«Жетісу ұстазы» байқауының жеңімпазына автокөлік берілді

0
298

Талдықорғандағы І.Жансүгіров атындағы Мәдениет үйінде Мұғалімдер күніне арналған салтанатты шара өтіп, облыс әкімі Бейбіт Исабаев бірқатар ұстаздарға марапаттар тапсырылып, «Жетісу ұстазы» байқауының жеңімпазына автокөлік сыйға тартылды.

 Мұғалімдерді кәсіби мерекелерімен құттықтаған облыс әкімі Бейбіт Исабаев педагогтардың қоғамдағы рөлі жайлы қысқаша айтып, қолға алынған іш-шаралардан да хабардар етті.

Мұғалімдік  адамның жүрек қалауымен келетін мәртебелі мамандық. Педагог болашақ азаматтарды ғана емес, бүкіл қоғамды тәрбиелейді. Ұғымтал ұрпақ, зерделі жас, адал азамат ұстаздың тәлімімен қалыптасады. Соңғы жылдары мұғалімдердің қоғамдағы мәртебесі заң жүзінде айқындалып, жалақысы едәуір өскенін жақсы білесіздер. Биылғы оқу жылының басынан балабақша тәрбиешілерінің де еңбек ақысы 30 пайыз  көтерілді. Бұл – балалардың алаңсыз білім алуына, мұғалімдердің әлеуметтік, моральдық және материалдық жағдайын жақсартуға мемлекеттің ерекше назар аударып отырғанының айқын айғағы,  – деді облыс басшысы. Осы орайда ардагер ұстаздар мен бүгінгі күні дарынды шәкірттер тәрбиелеп жүрген озат мұғалімдердің бірқатарының есімдерін атап өтті.

Сонымен қатар облыс әкімі Мемлекет басшысының  республикалық педагогтар съезінде айтқан басты бағыттарына да ерекше екпін түсірді. Атап айтқанда, педагогтарға қысым көрсетуді тоқтату, қайта ата-ана, мектеп, жалпы қоғам тарапынан қолдау көрсету, балаларды игі бастамаларға талпындырып, инновациямен жұмыс істейтін мұғалімдердің жетістіктерін насихаттау, кәсіби шеберлігі мен озық тәжірибесін кеңінен тарату туралы айтты.

Жылы лебізінен кейін аймақ басшысы білім саласының қызметкерлерін марапаттады. Салтанатты жиында педагогтарға облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаты, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің салалық марапаттары табысталды. Сондай-ақ «Еңбек ардагері» медалін Самархан Абдилдинов, Майра Ақанбаева, Заир Атабаев, Ләззат Базарқұлова, Парида Бекмұратова, Жакен Бершімбекова, Күлшар Букабаева, Бақытгүл Кәрібекова, Күлжамал Көптілеуова, Махаббат Чуйкенова, Несіпбала Молдабековалар кеудксіне тақты.

Өз кезегінде облыстық «Үздік сынып жетекші» байқауының жеңімпазы Панфилов ауданы Ш. Уәлиханов атындағы орта мектебінің 9 сынып жетекшісі Жанар Кегенбаева 1 млн. теңгелік сертификатқа ие болды. Оған «Үздік балабақша», «Үздік ауыл мектебі», Үздік кәсіптік білім беру ұйымы», «Үздік қосымша білім беру мекемесі» байқауларының жеңімпаздары қараталдық «Балбөбек» балабақшасына, Көксудан Жетіжал орта мектебіне, Талдықорған жоғары политехникалық колледжіне, көксулық «Өнер мектебіне» 1 миллион теңгенің сертификаты  табыс етілді. Ал «Жетісу ұстазы» байқауының жеңімпазы Сарқан ауданы №1 мектеп-гимназиясының биология пәнінің мұғалімі Іңкәр Рахмановаға автокөлік сыйлады. Саналы ғұмырын білім саласына арнап келе жатқан әулеттер арасында өткен облыстық «Ұстаздар әулеті» байқауының жеңімпазы саналған кербұлақтық Байғалық  әулеті «Ұлағат жолындағы  ұстаздар» аталымы бойынша, талдықорғандық Жапақовтар әулеті «Ұстаздықты ұлық тұтқан әулет» аталымы бойынша, жаркенттік Үмбетовтер әулеті «Өмірін ұстаздықпен өрнектеген әулет» аталымы бойынша мерейленіп, әрқайсысы 200 мың теңгенің сертификатына ие болды.

Еңбегіне қарай ел ықыласына бөленгендердің мерейлі сәтінен кейін Астана қаласында өткен республикалық педагогтар съезінің делегаты, №28 ІТ лицейі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Индира Байғожина сөз алып, ұлағат пен ұстаз тұрғысында тағылымды ой қозғап, лебізін  білдірді.

Салтанатты шара соңы облыс өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

 

 

Жетісу облысы әкімінің

баспасөз қызметі.


ПІКІР ЖАЗУ