ГАЗДАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ 2030 ЖЫЛЫ АЯҚТАЛАДЫ

0
238

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев экологиялық ахуалға байланысты жергілікті әкімдіктерге қуаттылығы 700 мегаватт болатын қосалқы стансалардың құрылысын жеделдетуді міндеттеген-ді. Оның басты себебі қалаларды ластанудан құтқарудың төте жолы, бюджеттен қомақты қаржы бөлінген қаланы газдандыру жұмыстарының қарқынын баяулатпау. «2019 жылы «Сарыарқа» газ құбырының бірінші кезегі аяқталды. Әкімдіктің міндеті – 300 мыңнан астам адам тұратын елді мекендерге газ тарту. Қазір тек 8 мың абонент қана газбен қамтамасыз етілді. Газдандырудың баяу қарқынына байланысты экология нашарлап жатыр. Аязды күндері қаланы қалың түтін басады», – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев.

Бұл жағдайды тез арада өзгерту керек деп Үкімет пен әкімдік газдандыру жұмыстарын күшейтіп, мерзімінде аяқтауды «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, елорданы қажетті көлемдегі газбен қамтамасыз ету мәселесін шешуді тапсырғанды. Сондай-ақ, Республика бойынша көгілдір отынға қол жеткізу үшін азаматтардың газ кіргізу құны да арзан емес (екі миллион теңге). Бұл жағдай барлық аймақта қалыптасқан. Сондықтан бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне Үкіметпен бірлесе отырып халық үшін газды қосу бағасының ашық әрі түсінікті болуын қамтамасыз ету бойынша нақты ұсыныстар енгізуді тапсырған болатын.
Жетісу өңірін газдандыру жұмысы экс әкім Серік Үмбетовтің тұсында басталып, мұны Аңсар Мұсаханов жалғастырды, Амандық Баталов ары қарай қолға алған болатын. Алайда, газдандыру жүйесі әлі жалғасып келеді. Шалғай аудандарды айтпағанда облыс іргесіне тиіп тұрған Текелі қаласын газбен қамту биылғы жылдың аяғында аяқталады деп күтілуде. Талдықорған қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше қаланың сыртындағы саяжайларға әлі газ құбыры тартылмаған. Себебі бас жоспар бекітілмеген.Сондықтан Үкімет бекіткен «Тұрғын үй алабы» мәртебесі берілгеннен кейін саяжайларға су, жол, газ құбырлары тартылуы тиіс. Алайда, саяжайларға баспана салып, онда тұрақтап өсіп-өніп жатқан қаланың есебінде тұратын тұрғындардың сұранысынан кейін Талдықорған қаласының «Қызылтас» саяжайын мекендейтін тұрғындарға су, газ, көпір жол салынды, бұл халықтың сұрауы бойынша жүзеге асырылған.
Талдықорған қаласы әкімінің баспасөз қызметі берген мәліметке сүйенсек, қаланы газдандыру жұмысы 2016 жылдан басталған. Құрылысқа тапсырыс беруші «Жетісу облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» ММ болып табылады. Қалада барлығы 1261,9 км газ құбырының желілері бар (оның жоғары қысым 106,4 км, орташа қысым 637,4 км, төмен қысым 518,1 км жер асты 869,6 км, әуе 392,2). Газ желісімен қамту 90,3 пайызды құрайды. Оның ішінде 35 218 абонент немесе 64% (жеке тұрғын үй 18 008, пәтер 16 808, өнеркәсіп 12, басқалары 390) газ желісіне қосылған. 2024 жылы жалпы 478 техникалық шар берілген (барлық тұтынушыларға тариф: 34,5 тг/м3). Жобаға сәйкес барлығы 54469 абонентті (32341 пәтер, 22128 ЖТҚ) қосу көзделген.
2022 жылы 2106 тұрғын үйді қамтитын 4 жоба құрылысы аяқталып, келесі тұрғын алаптарға газ берілсе, 2023 жылы 5493 үйді қамтитын үш жоба құрылысы аяқталса, «Үйтас» саяжай қоғамына (2537 участок) Жастар-2 тұрғын үй алабына (526 үй), Ынтымақ тұрғын үй алабында 2430 үйге табиғи газ берілген. Ал 2024 жылы 780 үйді қамтуға мүмкіндік беретін газбен жабдықтау жобалары іске асырылуда. 22 іске қосу кешені, жобамен 560 газ жәшігін орнату қарастырылса, 2023 жылы «Жастар» жылы Жастар1/1 Солтүстік Батыс т/а Еркін, Көктал, Шығыс, Плодопитомник тұрғын алабына 170 жәшік орнатылған. Оны мердігер МБК «Құрылыс» ЖШС құны 1,2 миллиард теңгеге бағаланғанын, жұмыстың аяқталу мерзімі 2024 жылдың қыркүйек айының соңына жоспарланған. Сондай-ақ, Мойнақ ауылында газ желісін салу және қамтуға мердігер «Алматы Production Constion» ЖШС 2023 жылдың тамыз айынан бастап құны 508,0 миллион теңгеге, ұзындығы 23,9 км болатын жұмысты жыл басынан атқарып келеді. Қазіргі уақытта 2 км газ желісі салынып, 4 км траншея қазу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстардың аяқталу мерзімі 2024 жылдың қазан айына жоспарланған. Мақала басында айтылғандай, Талдықорған қаласындағы саяжайларға қатысты газ желісін тарту жұмыстары да қолға алынды. Қала әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, «жобалық шешім» жүзеге асырылуда. Қала бойынша табиғи газбен қамтылған саяжай қоғамдары: Қаратал – 214, Қызылтас – 1401, Мерекелік – 653, Балықты – 22, Сарыбұлақ – 342, Алмалы – 416, Ащыбұлақ – 896, 1-ші бөлімше, барлығы 3950-ден астам учаскенің «жобалық шешім» ЖШС жобалау ұйымымен ЖСҚ әзірленуде. Болжамды сараптама алу күні 30.05.2024 жыл.
Ал бір пәтерді газға қосу құны есепке алу аспабынсыз 13 мың теңге, есепке алу аспабымен 33,5 мың теңге. Жеке тұрғын үйді қосу құны қазандықсыз – 140-180 мың теңге. Ал қазандықпен 550-750 мың теңге аралығында болады. Жеке тұрғын үйлерден бөлек, көппәтерлі тұрғын үйлерге сұйытылған газ жеткізуді «Тавиди» ЖШС жүзеге асыруда. Тариф – 550 тг/м3. Қала бойынша барлығы 147 топтық резервуарлық қондырғы бар, жалпы көлемі 1832,5 м3 болатын 517 резервуар (сосуд) орнатылған. Жалпы, қалдық құны 191,8 млн. теңгені құрайды (146 мекен-жайы көрсетілген). Сондай-ақ, 60 топтық резервуарлық қондырғының құқық белгілейтін құжаттары бар.
Бүгінгі таңда 147 топтық резервуарлық қондырғының 73 данасы (көлемі 802,5 м3 болатын 242 резервуар) пайдаланылған. Олар 167 көпқабатты тұрғын үйді немесе 7,0 мың абонентке қызмет көрсетеді, жұмыс істемейтін 74 топтық резервуарлық қондырғыны (көлемі 1030 м3 болатын 275 резервуар) демонтаждауға – 42,3 млн. теңгеге сметалық есеп жасалған.
Кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқан газ жұмысы Жетісу өңірінде кестеге сай жүргізілуде. Журналистер үйінде БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз мәслихатында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Айдос Бекетаев: «Жетісу облысында 33 елді мекенге газдандыру жұмыстары жүргізіліп, 327 мың адам көгілдір отынға қол жеткізді. 2024 жылдың соңына дейін тағы 30 елді мекен қосылады. Ол үшін бюджеттен 12 млрд. теңге бөлінді», – деген болатын. Басқарма басшысының айтуынша, биыл жалпы сомасы 26 млрд. теңгеге жуық 42 жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, газдандырудың екінші кезеңімен Ақсу, Сарқан және Алакөл аудандарының елді мекендерін табиғи газбен қамтамасыз ету жоспарлануда.
«Бүгінгі таңда құны 131 млрд. теңгеге, «Талдықорған – Үшарал» магистральдік газ құбыры құрылысының жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленді. Жобада ұзындығы 302 шақырым, 6 АГРС орнатумен магистральдік газ құбырын салу көзделген, бұл 124 мың тұрғыны бар тағы 66 елді мекенді газға қосуды ұлғайтуға мүмкіндік береді», – дейді басқарма басшысы.
Қазіргі таңда облыс орталығы Талдықорған қаласының тұрғындарының басым бөлігі көгілдір отынды тұтынуда. Бұл қала экологиясын анағұрлым жақсартты. Газ құбыры тартылмағанда қала тұрғындары қатты отынды тұтынатын, жылыту маусымы басталғанда қала кеңістігі көк түтінге оранып, қолқаны қабатын. Оның үстіне қатты отынның сапалысы «Шұбаркөл» көмірін екінің бірі ала бермейтін. Бағасы да жоғары әрі тез жанып кетеді деп ел алмайтын. Ал қалған көмірлердің қызуы болғанымен тонна-тонна күл шығарып күйелеш болып жүретін қала тұрғындары газ жүйесі іске қосылғалы бейнеттен арылды әрі қаланың экологиялық ахуалы жақсаруда.
Жетісу облысында барлығы 358 елді мекен бар. Оның 192-сі газ жүйесін орнатуға жатады. Жоспардағы 192 елді мекеннің 33-інде газ жүйесін орнату жұмыстары толық аяқталса, биылғы жылы тағы 30 елді мекенде газ тарту жұмыстары аяқталады деп жоспарлануда. Өңірді толық газдандыру 2030 жылы толық аяқтауға жоспарланған. Қазіргі таңда көгілдір отынмен жабдықтау жұмыстары Ескелді, Көксу, Қаратал, Кербұлақ аудандарында басымдық алып тұр. Мұнда 7 мердігер компания жұмыс жасауда. Олар «Алматы Production Construction & Invest», МБК құрылыс, ТОО «ST.LTD», ТОО «АйТемір-Құрылыс», Жаңа кз, ТОО «Ремстрой», GASENERGY.
Елді мекендерді көгілдір отынмен қамтуда ЕСКЕЛДІ, КӨКСУ аудандарындағы жұмыстар қалай жүргізілуде екенін білу мақсатында өңірлік әкімдіктегі арнайы мамандардан ақпарат сұраған едік. Берілген мәліметке көз жүгіртсек, Ескелді ауданын газдандыру схемасы Алматы-Талдықорған магистральдік газ құбырының аясында жүзеге асуда. 2022 жылы аудан орталығы Қарабұлақтан бастау алыпты.

«Биыл Қарабұлақ ауылында газ жүйесін орнату құны 450 мың теңгені құрады. Жалпы, барлық шығынды қосқанда пеш, батарея сияқты қажетті заттар мен кіргізу жұмыстары осы қаражат есебінен болды», – дейді аты-жөнін көрсетпеуін өтінген ескелділік тұрғын.

 * * *

Аида Абдықалықова, ауыл тұрғыны: «Қарабұлақ ауылында үш жыл бұрын үйге газ кіргіздік. Газ кіргізу құнын есептейтін болсақ керекті материалдар мен үйге тартып беру 670 мың теңгені құрады. Қаражаттың бір бөлігін қолма-қол, ал 400 мың теңгені бір жылға бөліп төледік».

 * * *

Индира Нүсіпбайқызы, Көксу ауданының тұрғыны: «Газды үйге кіргізу құны 800 мың теңге болды. Екі трубаға 250 мың теңге, ал пешті кіргізу құны қымбат немесе арзанына байланысты шықты. Үйімізде бірінші топтағы мүгедектігі бар адам бар. Дей тұрғанмен газ орнатуға жеңілдік болу үшін үй сол кісінің атында болғанда ғана көмек көрсетіледі екен».

* * *

Кенжеғали Аманбайұлы, ауыл тұрғыны: «Үш жыл бұрын газды 650 мың теңге төлеп кіргіздім. Негізі 580 мың теңге болады деп келіскенбіз. Бірақ насос, су жиналатын бөшке және тағы басқа ұсақ-түйектерді қосқанда барлығы 650 мың теңге болды».

Жалпы аудан көлемінде 33 елді мекеннің 28-і 2030 жылға дейін газдандырылады деп күтілуде (Бақтыбай, Жаңалық, Елтай, Өтенай, Сырымбет, Қаратал, Шымыр, Матай Байысов, Ешкіөлмес, Жетісу, Екпінді, Жалғызағаш, Абай, Көкжазық, Қайнарлы, Теректі, Ақын Сара, Ақешкі, Биғаш, Теңлік, Жеңдік, Өркұсақ, Ақтасты, Қоңыр, Көктөбе, Тамбала, Жастар) екен. Ал 28 елді мекендегі халық саны 36 153 адам болса, аулалар саны 11 379 құрайды. Сондай-ақ, Қарабұлақ, Өркұсақ, Екпінді, Алдабергенов, Байысов және Сырымбет ауылдарында газ құбырлары мен газ тарту желілерінің құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталса, Қаратал, Көкжазық Теректі ауылдарында газ тарату желілері жалғасуда. Ағымдағы жылы Ескелді ауданында газ құбырын тарту жұмыстары қарқын алып, Жаңалық, Шымыр, Жетісу, Жастар, Абай, Ешкіөлмес, Өтенай ауылдарында жұмыстар жүргізілуде деген аудан әкімдігіндегілер Алдаберген, Бақтыбай, Матай Байысов, Қарабұлақ, Екпінді, Өрқұсақ ауылдары көгілдір отынмен толық қамтылғанын айтады. Газбен қамтуда Жаңалық ауылында «АйТемір-Құрылыс», Шымыр, Жетісу, Жастар, Абай, Ешкіөлмес ауылдарында «Алматы Production Construction & Invest», Өтенайда «ST.LTD» атты мердігерлер жұмыс атқарған.
Газды қолдану барда оған қатысты сақтық шаралары жайлы тұтынушыларға қауіпсіздік ережелерін сақтауды шаралары Төтенше жағдайлар комитеті мен газ мекемелері бірігіп халыққа ескерту, ақпараттандыру жұмыстарын ұдайы жүргізеді. Ауданның табиғи газбен қамтылу көрсеткіші шамамен 60-70 пайызды құрайды. Жоспар бойынша 2025 жылға дейін елді мекендерді табиғи газбен 100 пайыз қамту қолға алынған. Мәселен, Алдаберген, Бақтыбай, Қарабұлақ, Өрқұсақ, Екпінді, Сырымбет ауылдарына толық тартылып, осы ауылдар арасында 2865 үй газ жүйесіне қосылған. Алайда, осы аты аталған ауыл тұрғындары көгілдір отынды толықтай тұтынып отырған жоқ. Оның басты себебі газ құнының қымбаттығынан тұрғындардың қалталары көтермеуде. Ауыл тұрмақ Талдықорған қаласының тұрғындары да газ жүйесіне әлі толық қосылмаған. Көгілдір отынды үйге кіргізу, сырттағы газ жәшігінен бастап, әрбір қадам саналып оған тартылатын, құбыр және газ пешінің көлемі толық есепке алынады. Осының бәрі газды тұтынушылардың қалталарына үлкен салмақ салуда. Бір жарым миллионнан бастап, екі миллионға жуық қаражатты талап ететіндіктен қала және дала тұрғындары әлі қатты отынға тәуелді. Жалпы Ескелді ауданы бойынша газ құбыры тартылған 13055 үйдің 2865-і газ жүйесіне қосылса, 10190-ы газға қосыла алмай, әлі газ балонымен, қысты күні көмір жағуға мәжбүр болуда.
Ал КӨКСУ ауданынан алынған мәлімет бойынша 2023 жылдың қорытындысына сәйкес Балпық би, Теректі, Мұқыры, З. Тамшыбай, Бесқайнар, Мәмбет, Жамбыл, Мұсабек елді мекендері газбен қамтамасыз етілген. Аудан бойынша газға қосылған 8 елді мекеннің 3159-ы тұрғын үй газ жүйесіне қосылған. Газ желісіне қосылған 8 елді мекендегі аула саны 6242. Оның 59-ы көпқабатты тұрғын үй, 6191-і жеке тұрғын үйлер. Бұл жалпы аулалар санының 51 пайызын құрайды, оның 10-ы көпқабатты тұрғын үй және 3103 жеке үй газ жүйесіне қосылып, 3335 үйге техпаспорт берілген.
Биылғы жылдан бастап Көксу ауданындағы елді мекендерді газбен қамтамасыз ету жұмыстары бойынша 12 ауылда жұ-мыс қызу қарқын алған. Атап айтқанда, Кеңарал, Жетіжал, Бозтоған, Қызылтоған, 10 жылдық Қазақстан ауылдарында «ST.LTD» ЖШС, Ақшатоған, Айнабұлақ, Жарлыөзек, Талапты, Мәулімбай ауылдарына «Алматы Production Construction & Invest» ЖШС, Алғабас, Ақтекше ауылдарына «МБК Құрылыс» ЖШС құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Тапсырыс беруші Жетісу облысы бойынша энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасы болып табылады.
Газ құбырларын тарту жұмыстарымен айналысып жатқан фирмаларда ортақ есеппен 60 адам және 15 техника жұмыс атқаруда. Ауданда табиғи газбен қамтылу көрсеткіші 51 пайызды, газдың бағасы жеке тұлғалар үшін 35,25 теңге болса, заңды тұлғаларға 40,41 теңгені құрайды. Сондай-ақ, әр тұрғын үшін газды үйіне кіргізіп алу құны 30 метрге 170 мың теңге көлемінде және сатып алынған газ пешіне байланысты шығын әртүрлі. Газдандыруға қатысып жатқан фирмалар үшін жеңілдіктер көрсету заң бойынша белгіленбеген, бірақ Көксу ауданы бойынша газдандыруға қатысып жатқан фирмалар мүмкіндіктеріне байланысты қоғамның осал топтарына жеңілдіктер жасауда екен. Қазіргі таңда газдандыруға 8 фирма жұмылдырылған. Атап айтсақ, «Адал Құрылыс», «Ақзерей», «Аңсар Груп», «Дат Континенталь», «КазЭлитСтрой», «Home Газ», «Ск Муслим», «ТДК Строй» фирмалары.
Жетісу облысында елді мекендер мен қалаларды көгілдір отынмен толықтай қамту 2030 жылы аяқталуы тиіс. Бұл үрдіс шиеленіскен экологиялық ахуалды реттеудің төте жолы болмақ. Адам денсаулығынан артық байлық жоқ. Қазақстандағы қазба байлықтың бірі осы газ жүйесі. Алайда, қалаға да, далаға да кезең-кезеңімен тартылып жатқан газды тұтынушылардың бәрі бірдей қолдана алмауда. Оның бағасының қымбат болуынан қарапайым қоңыр тірлік кешіп отырғандар қол жеткізе алмауда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы да осы газ бағасын тұрғындарға қолайлы жағын қарастыруды жауапты мекемелерге тапсырған болатын. Оның үстіне жыл сайын көтеріліп шыға келетін коммуналдық және азық-түлік бағасы да жығылғанға жұдырық болып тиюде. Бұл нарық жүйесіне орай жекенің қолына өтіп кеткен газ қондырғыларын әр ауланың алдына апарып бергенімен, оны үйге кіргізіп ала алмай отырған талай отбасыға қол жетпейтін арманға айналуда. Себебі көптеген тұрғын газды пайдалануға мүмкіндіктері жоқ екендерін айтуда.

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ