ЕСКЕЛДІ АУДАНЫНДА ҰБТ-ҒА 414 ТҮЛЕКТІҢ 274-І ҚАТЫСАДЫ

0
284

Көзді ашып жұмғанша 2024 жылғы оқу жылы да аяқталды. Соңғы қоңырау соғылып, мектеп бітірушілер алтын ұяларымен қимай қоштасып, өзге оқушылар жазғы демалысқа шығады. Жетісу өңірінің Ескелді ауданында 30 білім беру мекемесінің 19 орта (оның ішінде бір гимназия), 6 негізгі, 5 бастауыш мектеп жұмыс жасайды. 13 қазақ, 17 аралас мектеп бар, ал аудан бойынша 9 мыңнан астам бала білім алуда.

«Баламды медресеге біл деп бердім» деп данышпан Абай айтқандай, ата-ана үшін ұрпағының білімді, тәлімді-тәрбиелі болуы аса қажет. Сол үшін балаларының заманауи үлгіде білім алғанын қалайды. Қатарынан қалмасын деп оқығанын, білімді санасына тоқығанын талап етеді. Ұстаз да, ата-ана да баланың тәлім-тәрбиесіне тікелей жауапты. Бұл жайында қуанатын да, қуаратын да жағдайлар бар. Баланың білімді мектепте қаншалықты игеретініне ұстаздың бала оқытудағы тәжірибесі үлкен рөл атқарады. Бір сыныпта отызға жуық оқушы бар болса, «құйма құлағы», «ақпа құлағы» тағы бар. Ұстаздың да еңбегі жанып, ата-ананың да абыройын асқақтатқан оқушы мектептің, қала берді ауданның, облыстың мақтанышы. Оны түрлі білім жүйесіндегі облыстық, республикалық байқаулардың нәтижесінен көруге болады. Әртүрлі пәннен дара шапқан жүйріктер тіпті халықаралық байқауларда топ жарып жүр.
Бүгінгі қоғамда мемлекеттік және жекеменшік мектептер арасындағы бәсеке қыза түскен. Жағдайы көтергендер балаларын ақылы мектептерде оқытса, жоғары сыныпқа өткен балаларын түрлі ақылы курстарда оқытып жүрген ата-аналар да бар. Мектептегі ұстаздар мен оқушыларды оқу жылы бастала салысымен тоқсан сайын БЖБ, ТЖБ тапсыру қажытып жіберген. Бұл тек қана Ескелді ауданына ғана қатысты емес, республиканың барлық мектебіне тән құбылыс.
Міне, оқу жылы да аяқталды, білім ордаларындағы басты мәселе мектеп бітіретін түлектердің ҰБТ-дан сүрінбей өтіп, алтын белгіге, үздік аттестатқа үміткерлер өз білімдерін дәлелдеу керек. Осы арқылы ғана әр мектептің білім дәрежесі сараланады. Бұл аудан, қала және облыстың білім саласының көрсеткішін көрсетеді.
Оқу жылының аяқталуына орай ақпарат құралдарының нысанасына ілігіп тұрған білім жүйесі жайлы қалам тербеуде Ескелді ауданының білім бөліміне хабарласып, ауданның білім көрсеткіші туралы ақпарат сұраған едік. Білім бөлімі берген ақпаратқа сүйенсек, 2022-2023 оқу жылында 425 түлек мектеп бітіріп, оның 304-і ҰБТ тапсырған, 18 оқушы «Алтын белгі» төсбелгісін алса, 31 бала «Үздік аттестатқа» ие болып, өз білімдерін дәлелдеп шыққан. Өткен жылы ҰБТ-дан орташа балл – 75,1 болса, ұлттық бірыңғай тестілеуден өткен 304 оқушының 226-сы мемлекеттік грантқа ие болған. Ал 2023-2024 оқу жылын 414 түлек аяқтамақ, оның 274-і ҰБТ-ға қатысады. Бұл түлектердің арасында 6 оқушы «Алтын белгі» төсбелгісіне үміткер болса, 37 оқушы «Үздік аттестат» иегерлері. Осы үміткерлер сынақтан сүрінбей өтіп, өз білімдерін дәлелдей алса Ескелді ауданы үшін үлкен абырой. Олимпиадалық жарыстардағы көрсеткішке жеке тоқталар болсақ, ауыл олимпиадасының республикалық кезеңіне қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша Алдабергенов атындағы орта мектебінің 10-сынып оқушысы Мерей Жандосқызы қатысып, жүлделі 3-ші орын иеленсе, Республикалық жалпы білім беретін пәндер бойынша 9-11-сыныптар арасындағы олимпиадада Бақтыбай Жолбарысұлы атындағы орта мектебінің 11-сынып оқушысы Зере Кеңесқызы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен жүлделі 3-ші орын, Шестаков атындағы орта мектебінің 10-сынып оқушысы Таисия Домаева орыс сыныбындағы қазақ тілі пәнінен жүлделі 3-ші орын, Республикалық жалпы білім беретін пәндер бойынша 5-6-сынып олимпиадасынан Ж.Жақыпбаев атындағы орта мектебінің 5-сынып оқушысы Арайлым Ербайытқызы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен 3-орын, «Ел Үміті Talent» онлайн Республикалық физика олимпиадасына Ш. Уәлиханов атындағы орта мектеп-гимназиясының 8-сынып оқушысы Кәусар Әбдіғали қатысып, жүлделі 3-ші орын, жалпы білім беретін орта мектеп оқушыларының зерттеушілік жұмыстары мен шығармашылық жобаларының республикалық «Зерде» конкурсының қорытынды кезеңіне Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп-гимназиясының 7-сынып оқушысы Құндыз Халықова, Титов атындағы орта мектептің 4-сынып оқушысы Ералы Қазбек қатысып, жүлделі 1-ші орын, Президенттік олимпиаданың бірінші өңірлік кезеңіне 24 оқушы қатысса, іріктеу кезеңінде Бақтыбай Жолбарысұлы атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы Әли Аян 1-ші орынға, 11-сынып оқушысы Даяна Дүйсебаева 3-ші орынға ие болған. Облыстық пән олимпиадасынан 17 оқушы, облыстық байқаулардан 52 оқушы жүлделі орындарға ие болған. Бұдан бөлек, «Елбасы Медалі», Пән олимпиадасының Республикалық кезеңінде «Алтын медаль», Республикалық «Дарын» ғылыми жоба жұмысынан, Республикалық Абай, Шәкәрім оқуларынан, Республикалық 5-6-сынып оқушылары арасынан пән олимпиадасынан жүлделі орын алған мектеп түлектері бар.
2022-2023 оқу жылында Ескелді ауданы Жетісу облысы бойынша білім саласы бағытында «Ең үздік аудан» номинациясын иеленді. Аудан бойынша білім көрсеткіші 2022-2023 жылы – 63,1%. Биылғы оқу жылында аудан бойынша білім көрсеткіші – 63,7 пайызды құрайды. Жалпы облыс бойынша Ескелді ауданының білім саласы қай орында тұрғаны оқу жылы аяқталып, түлектер сынақтарын тапсырып біткенде, балапанды күзде санағандай мерзімде белгілі болады.
Көкейкесті мәселенің бірі – елді мекендердегі ауыл мектептерінде кадр мәселесінің түйіні әлі тарқатылмай келеді. Оқу бітірген жас мамандардың көбі қалалы жерде түрақтағысы келеді. Мәселен, қала мектебіне бір логопед, екі психолог қажет болса, мектептерде екі логопедтен ұстап отырғандары бар. Себебін сұрасаңыз «бірі декреттік демалысқа кеткенде алынған» дейді. Өзге өңірлерге тән өзекті мәселе Ескелді ауданында да бар. Аудандық білім бөлімінің басшысы Мұрат Бектұровтың айтуынша, математика, орыс тілі, логопед, дефектолог мамандары аса қажет.
Соңғы үш жылда «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 60 педагогке сұраныс берілсе, соның 40-ы жұмысқа алынған. 28 мұғалім көтерме жәрдемақы және тұрғын үй алу үшін 12 мұғалім бюджеттік кредиттеу алған. Ал 2023 жылы осы бағдарламаға қатысу үшін 86 педагогке сұраныс беріліп, оның ішінде 24 мұғалім тұрғын үй және 40 педагог бюджеттік кредиттеу алған. Биылғы 2024 жылға осы бағдарламамен 89 педагогке сұраныс берілген.
Жалпы аудан бойынша 1288 педагог қызмет атқаруда. «Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтерін лауазымға тағайындау, лауазымнан босату қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 21 ақпандағы № 57 Бұйрығына сәйкес 39 педагогикалық қызметкер жұмысқа тартылыпты.
Білім бөлімінің басшысы Мұрат Мұхтарұлы педагогтар НОБД электрондық жүйе арқылы жұмысқа қабылданатынын да тілге тиек етті. Оның сөзінше, білім саласындағы мұғалімдердің 94 пайызы жоғары білімді, 168-і жас маман, соның ішінде 2 педагог-шебер, жалпы үлесі 21 пайыз, 2-ші санаттағы 1 басшы, 3-ші санаттағы 8 басшы, жалпы – 36 пайыз, 2-ші санаттағы 3 бірдей орынбасар, 3-ші санаттағы 19 орынбасар бар. Мемлекет тарапынан білім саласына көңіл бөлініп келеді. Жас ұрпақты тәрбиелеуде өлшеусіз үлес қосып жүрген мұғалімдердің санатын әрі жалақыларын көтеруде атқарылып жатқан істер бірізге түскен. Бұл бағытта Ескелді ауданы бойынша білім саласындағы мұғалімдердің де қосқан үлесі бар.

А. БҰЛҒАҚОВ.  


ПІКІР ЖАЗУ