ЕКІАША АУЫЛЫНДАҒЫ ЖАРЫЛЫС

0
42

Кеше  сағат 17:00-де Сарқан ауданының Екіаша ауылында орналасқан «Кіші Басқан» өзеніндегі ВБ ГЭС-2 станциясында су құбырының жергілікті жарылысы орын алды.

Әлеуметтік желілерде таралған оқиға жайлы ақпарат кей тұрғындар арасында алаңдаушылық тудырғанымен, шын мәніндегі жағдай интернетте тараған мәліметтерден едәуір өзгеше.

Оқиға орнында болған «Baskan Power» ЖШС-нің қауіпсіздік мамандары су станциясына дейінгі жоғарғы су алғыштан су беруді жедел түрде тоқтатқан. Бұл судың станция аумағынан тыс жерге жайылуының алдын алуға мүмкіндік берді. Уақтылы қабылданған шаралардың арқасында өзен маңындағы тұрғын үйлерге ешқандай зиян келмеді, халыққа немесе экологияға ешқандай қауіп төнген жоқ.

«Baskan Power» ЖШС техникалық директоры Досабаев Данияр оқиғаға қатысты былай деп мәлімдеді:

«Құбыр жүйесінде технологиялық жарылыс орын алды, соның салдарынан су ГЭС ғимараты арқылы сыртқа лақтырылды. ГЭС қызметкерлері жедел түрде электр қуатын ажыратып, су беруді тоқтатты. Сағат 18:00-ге дейін құбыр толық сусыздандырылды. Қазіргі уақытта су сору жұмыстары жүргізілді, ғимарат ішіндегі су толығымен сорылып алынды, ал қазір апатты-қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Су тасқыны салдарынан тұрғындарға зиян келген жоқ, тұрғын үйлер мен шаруашылықтарға су жайылған жоқ, экологиялық қауіп жоқ, су өзен арнасына толықтай қайтты»

Айта кету керек, «Baskan Power» ЖШС-де шамамен 90 адам жұмыс істейді, олардың барлығы — жергілікті тұрғындар.

Тұрғындардан тек ресми және тексерілген ақпаратқа сенуді, жалған және расталмаған мәліметтерді таратудан бас тартуды сұраймыз. Барлық қызметтер штаттық режимде жұмыс істеуде.

«Алатау» ақпарат 

 


ПІКІР ЖАЗУ