК жазғы сауықтыру лагері болып табылады.
БІРІНШІ және екінші маусымда толықтай Ескелді ауданының балалары, үшінші кезеңде 83 бала Ескелді ауданынан, 150 бала Талдықорған қаласындағы №19 орта мектептен келді. Жалпы, мұндағы балалардың дені аз қамтылған, көп балалы отбасыларының және толық, жартылай жетім қалған балалар. Әр кезең 7 күннен деп қарастырылды, себебі тендер бойынша осылай. Жалпы жоспар бойынша 10 күн болуы керек еді. Жеті күннен 8 кезең болып отыр, соңғы ай тамызбен аяқталады.
Лагерьдің күн тәртібі ертеңгі 7:30 — да таңғы жаттығумен басталып, ары қарай әр күннің өзіндік жоспары бар. Сауықтыру лагері болғандықтан орталық Текелі шипажайымен арнайы келісімшартқа отырған. Сондықтан демалушыларды арнайы түскі демалыс уақытында, яғни, 14:00 мен 16:00 аралығында Текелі шипажайындағы тұз шахтасына апарамыз, тамақтары ауырып қалғандары болып жатса, олар үшін де арнайы емдер қарастырылған. Мұндағы әр баланың күнін бос өткізбеуге барымызды саламыз. Бес уақыт берілетін тамақ балалардың жас ерекшеліктеріне сай етіліп жасалады. Лагерьде еңбек етіп жатқандардың бәрі тиесілі еңбекақыларын алады (120-150 мың теңге). Арнайы санитарлық күн де белгіленген. Әр кезеңнің алдында екі-үш күн бұрын тазалау жұмыстары жүргізіліп тұрады, – деген аға тәрбиешіден сауықтыру лагеріне соңғы мәрте қашан жөндеу жұмысы жүргізілгенін де сұрадық. Айтуынша, өткен жылы бұл жайында білім басқармасына арнайы хат жазылыпты.
«Өзіңіз көріп, айтқандай-ақ, лагерьге жөндеу жұмысы қажет-ақ. Үйлер ағаштан жасалғандықтан күнге күйіп, қарайып кетті. Енді бұл мемлекеттік лагерь болғандықтан біздің қолдағы дүние емес қой. Қаржы бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілсе, нұр үстіне, нұр болар еді», – дейді А. ЖҰМАҒАЛИЕВ.
БҰДАН кейін балалар жататын үйлердің ішін, тамақ ішетін асхананы, медбике отыратын бөлмені, қысқасы лагерьдің ішкі және сыртқы көрінісін көзбен көруімізге, балалармен тілдесуге де уақыт таптық.
***
Динара ТАЗАБЕКОВА, Талдықорған қаласы, М. Жұмабаев атындағы №19 орта мектептің оқушысы: «2019 жылы «Эдельвейс» лагерінде болдым. Ал «Алтын шажаға» екінші жыл қатарынан келемін. Осы лагерь маған өте қатты ұнайды. «Эдельвейстен» қарағанда анағұрлым керемет. Бұл енді менің жеке көзқарасым ғой. Мұндағы тәрбиешілерден бастап аспазшыларына дейін мейірімді жандар. Бұйырса тағы келемін деген ойдамын».
Нұрсымбат САҒДӘУЛЕТҚЫЗЫ, Ескелді ауданы, Жалғызағаш орта мектебінің оқушысы: «Лагерьге алғаш келуім. Отбасында жеті баламыз. Мен – екінші баламын. Маған өте ұнап жатыр. Үйден өзім болып алғаш рет шығып тұрмын. Келгелі біраз балалармен танысып, достар таптым. Осындай жазғы сауықтыру лагері көбейе берсін деймін».
Айжібек АСҚАРБЕК, Талдықорған қаласы, М. Жұмабаев атындағы №19 орта мектептің оқушысы: «Осымен екінші жыл қатарынан «Алтын шажа» лагеріне келемін. Маған бұл жер қатты ұнайды. Тамақтарын тойып ішесің, жатын төсектері де ыңғайлы, тәрбиешілері де керемет. Жыл сайын жаңа достар тауып, керемет табиғат аясында демалғанға не жетеді!».
Алина ӘБІЛБАЕВА, Ескелді ауданы, Титов атындағы орта мектептің оқушысы: «Отбасында екі баламыз. Лагерьге бірінші рет келдім. Бұл жердегі әр күніміз өте көңілді өтіп жатыр. Көп қызбен танысып, достасып та жатырмын. Балалардың әрі күнін жақсы өткізуге, оларға керемет көңіл-күй сыйлауға барын салып жатқан тәрбиешілерге айтар алғысым шексіз».
Кәусар ШАКЕР, Талдықорған қаласы, М. Жұмабаев атындағы №19 орта мектептің оқушысы: «Лагерьге алғаш келуім. Өте жақсы сезімдемін, маған ұнады. Бір мектептен біраз бала келдік. Мұндағы әр күн ерекше өтетіне сенемін. Осындай лагерьлердің саны арта берсе екен деймін».
Жанерке ЖАНҒАЗЫ, Талдықорған қаласы, М. Жұмабаев атындағы №19 орта мектептің оқушысы: «Төртінші сыныпты бітірдім. Лагерьге алғашқы рет келдім. Отбасында төрт баламыз. Мен – үйдің үлкенімін. Осында інім екеуміз келдік. Маған ұнап жатыр».
Ерасыл БАЙЖҰМА, Талдықорған қаласы, М. Жұмабаев атындағы №19 орта мектептің оқушысы: «Отбасында төрт баламыз, лагерьге үшеуміз келдік. Осымен екінші жыл келуім. Лагерьдегі әр күн жоспарланған. Сондықтан жақсы демалыс болады деген ойдамын».
«АЛТЫН ШАЖА» жазғы сауықтыру лагерінің тынысымен танысуда талай дүниені аңғарып үлгердік. Тілдескендердің ішінде «бірнәрсені дұрыс айтпай қалам ба, екен» дегендері де болды. Қалай десек те, лагерьдің жұмысы жандануда, тамаша екен немесе өте нашар деп те айта алмаймыз. Алайда кейбір орын алған олқылықтардың алдын алу керек-ақ… Негізінде балалардың жазғы демалысының жақсы өтуіне барын салып жүрген тәрбиешілердің әрбірі лагерьдің жанданып, жаңара түсуін қалайды.
«Эдельвейс» лагерінің құрылтайшысы неге ашуланды?
«АЛТЫН ШАЖАДАН» шығып сол маңға жақын орын тепкен «ЭДЕЛЬВЕЙС» жазғы сауықтыру лагеріне ат басын бұрдық. Бұл түс ауған кез болатын. «Сіздер барғанымен «Эдельвейстіктер» есігін ашып, кіргізе қойса жақсы ғой», – деген «Алтын шажа» лагері қызметкерінің сөзі рас болып шықты. Шынында да, қақпасы құлыптаулы лагерьге кіру мұң болды. Біраз тұрған соң қақпа сыртында жазылған ұялы телефон нөміріне хабарласып көруді жөн көрдік. Осылайша санаулы уақыттан кейін лагерьдің директоры келді. Өзін Мәди Амангелдіұлымын деп таныстырған азамат: «Бұл – жекеменшік лагерь болғандықтан оның иесінен рұқсат алу қажет. Біз мұнда жалдамалы жұмысшылармыз ғой» деген сөзіне орай журналист екенімізді, лагерьдің тыныс-тіршілігі туралы мақала жазсақ деп келгенімізді айттық. Ол болса біраз күмілжіп барып, лагерь туралы қысқаша әңгімеледі. Айтуынша, ол – тарих пәнінің мұғалімі екен. Ескелді ауданындағы Титов орта мектебінде жұмыс істейді. Жазғы каникул болғандықтан лагерьге директор міндетін атқаруға шақырған соң келген.
«Лагерь – 224 орынға арналған. Қазіргі таңда 218 бала демалып жатыр. Оның 150-і Сарқан ауданынан, 70 бала Текелі қаласындағы №1 мектептен келді. Лагерь он күндік бағдарламамен жұмыс істейді» – деген директордан жазғы сауықтыру лагеріне балаларды неше кезеңмен қабылдайтынын сұрағанымызда: «Меніңше, жеті-сегіз кезең-ау деймін» деді.
Бұл жайында Жетісу облысы білім басқармасының қала сыртындағы жазғы сауықтыру лагерьлері бойынша берілген ақпаратта: «Эдельвейс» лагерінің сыйымдылығы 250 орындық, 6 кезең бойынша балаларды қабылдайды» делінген.
«Өздеріңіз білетіндей, лагерь жекеменшік есебінде. Оның құрылтайшысы – Николай Потасов атты азамат. Лагерьдің ашылғанына жиырма жылдай болып қалды. Қателеспесем, 2003 жылдан бері жұмыс істейді. Қазіргі таңда сегіз топ бар. Екінші кезең бойынша балалар демалып жатыр. Бес уақыт тамақ беріледі. Аға тәрбиеші, тәрбиеші, дене шынықтыру маманы, медбике, аспазшылар жұмыс істейді. Бір бөлмеде 14 баладан жатады, ал кемі 4 балаға арналған. Лагерь күндік жоспармен жұмыс істейді» – деген М. Амангелдіұлына лагерьді аралап көріп, балалармен сөйлессек деген ойымызды айттық.
ДИРЕКТОР балалар лагерьге келгенде арнайы медициналық тексеруден өтетіндігін, сырқаттанып, қолдарын жаралап алса алғашқы көмек көрсететін медициналық кабинет те бар екенін айтып, бізге сол кабинетті көрсетті.
Мұндағы екі маманның бірі – фельдшерлік, бірі диеталық медбике міндетін атқарып отыр. Өзін фельдшермін деп таныстырған Қасиет Қапиболлақызының айтуынша, 24 сағат бойына осы жерде екен. Бұл лагерьде осыдан он жыл бұрын жұмыс істепті. «Өткен жылы «Бастау» лагерінде болғанмын, биыл қалаға жақын болғандықтан осы жерге қайта орналастым», – деген фельдшер балалардың денсаулығына баса мән берілетінін, алғашқы көмек ретінде берілетін дәрілердің де бар екенін айтты. Медициналық кабинетте балалар ауырып қалған жағдайда жеке жататын оқшаулағыш бөлме (изолятор) бар екен.
БҰЛ жерден шыққан соң лагерьдегі балалар жататын бөлмелерді аралап көрсек дедік. Өкінішке орай мұндағы барлық бөлмені көріп шығуға құрылтайшы Н. Потасовтың анасы Тамара Сергеевна рұқсатын бермеді. Бізді көргеннен оның жүзі қатуланып: «Бұл не деген бітпейтін тексеріс» деп дүрсе қоя берді. Тіпті айтқан сөзімізді де құлағына қыстырмаған ол: «Балалармен сөйлессеңдер, болған шығар» деп тезірек кеткенімізді қалады.
Ал біз болсақ құрылтайшының ашуына келетіндей не бүлдіргенімізді ұқпай да қалдық. Алғашқыда қабағы қатулы болған директор да мына сөздерді естіп: «Үлкен кісі ғой. Айып етпеңіздер. Өткенде ғана облыстық білім басқармасынан арнайы ескерту алған еді. Көп ұзамай сіздер келіп тұрсыздар. Соның бәріне ашуланған болар», – деді. Қалай десек те бұл еш ақтауға келмейтін әрекет.
* * *
Айдана ЖАҚСЫГЕЛДІ: «Сарқан ауданынан келдім. Келгенімізге жетінші күн. Жақсы демалып жатырмыз. Әр күні әр түрлі ойындар ойнаймыз. Көп достар таптым».
Дәрия ИСАТАЙ: «Лагерьге келгелі жетінші күн, маған ұнап жатыр. Бұл жерде түрлі ойындарға қатысып, өзімді сахнада қалай ұстау керегін үйрендім. Күнделікті қызықты жарыстар болады. Бір күні тауға шықсақ, бір күні қызықты ойындар ойнаймыз. Тамақтары да жақсы».
Аруна СЕРҒАЛЫ: «Біз мұнда күнде би билейміз, эстафеталық ойындар ойнаймыз. Кешке концертке дайындаламыз. Отбасында сегіз баламыз. Мен – жетіншісімін. Текелідегі лагерьге бірінші рет келуім. Үшінші сыныпты бітірген жылы Қапшағайдағы лагерьге барғанмын. Үйімді сағындым. Бірақ қайтқым да келмейді».
Вероника БЕЛОКОБЫСКАЯ: «Маған лагерь ұнап жатыр. Түрлі эстафеталық жарыстар өтеді. Өзім лагерьге алғаш рет келіп отырмын. Үйде үш баламыз. Келгенімізге жеті күн болды. Демалысымыз жақсы өтіп жатыр».
Айша ҚАШҚҰМАРОВА: «Лагерге келіп ерте тұруды үйрендім. Күнде кешке би кеші болады. Маған бұл жер ұнады».
КЕНШІЛЕР қаласындағы біз барған екі бірдей сауықтыру лагері де орталықтан бірнеше шақырымдағы бірінші кардонда орын тепкен. Екі лагерьдің тыныс-тіршілігінде еш айырмашылық жоқ. Екеуіне де жөндеу жұмыстары сұранып-ақ тұр. Таңқалдырғаны: бірі – мемлекеттік, бірі – жекеменшік лагерьлердің бір-біріне қырын қарауы және бір-бірімен етене тығыз араласпайтыны. Құдды бір-бірін жау көретіндей ме?!
…«Эдельвейс» есігін аша қояр ма екен? дегендер «Бастауға» да кіру оңай емес» екенін де тілге тиек еткен-тін. Бірақ….
«Бастауда» бәрі басқаша
«БАСТАУ» жазғы тілдік лагері екінші кардонда орналасқан. Бұл жер ескі алма бақтарының аумағы болып табылады екен. Тау бөктеріндегі лагерьге апаратын жолдың нашар екенін айтқан қалалық таксистер 5 мың теңге төлесек, апарып келетін айтты. Келістік.
Жөндеу жұмысын қажет ететін жолмен арлы берлі теңселе діттеген жерімізге де жеттік. Алайда, тұмса табиғатымен тамсандырған Текелінің таулы бөктерінде орныққан лагерьді көріп, бәрін ұмытып, таң-тамаша кейіпте болдық. Шіркін, таудың саф ауасымен тыныстағанға не жетсін?! Балалар үшін нағыз демалыс осы жерде екен ғой деген ой да қылаң берді санада. Мынадай көркем жерді көрген де, көрмеген де арманда. Қысқасы «Бастауда бәрі басқаша».
Көліктен түскен бетімізде алдымыздан жылы шыраймен қарсы алған лагерь директоры Сәуле Шатанова қойған барлық сауалға жауап берді. Бұдан бөлек балалар жататын бөлмелерді, асхананы, спорттық, концерттік бағдарламалар өткізетін алаңды да көрсетіп, балалармен сөйлесуге жағдай туғызды.
«Орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімімін. Осы жылы лагерьдің директорлық міндетін атқаруға ұсыныс білдірді. Лагерьдің ашылғанына 15 жылдай болды. Алғашқыда 25 баламен, Талдықорған қаласындағы «Бастау» тіл орталығының негізінде тіл оқыту лагері болып құрылды. Бастапқыда мұнда екі коттедж болған екен. Кейін тағы жаңа екі қабатты коттедж салынған. Осылай лагерь сыйымдылығы 150 балаға көбейді. Биыл бес кезең бойынша жұмыс істейміз. Қазір үшінші кезеңнің балалары демалуда. Қаладан келгендерге 7 күн, ал ауылдық балалар үшін 10 күн. 150 баланың төртеуі өз қалталарынан ақша төлеп келгендер, қалғаны көпбалалы, аз қамтылған отбасылардың балалары. Ақылы түрде келгендер үшін бір кезеңнің төлемақысы 40-45 мың теңге.
ЛАГЕРЬ құрылтайшылары – Тен Игорь Викторович және Тен Инна Владимировна. Игорь Викторович апта сайын, кейде күн аралап келіп, осында қонып, балалармен ойнап, жағдайды жіті бақылауда ұстайды. Мұндағы әр күн түрлі бағдарламаға толы. Тәрбиешілеріміз де жалынды жастардан құралған. Сондықтан да барлығы жаңаша қалыпта», – деген Сәуле Ғабдумуталипқызы лагерьде кітап оқу мен тіл үйренуге де кең көлемде уақыт арналатынын айтты.
СОНДАЙ-АҚ мұнда ұялы телефондар балаларға күніне екі сағатқа ғана беріледі. Міне, нағыз демалыс. Табиғаты тамылжып тұрған «Бастау» лагері балаларға күш-қуат, ұмытылмас әсер сыйлауда десек болады.
«Лагерь құрылтайшысының баспаханадан арнайы жасатып алып келген ақшасы бар. Бұл – «Бакстау» деп аталады. Оны тек лагерь ішінде ғана қолдану жарамды. Мәселен, балалар үстелді жинаса бірден бес «бакстау» беріледі, жаттығу жасаса он, солай кете береді. Осылай он күн бойы барлық бала ақша жинайды. Оныншы күні арнайы жәрмеңке өтеді. Бұл күні балалар еңбектеніп тапқан ақшаларына Игорь Викторовичтің арнайы алып келген тәттілерін сатып алады. Осылай әр балаға лагерьдегі күнінің жақсы өтуіне, ерекше көңіл күй сыйлауды басты назарда ұстаймыз», – дейді лагерь директоры.
* * *
ОСЫ орайда лагерьдің тәрбиешісі Анастасияның да ойын білдік.
«Мен – Талдықорған қаласындағы «Бастау» тіл орталығында ағылшын тілінен сабақ беремін. Лагерьде тәрбиеші болып жүргеніме биыл үшінші жыл. Мұнда да ағылшын тілінен сабақ өткіземіз. Өзім мектепте оқып жүрген шақта осы лагерьде демалған болатынмын. Қазір жұмыс жасап жүрмін. Лагерьді ашқан Игорь Викторович – өте білікті де білімді азамат. Біздің басқа лагерьден өзгешелігіміз ойын түрінде сабақ өткіземіз. Яғни, балаларды жалықтырмас үшін ағылшын тілін түрлі ойындар арқылы үйретуге тырысамыз. Балалар демалып қана емес, тіл үйренуге деген қабілеттерін дамыта алады», – дейді ол.
* * *
Назар ӘЗІМБЕКҰЛЫ: «Сарқан ауданының Алмалы ауылынан келдім. Жасым 11-де, лагерьге бірінші рет келуім. Бәрі жақсы, бірақ берген тамақтарына тоймай қаламын. Үйде қалағанша ішесің ғой».
Азиза РҮСТЕМҚЫЗЫ: «Мен де Алмалы ауылынан келдім. Үйде бес баламыз. Барлығы ұнап жатыр. Әсіресе ойын арқылы шет тілін үйренуге уақыт бөлінеді».
Каусар СМАҒҰЛОВА: «Лагерьге алғаш рет келіп тұрмын. Мұнда күнде кешкілік би кеші ұйымдастырылады, күнделікті түрлі бағдарламалар ұйымдастырылады, тамақтары да өте дәмді. Келгелі бері көп дос таптым».
БІЗ барған жазғы сауықтыру лагерьлерінің жайы осындай… Мәжілістің жалпы отырысында депутат Дәулет Мұқаев балалар лагеріне қатысты мәселені көтерген еді. Халық қалаулысының сөзінше соңғы жылдарда балалар лагері назардан тыс қалған сала болып отыр. Айтуынша, балалар лагері бүгінгі таңда пайда табудың негізгі көзіне айналған. Жаз шықса болды, интернет пен әлеуметтік желіні жаулаған түрлі лагерь жарнамалары көз тартады. Бірақ, бұл лагерьлердің ұйымдастырушысы кім, лагерьдің идеясы қандай, қандай бағдарламаны қамтитыны ешкімді қызықтыра бермейді. Неге десеңіз, қазір лагерь ашу үшін тек Төтенше жағдайлар департаменті мен Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасынан рұқсат алу жеткілікті. Өз сөзінде депутат лагерь жұмысын бірыңғай реттейтін заң нормасы және стандарттар енгізілмегенін де айтты.
Шынында да ел болашағын ойлайтын отансүйгіш ұрпақ тәрбиелеу үшін оларға барынша жағдай жасау – біздің басты міндетіміз. Ендеше, балаларға дұрыс көңіл бөлу – кезек күттірмейтін мәселе екенін естен шығармаған жөн-ақ. Бұл туралы сіз не дейсіз, көзі қарақты оқырман?!
Сарби ӘЙТЕНОВА
Айдана СМАҒҰЛ
ТАЛДЫҚОРҒАН –ТЕКЕЛІ