ЕЛІМІЗДЕ ҚОСЫМША 8 МЫҢҒА ЖУЫҚ ГРАНТ БӨЛІНЕДІ

0
30

Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесінде грантқа іліге алмаған түлектерге қосымша шамамен 8 мың грант бөлінеді. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек хабарлады. Құжаттарды қабылдау тамыз айының соңына дейін университеттерде жалғасады.

Министрдің айтуынша, мемлекеттік гранттардан бөлек тағы 5 мыңнан астам грант ұсынылып жатыр. Әкімдіктердің гранттары 1700-ден астам болса, жоғары оқу орындары 2200-ге жуық грант бөледі. Сонымен қатар, «Қазақстан халқына қоры» 500 грант ұсынса, «Казэнерджи» қауымдастығы жүздеген гранттар беріп отыр.
«Жыл сайын шамамен 3 мыңға жуық түлек тегін оқудан бас тартады. Осы бос орындарға қосымша конкурс жарияланып, түлектердің жоғары білім алу мүмкіндігі артады. Бұл жағдай жастарға үлкен үміт сыйлайды. Осы мүмкіндіктерді пайдаланып, білім алуға ұмтылыңыздар. Қосымша гранттар сіздердің армандарыңызды жүзеге асыруға жол ашады», – деді министр Саясат Нұрбек.
Осылайша, мемлекеттік және жеке сектордың қолдауы арқасында еліміздің болашағы үшін сапалы мамандар дайындау жұмыстары жалғасуда.

ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ БІЛІМ БЕРУ
ГРАНТТАРЫ ЖАРИЯЛАНДЫ

Жетісу облысының жастарына сапалы білім алуға мүмкіндік беретін маңызды бастама – облыс әкімінің білім беру гранттары. 2025 жылдың 12–18 тамыз аралығында І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің қабылдау комиссиясында талапкерлерден құжаттар қабылданады. Бұл гранттар еліміздің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында тегін білім алуға жол ашады және өңірдегі адами капиталды дамыту мен әлеуметтік теңдікті қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылып отыр.
Жалпы конкурс шеңберінде 40 грант бөлінген. Оның ішінде І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетіне – 12, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне – 8, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне – 11, С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетіне – 4, Семей медицина университетіне – 2, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына – 1 және Халықаралық білім беру корпорациясына – 2 грант қарастырылған.
Ал әлеуметтік осал топтарға арналған арнайы конкурс аясында 60 грант бөлінді. Бұл гранттар көп балалы, аз қамтылған, толық емес отбасылардан шыққан, жетім немесе мүгедек талапкерлерге арналған. Аталған гранттардың негізгі бөлігі І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетіне – 38, С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-ға – 11, Семей медицина университетіне – 3, сондай-ақ басқа да аграрлық, технологиялық, құрылыс және өнер бағытындағы жоғары оқу орындарына бөлінді. Бұл бастама Жетісу өңірінің дарынды жастарына сапалы білім алуға, кәсіби біліктілігін арттыруға және ел дамуына үлес қосуға берілген зор мүмкіндік болып табылады.
Конкурсқа қатысу үшін белгіленген үлгідегі өтініш, білім туралы құжат (аттестат немесе диплом қосымшасымен – түпнұсқа және көшірмесі), мамыр–шілде аралығында тапсырылған ҰБТ сертификаты (шекті балдан төмен емес), 075-У нысанындағы медициналық анықтама, жеке куәліктің түпнұсқасы және көшірмесі қажет. Әлеуметтік осал топқа жататын талапкерлер үшін қосымша құжаттар сұралады. Көп балалы отбасынан шыққан талапкерлерден – 18 жасқа дейінгі төрт және одан көп баланың туу туралы куәліктері, ал егер 18 жастан асқан болса – оқу орнынан анықтама ұсынылуы тиіс. Аз қамтылған отбасылардан шыққан талапкерлер Egov.kz порталынан атаулы әлеуметтік көмек алғаны туралы анықтама тапсырады. Жетім немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған талапкерлерден ата-анасының қайтыс болуы туралы куәлік, туу туралы куәлік, әділет органдарынан алынған 04-нысан немесе 11-қосымша және соңғы үш жылда некеге тұрмағаны туралы анықтама талап етіледі. Мүгедектігі бар талапкерлер немесе мүгедек ата-анасы бар талапкерлер тиісті растайтын құжаттарды, ал толық емес отбасыдан шыққандар некені бұзу туралы куәлік пен соңғы үш жылда некені тіркемегені жөніндегі анықтаманы ұсынады.

Гүлнұр ЕРМҰХАНҚЫЗЫ


ПІКІР ЖАЗУ