Кәсіпкер жасаған сабын Қытайда сұранысқа ие
«Бір ауыл – бір өнім» жобасы финалистерінің бірі — жетісулық Нұржәнет Ердәулет үй шаруашылығында шеберхана ұйымдастырып, саумал, қымыз, айран, бал, жануар майынан ата-баба әдісі бойынша сабын шығарады.
Кәсіпкердің айтуынша, өзгеден ерек ерекше сабын халықтық косметиканың бір түрі болып табылады.
«Сабын жасаудың ежелгі әдісін әжемнен үйрендім. Біз Қытайдан Қазақстанға көшкен кезде бұл әдісті заманауи түрде жандандыруды шештім. Сабынға хош иіс, түс беріп, пішінді таңдадым», – дейді Н. Ердәулет.
Жетісу облысы кәсіпкерлер палатасының төрағасы Дәурен Оңалбаевтың айтуынша, кәсіпкер кеңес алу үшін өткен жылы палатаға жүгінген. Кәсіпкерлікті дамыту орталығында оған қажетті көмек пен қолдау көрсетілген. Қазіргі уақытта Нұржәнет ханым Ақсу ауданында іс бастап болып, косметикалық сабын өндірумен шұғылданады. Ол жылда «Қорғас» ШЫХО халықаралық көрмесіне қатысады.
«Сабын тек біздің елде ғана емес, елден тыс жерлерде де сұранысқа ие. Өнімдерім бірден сатылымға шығып, енді Қытай Халық Республикасынан да тапсырыстар келіп түсуде», – дейді Нұржәнет Ердәулет.
Енді кәсіпкер бизнесті кеңейтуді жоспарлап отыр, бұл жергілікті тұрғындарды жұмысқа орналастыруға мүмкіндік береді.
«Біз өз тарапымыздан оған қажетті қолдау көрсетеміз», – дейді Салаларды дамыту жөніндегі басқарушы директорының орынбасары Бекмұрат Мұсахан.
Айта кетсек, көрменің он финалистінен «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысушылардың үшеуі жеңімпаз болады, ал болашақта олардың өнімдерін алға жылжыту бойынша жұмыстар жүргізіледі. Сондай-ақ консультациялық сүйемелдеу, республикалық деңгейде насихаттау жүзеге асырылады.
Сарби ӘЙТЕНОВА