ТАБИҒИ ӨНІМДЕРДІ ДАЙЫНДАЙТЫН СҮТ ЗАУЫТЫ

0
34

Бір стақан сүттің артында кімнің еңбегі жатыр деп ойладыңыз ба? Таңғы дастарханда тұратын айран мен ірімшік, баланың сүйіп ішетін йогурты, дастарханға қоятын сары май – жай ғана дүкен сөресінде тұрған өнім емес. Оның әр қасық дәмінде ауылдың табиғи иісі, маңдай тердің күші, табиғаттың тазалығы бар. Осындай адал еңбек пен сапалы өнімнің тоғысқан мекені – Көксу сүт зауыты.

Бұл зауыт алғаш рет 1967 жылы іргетасын қалап, талай жылдар қала, аудан, ауыл тұрғындарының өздерін сүттен жасалатын талай  өнімдермен қамтамасыз етіп келді. Айран-сүтті айтпағанның өзінде, зауыт біраз уақыт бұрын – 90-шы жылдары өндірген ірімшік пен құртты ұлттық нақышта өрнектелген картон қорапшаларға салып, сауда орындарына жөнелтетін. Сол өнімдері бүкіл республикаға да таралып, басқа облыстарға ұялмай апаратын дастархан мәзіріне жататын сыйлықтар екенін естігенімде, Көксу сүт зауытының өнімдері үшін, шынымды айтсам, мақтануға болады екен.
Алайда, соңғы 20 жылда зауыт бірқатар себептермен жұмысын тоқтатып тұрған еді. 2014 жылы кәсіпорын жұмысын қайта жаңғыртып, 2017 жылдан бастап толық жұмысын жалғастырды. Содан бері жергілікті шаруалардың еңбегі мен табиғи өнімдер осы зауыт арқылы халыққа жетіп отыр.
ТАҢМЕН БАСТАЛАТЫН ТІРШІЛІК
Көксу сүт зауытында тіршілік таңмен бірге басталады. Сағат тілі таңғы 7-8-ге таяғанда, зауыт ауласы тіршілікке тола бастайды. Кербұлақ ауданынан – 30 тонна, Тау самалынан – 10 тонна, Қаратал, Ескелді, Абай, Текелі өңірлерінен де бірнеше тонна жаңа сауылған сүт арнайы көліктермен осында жеткізіледі. Күніне зауытқа шамамен 60 тоннадай сүт жеткізіледі. Ал айына бұл көрсеткіш 1800 тоннаға жетеді. Бұл – мал шаруашылығы мен өнеркәсіптің үйлесімді жұмысы. Бір тиімдісі, ауылдағы сүт тапсырушылардың еңбегі алысқа тасымалданбайды. Жап-жақын, тасымалға тиімді болған соң да, ауылдағылардың  тапсырған сүті зауытқа ашымай жетеді.
Сүт зауытқа жеткен соң бірден қабылдау цехына түседі. Бірақ,  келген сүт алдымен тез арада лабораториялық сараптамадан өткізіледі. Арнайы зертханада оның тығыздығы, майлылығы, табиғилығы, бактериялық құрамы түгел тексеріледі. Бір ғана параметр талапқа сай болмаса – өнім қабылданбайды. Себебі бұл жерде бір-ақ қағида бар: Сапа – бірінші орында!
Зауыт ішіне енсеңіз, әрбір цех – бір әлем. Бір бөлмеде балғын сүттен алтын түстес сары май дайындалып жатса, екінші бөлмеде құрт пен сүзбе қайнап, табиғи дәмге айналып келеді. Айран мен йогурттың әрқайсысы өз технологиясымен өңделсе, ірімшік пен сыр бірнеше сағат бойы арнайы қалыптарда пісіп жетіледі. Әрқайсысы өз орнында, бір ырғақпен жұмыс істеп жатыр. Шығып жатқан сүт өнімдерінің тізімі де бай:
2,5% және 3,2% майлылықтағы сүт;
Айран;
Ірімшік, сыр;
Қаймақ, екі түрлі йогурт;
Құрт, құрғақ сүт;
72,5% табиғи сары май.
Осы өндірілген сегіз түрлі сүт өнімдері келісілген дүкендерге, басқа да тапсырыстар берген орындарға  таратылады. Өнімдердің ең басты ерекшелігі – ешбірінде химиялық қоспа жоқ. Табиғи дәм мен сапаны сақтау – зауыттың басты ұстанымы. Сондықтан да бұл өнімдерге деген сұраныс күннен-күнге артып келеді.
ЖҰМЫСШЫЛАР – ЗАУЫТТЫҢ ЖҮРЕГІ
Көксу сүт зауытында 60-қа жуық адам еңбек етеді. Олар – осы бір іргелі кәсіпорынның тірегі мен жүрегі, олар алыстан емес, осы аймақтың сүт зауытына қажетті мамандықты игерген тұрғындары. Бірі – сүт тасымалдаушы, бірі – зертхана маманы, енді бірі – сапа бақылаушысы. Әрқайсысы өз ісіне тиянақты, шебер мамандар. Зауытта ең маңызды талап – ұқыптылық, тазалық және тәртіп. Жұмысқа келген әрбір қызметкер арнайы санитарлық киім киіп, гигиеналық талаптарды қатаң сақтай отырып, өз міндетін нақты орындайды. Дәлірек айтсақ, сүт зауыты – жай ғана жұмыс орны емес. Бұл – еңбек мектебі, тәрбие орны, тұрақты табыс көзі. Зауыт – Көксу ауданы тұрғындарының бір бөлігін тұрақты жұмыспен қамтып, өңір экономикасына өзіндік үлесін қосып отырған  кәсіпорын.
«Мен осы Көксу сүт зауытында 2007 жылдан бері үздіксіз қызмет етіп келемін. Бұл – менің өмірімдегі ең жауапты әрі тұрақты жұмысым. Осы уақыт ішінде зауытқа келіп түскен барлық тапсырысты уақытында қабылдап, өнімнің сапалы шығуын мұқият қадағалап келемін. Әрбір күндік жұмысым – халыққа сапалы сүт өнімдерін жеткізу жолындағы адал еңбегімнің бір бөлшегі. Өз ісіме үлкен жауапкершілікпен қараймын, себебі зауыт өнімін тұтынатын халықтың сенімін ақтау – біздің басты міндетіміз.
Көксу сүт зауыты – мен үшін жай ғана жұмыс орны емес. Бұл – адал еңбекке құрметпен қарауды, үздіксіз дамуға ұмтылуды үйреткен орта. Көксу зауыты – мен үшін тұрақтылықтың, сенімділіктің және еңбекқорлықтың нақты символы», – дейді зауыт қызметкері Салтанат Асылбекова.
ДӘМНІҢ ЖОЛЫ – АУЫЛДАН ҚАЛАҒА
Көксу сүт зауытының өнімі ұзақ сақталмайды. Себебі зауыт ұстанымы айқын: бүгін өңделген сүт – ертең халықтың дастарханында тұруы тиіс! Сондықтан дайын өнім 1 апта ішінде Талдықорған, Жаркент, Үшарал, Сарқан, Қапал, Алматы сияқты қалалар мен ауылдарға таратылады. Сонымен қатар тұрақты жеткізу келісімі бар мекемелер де бар.
Тауар қаптамасы – қарапайым, бірақ ішіндегі өнімнің дәмі ерекше. Себебі оның артында жарқыраған жарнама емес, адал еңбек адамы тұр. Сондықтан бұл өнімнің жарнамасын халықтың өзі жасап отыр: бір рет дәмін татқан тұтынушы екіншісіне айтып, табиғи дәмге өзі-ақ жол сілтейді. Қысқаша айтқанда, өнім жарнамасыз-ақ өтімді.
Көксу сүт зауыты – болашаққа нық қадам басып келе жатқан өндіріс. Алдағы уақытта зауыт өндіріс көлемін ұлғайтып, жаңа технологияларды енгізуді, сондай-ақ өнім түрлерін көбейтуді жоспарлап отыр. Мысалы, алдағы жобалардың бірі – балмұздақ өндірісін жолға қою. Бұл жоспардың жүзеге асуы – тек бір кәсіпорын үшін ғана емес, бүкіл өңір үшін үлкен жетістік болмақ. Сондай-ақ бұл – халықтың игілігіне  қосылған үлес, кәсіпкерліктің ауқымын кеңейтуге  бағытталған игі іс.
Аудан экономикасы көрсеткішіне де үлес қосып отырған  сүт зауыты – тек өнім өндіруші емес, ауылдың арқа сүйер тірегі, талай жанға табыс көзі, жастарға тәжірибе мектебі. Бұл зауытта қайнаған еңбек бар, ұстаным – тазалық пен сапа. Уақыт алға жылжыған сайын өндіріс те өзгеріп, дамып келеді. Жаңашылдыққа ұмтылған ұжымның әрбір жоспары – елге деген адал еңбектің көрінісі. Өйткені мұндағы әрбір өнім – жай тауар емес, сұранысқа ие табиғи таза өнім, қазақтың дастарханының берекесі, адал еңбектің жемісі.
Зарина БЫЖЫБЕК

ПІКІР ЖАЗУ