«ҚАНАТТЫЛАР» ИНКЛЮЗИВТІ ТЕАТРЫ ТАЛДЫҚОРҒАНДА

0
25

2025 жылдың 14-15 мамыры күндері Талдықорған қаласы өнерсүйер қауым үшін айрықша оқиғамен есте қалмақ. Астана қаласы әкімдігінің жанынан құрылған «Қанаттылар» инклюзивті театры шаһарымызға гастрольдік сапармен келіп, көрерменге үш бірдей қойылымын тарту етті.

Бұл сапар аясында журналистер мен БАҚ өкілдеріне арнайы баспасөз мәслихаты ұйымдастырылып, театрдың басты мақсаты, қойылым мазмұны, әрі болашақ жоспарлары кеңінен талқыланды. Театр ұжымы көрерменге ерекше көңіл күй сыйлап қана қоймай, инклюзивті өнердің қаншалықты биік рух пен шынайы шабытқа толы екенін дәлелдеуді мақсат тұтады.
Гастрольдік сапар барысында көрерменге ұсынылған қойылымдар – ерекше мазмұн мен мағынаға толы дүниелер. 14 мамыр Ақбота Ермаханованың шынайы өмірден алынған «Екі тағдыр – бір өмір» атты автобиографиялық драмасы сахналанды. Қойылымда адам тағдыры, қоғаммен үйлесу жолындағы күрес пен рухтың мызғымас қайсарлығы көрініс тапты. 15 мамырда кішкентай көрермендер үшін Әлібек Файзуллиннің «Үй таңдаған лақ» атты ертегісі қойылды. Балаларға арналған бұл туынды мейірімділік, адалдық және таңдау еркіндігі сынды өмірлік құндылықтарды көркем тілмен жеткізеді. Кешкісін, Серік Жүзбайдың қаламынан туған «Өмір-ғайып» мелодрамасы көпшіліктің назарына ұсынылды. Бұл қойылым – адам болмысы, өмірдің өткіншілігі, махаббат пен үміт, тағдыр мен таңдаудың терең философиясы.
«Қанаттылар» ұжымы Талдықорған сахнасында өнер көрсете отырып, еліміздегі басқа қалаларға да ерекше жандарға арналған мәдени орталықтар ашуға түрткі болуды көздейді. Инклюзивті өнер арқылы адамдар арасындағы шекараны жойып, рухани тұтастыққа үндейді. Әсерлі қойылым мен шынайы эмоция көрермен жүрегінен орын тауып, көпшілікті терең ойға жетеледі. Театр өнері – тек сахнадағы көрініс емес, бұл – өмірдің өзі. Ал олардың әр кейіпкері – жүректен шыққан өнердің шынайы иесі.

Талшын ЕРЛАНҚЫЗЫ


ПІКІР ЖАЗУ