ЖАН МЕН ТӘН ҮЙЛЕСІМІН ТАПҚАН ЖАН
Бүгінде адам денсаулығына тек физикалық тұрғыдан емес, жан мен сана деңгейінде қарау қажеттігі күн санап артып келеді. Ғылыми медицина диагноз таба алмаған сырқаттардың артында көбіне тұншыққан сезімдер, ауыр естеліктер мен күйзелістер, кешіре алмау жатады. Осындай терең түйткілдерге балама көзқараспен қарап, емнің жаңа үлгісін ұсынып жүрген мамандардың бірі – Қасенова Айнаш Мәміленқызы. Ол – психосоматика мен прана терапиясын қолдана отырып, адам денсаулығын рухани тұрғыдан қалпына келтіруге атсалысып жүрген тәжірибелі маман. Оның жұмысы – тәнді емес, алдымен жанды тыңдаудан басталады.
Айнаш Мәміленқызы жайлы: «Адамның бойындағы қара энергияны тазартып, тіл-көз, дуадан, ауыртпашылықтардан, аурулардан арылтады, аураны тазалап, қуат көздерін ашады, адамның ойы, арманы жүзеге асады», «жанның дертін сөзбен емес, түйсікпен түсініп, емдей алады» деген сөздерді естігенімде, оның ел аузында айтылып жүрген ерекше қабілеті қызығушылығымды оятты. Жарыққа шығуға дайындалып жатқан кітабына байланысты типографияға келген кезінде Айнаш Қасеноваға сұхбат алуға ұсыныс тастадық. Ол кісі бірден келісті. Сол кездесуде, яғни екі сағатқа жуық уақытта мен бұрын-соңды естімеген ұғымдармен танысып, оның жаңа өмір жолына қадам басқан сәтінен көп сыр ұқтым.
Айнаш Қасенованың негізгі мамандығы – журналист. Ол 50 жасына дейін осы бір күрделі де қызықты саланың бел ортасында жүріп, өз ісіне адал қызмет етті. Кербұлақ ауданының «Кербұлақ жұлдызы» және қоғамдық-саяси «Алатау» газеттерінде корректор, тілші, редактордың орынбасары, жауапты хатшы қызметтерін атқарды. Ол республикалық, облыстық, аудандық марапаттардың иесі. 2009 жылы Қазақстан Журналистер одағының мүшелігіне қабылданып, 2019 жылы «Қазақ журналистикасының қайраткері» медалімен марапатталды.
2020 жыл барша адамзат үшін күтпеген тосын сынақтарға толы жыл болғаны мәлім. COVID-19 пандемиясы, әлеуметтік оқшаулау, күнделікті тіршіліктің өзгеруі сынды кезең Айнаш Мәміленқызының да өміріне үлкен бетбұрыс әкелді. Сол жылы 50 жас мерейтойын наурыз айында атап өтуді жоспарлап, жолдасымен бірге тойхана қарастырып жүрген екен. Алайда, наурыз айында енгізілген карантин шектеулері жоспарды өзгертіп жіберді. Басында ренжігенімен, бұл жағдайды «Алланың қалауы болар» деп қабылдаған ол ішкі түйсігімен мұның жайдан-жай болмайтынын сезген де болар.
Көп ұзамай Instagram парақшасында көзіне бір жарнама ілігеді – «Түйсік деген не?», «Психосоматика», «Ішкі блоктарды шешу» деген түсініксіз, бірақ ерекше әсер қалдырған видеоларға назарын аударды. Ол бұл ұғымдардың не екенін білуге асығып, интернетті шарлап, түрлі мамандардың түсірілімдерін зерттейді. Осылайша көптеген түйсік деңгейінде жұмыс істейтін мамандардың арасынан Алмас Ақын есімді жігіттің видеоларын көре бастады. «Алмас Ақынның алғашқы видеосын көрісімен, іштей бір тартылыс пайда болды», – дейді Айнаш Мәміленқызы сол сәтті еске алып.
Психосоматика – бұл адамның психикалық жай-күйі мен физикалық денсаулығының арасындағы байланысты зерттейтін кешенді ғылым саласы. Мұнда ауруды тек органикалық ақау ретінде емес, сонымен қатар адамның өмірлік тәжірибесі, эмоциялары мен психологиялық жарақаттарының көрінісі ретінде қарастырады. Айнаш Мәміленқызы бұл ғылымға сүйеніп, түйсікпен жұмыс істеп көргісі келеді. Әйел адамдарды қызықтыратын мәселе: «көп ақша табуға деген кедергіні білу, шешу» емес пе? Ол үй шаруаларын ысырып қойып, түйсік жайлы видеоларды екі күн ыждағатпен көріп, түсінуге тырысты. Үлкен қызығушылықтың және ниеттің арқасында ол үшінші күні түйсікпен байланысқа шықты. Сол сәтті былай сипаттайды:
– Түйсігімнен: «Менде ақша блогі бар ма» деп сұрадым. «Иә» деген жауап келді. «Қай уақытта пайда болды?» деп сұрасам, ішкі дауыс: «19 жасыңда» деді. Ойланып қалдым. Туған күнім есіме түсті. Үстімде сарғыш көйлек, достарыммен Алла Пугачеваның «Не имей 100 рублей, а имей 100 друзей» деген әніне билеп тұрмыз. Сол сәтте мен: «Алла Пугачева дұрыс айтады: «Жүз сомың болғанша, жүз досың болғаны жақсы ғой» деген ой келді. Түйсік соны бейсаналы түрде қабылдап қойған. Содан кейін осы түйсікпен жұмыс істеп, ақша блогын шешкенше, 50 жасыма дейін 100 мыңнан артық ақша таппаған екенмін.
Бұл ішкі ашылу оның бүкіл санасына үлкен өзгеріс алып келді. Ол енді бұл білімді жай қызығушылықпен емес, жан-жүрегімен қабылдап, тереңінен ұғынғысы келді. Арада бір апта өткен соң Алматыда Алмас Ақынның ақылы тренингіне құрбысын ертіп, арнайы барды. Жиналғандардың басым көпшілігі – әйел адамдар. Әрқайсысының өз ішкі ауыртпалығы, шешілмеген мәселелері бар. Сол тренингтен кейін Айнаш Мәміленқызы білім алуға бекініп, курсқа жазылды. Тылсым әлемге, бейсаналы сенімдерге, балалық шақта қалыптасқан шектеулерге үңілді. Бұл – оның жаңа өмірлік бағытының бастауы еді.
ЖАЗУДАН – ЖАН ЕМДЕУГЕ
Айнаш Қасенованы көпшілік осыған дейін басқа қырынан таныса, соңғы жылдары көп біле бермейтін қасиеттермен танылуда. Жазуды серігі еткен кездерде ол кітап жазатын деп айттық. Оның алғашқы кітабы «Құт дарыған Күреңбел» 2014 жылы жарық көріп, туған топыраққа деген шынайы махаббат пен құрметтің көрінісіндей қабылданды. 2019 жылы «Ақ жыланның арбауы» атты екінші кітабы дүниеге келді. «Кітаптың атауы 25 жасында бастан кешкен тылсым оқиғаның әсерінен қойылды» дейді кейіпкер. Тақырыбы тосын болғанымен, өмір жолындағы шындық, тылсым дүниенің бар екені жазылды. Оның ішінде қызықты әңгімелер мен повесть бар.
Айнаш әпкенің айтуынша, жазушылық оңай жол емес. Әсіресе, әйел адам үшін. Үй шаруасы, таңсәріден басталатын тіршілік, редакциядағы қауырт жұмыс, түрлі жиналыстар, отбасылық міндет – барлығы қатар жүріп жатқан кезеңде ол шығармашылықпен де айналысты. Шетінен жиналған әңгіме, повестер бір күні кітап болып шығып, көпшіліктің қолына тиді. Бұл кітап Алматы облысының әкімі болған Амандық Баталовтың қолдауымен шықты.
Балалары есейіп, немере сүйген кезеңінде бір ерекше күйді сезінді. Күнделікті тіршіліктен босағанымен, ішкі жан дүниесінде бос кеңістік пайда болғандай болды. Ол кеңістік бұрынғыдай міндетпен емес, рухани мазмұнмен толтырылуы керек екенін түсінді. Сөйтсе, бұл жанның рухани аштығы екен. Сол кезеңде Алла оған бір есік ашып, мүлде басқа жолға салды. Іштей ізденіске түскен ол түйсік ұғымымен танысты. «Біреудің ақысына кіріп, ренжігіш мінез танытып жүргенімнің барлығы да өзімді толық танымағанымнан екен. Бұл мен үшін ең үлкен жаңалық болды», — деп сол кездегі күйін жеткізді.
Ол бірнеше курстарды тәмамдаған соң 2022 жылы психосоматолог-практик мамандығының сертификатын иеленді. Осы салада жүріп, адам жаны мен тәнінің өзара байланысын терең түсініп, алдына келген жандардың мәселелерінің шешілуіне, ауру-сырқаудан айығуларына қолұшын созды. Оның бойында биоток бар еді. Ол қасиет он тоғыз жасында, анасы өмірден өткен кезде білінген. Қолы арқылы ем жүргізе алатынын сезіп, үш енесін, көршілерін, балаларын ауырып қалса, алақанымен сипап емдеп алатын-ды. Бірақ, емдеген соң өзін ауыр сезінетіндіктен, шаршап, қуаты кеміп қалатындықтан емдеуді біражола тоқтатқан.
Сырлы сұхбат барысында, уақыт өте келе, рухани кемелденіп, өзін тапқан тұста ол биотоктың қайтарылуын және сол жөнінде білім алуды Жаратқаннан сұрағанын айтты. Шынымен де интернет желісі арқылы білім алып, энергиямен емдеудің жолдарын үйреніп, өзіне қорған қойып, Аллаға ниет етіп барып терапия жасауды қолға алды.
— Прана терапиясы – энергиямен жұмыс істеу. Терапияда адамның аурасы тазаланады, тіл, көз, сөз шығады, дуа, қара энергиялардан арылады, өкпе, реніш, ашу, ыза кетеді. 7 қуат көзі (чакра) ашылып, адам бойына қорған қойылады, тұсауы кесіліп, жолы ашылады. Әркімнің жеке мәселелерімен жұмыс жасалынады. Прана – энергия. Бұл әлеммен байланыс арқылы келетін өмірлік қуат,- дейді шынайы сабырмен.
Айнаш Мәміленқызының айтуынша, адам бойында жеті энергия орталықтары (чакра) болады. Бұл энергия көздерінің жабық немесе ашық болуы адамның рухани, психологиялық және физикалық жағдайына тікелей әсер етеді. Алғаш адамдармен терапия жасағанда, байқағаны – көп адамдарда жеті қуат көзінің бірнешеуінің жабық болатыны. Қуат көздері жабық болған кезде адамның үнемі шаршап жүруі, түрлі аурулардың болуы, дел-сал күйде болуы, жолының болмауы, ақшаның берекесіздігі немесе табыстың аз болуы орын алады.
Айнаш Мәміленқызы бүгінде қос білімін — психосоматика мен прана терапияны жүргізе отырып, алдына жәрдем сұрап келгендерге кешенді көмек көрсетеді. Екі бағыттың да адамның өмірінде оң өзгеріс әкелетінін айтады.
ШИПАҒА СЕБЕП БОЛҒАН СӘТТЕР
Айнаш Қасенованың айтуынша, әр адам өзінше бір әлем. Оған жүгініп келетін жандардың тағдыры да, ішкі жан-дүниесі де әрқилы. Бірақ көп жағдайда мәселелердің түп-тамыры балалық шақтағы психо-эмоционалдық жарада болуы мүмкін немесе жатырда жатқанда, анасынан берілетін қорқыныш, үрей, өкпе, реніш сынды сезімдер адам өміріне әсерін тигізіп жатады. Сондай-ақ, адамның бойындағы энергия көздерінің жабық болуына байланысты болады.
– Бір әйел қос қолының қақсап, түнімен ұйықтай алмайтынын айтып келген. «Қолыңызға не болды?» деп сұрасам, ол: «көз тиді» деді. «Оны қайдан білдіңіз?» дедім. Ол: «Өйткені, мен бір айдың ішінде оқушылармен ансамбль құрып, концерт өткіздім, сол себепті көз тиді деп ойлаймын» деді. «Жақсы, онда терапиямызды бастайық» деп, түйсігімен жұмыс істедік. Сонда белгілі болғаны – қызы екеуінің арасында ұрыс-керіс, дау-дамай. «Алғаныңды қайтар» деген белгі – ол. Сонымен бірнәрсені дұрыс жасамай жатқанын түсініп, Жаратушыдан кешірім сұрап, қызынан ойша кешірім сұрағанда, сол қолы сап қойды. Ал, оң қолымен терапия жүргізгенде, күйеубаласының жауапкершілігін алып алғанын түсінді. «Отырса, опақ, тұрса, сопақ» дегендей. Терапиядан соң оң қолы сап қойды. Міне, осылайша проблемасы барлар түйсік арқылы көп нәрсені түсінеді. Бұл әйел қызын алып келіп, онымен де жұмыс жасадық. Соңында екеуі татуласып, бір-бірінен кешірім сұрады. Анасы қызынан алғанын қайтарды.
«Ауруыңды сүй» деген қағида бар, оның мәні – Жаратқан иеміз ауру арқылы сабақ, сүйінші не ескерту сынды белгі беріп тұр деген сөз. Осыны түсінген адам – рухани бай адамдардың қатарында болмақ,– дейді Айнаш Мәміленқызы.
Кейіпкердің тәжірибесінде ер адамдар да аз емес. Соның ішінде бойы үрейге (паническая атака) толып қалған жас жігіттер жиі кездеседі. Мұндай мәселелердің түп негізі – отбасылық «жарада» жатқанын түсіндіреді. Әсіресе, ажырасқан отбасында өскен ұл балалардың жан әлемі әлсіз әрі жаралы болатынын айтады. Олар сыртқы негативті энергияны оңай тартып алады. Бір мысалында, жігіттің анасы баласына ашуланғанда, әкесінің жынды екенін, оның жындыханада жатқанын, ұлының да жынды болатынын тілге тиек етіп, үнемі ұрсатын болған. Осындай сөздердің салдарынан ер бала өзін жоғалтып, кім екенін естен шығарған, қорқып, үрейленіп, сөйлеуден қалған, айналасымен қарым-қатынас үзілген. Салдары психикалық ауытқуға әкеп соққан. «Басқа пәле – тілден. Сол себепті баланың алдында айтылатын әр сөзге мән беру керек. Жаман сөзбен баланы қарғау, балағаттау – өз болашағын тұсаулау деген сөз. Айта кеткен жөн болар, 7-8 жасқа дейінгі ұл-қыздарда проблема болса, алдымен анасымен жұмыс жүргізіледі. Себебі, бала – анасының ішкі жан-дүниесінің айнасы», – дейді тәжірибелі маман.
Айнаш Мәміленқызы бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінен хабарласып, көмек сұрайтындарға рухани көмек көрсетіп, ризашылықтарына бөленуде. Олардың арасында ана мен қыз, күйеуімен қарым-қатынасы бұзылған әйелдер, өмірден түңілгендер, отбасын құра алмай жүрген жігіттер, тұрмыс құра алмаған бойжеткендер, сәби сүйе алмаған отбасылар, көлік, үй сатқысы келетін немесе сатып алатын жандар хабарласады.
– «Емші болсаң, алдымен өзіңді емде» деген сөз үнемі жадымда жүретін. Рухани дамуға түспей тұрып, менің барлық жерім ауыратын: басым, анемия, бүйрек, аяқ-қол сырқырау, жотамның ашып тұруы, белдің сыздап ауруы сияқты көптеген аурулар болған. Есіме алсам, қазіргі кезде күлемін. «Осыншалықты топас болуға бола ма адам баласына?» деп. Психосоматолог-практик білімін алған соң ең әуелі өзіммен жұмыстандым. Өзімді онкологиялық аурудан аман алып қалдым десем де болады. Содан кейін құдай қосқан жарымның асқазанындағы жара емделді. Сөйтіп, бәрі өзімізден басталды. Өзгеге көмектесу үшін әуелі өзіңнің денің сау болуы керек екен, – дейді ол шынайы риясыздықпен.
Бүгінде ол – психосоматолог-практик әрі прана терапиясын жүргізуші ретінде ел ықыласына бөленіп жүрген маман. Ол өз жұмысын жарнамасыз жүргізеді. Көмек сұрап келетіндердің дені – шын жүректен ем іздеген, жүректерінде тыныштықтың болуын қалаған жандар.
Тек ол емес, мақала кейіпкері Ба-гуа сауна, термокөрпе, биоэнергомассаж арқылы да ем-шара жасайды. Осы қызметке жүгінген жандар ары қарай да екі терапияның біреуін алуға өз қалауларын білдіріп жатады.
Гүлнұр БАЙМҰХАН