ПОЛИЦЕЙ ӨРТТЕН ЕР АДАМДЫ ҚҰТҚАРДЫ

Талдықорғанда полиция қызметкерлері өртеніп жатқан үйден ер адамды құтқарып, ерлік көрсетті. Polisia.kz хабарлауынша, Жастар шағын ауданындағы үйден қатты шу шыққаны туралы хабар түскеннен кейін оқиға орнына қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің патрульдік қызметкерлері Темірлан Қажыханұлы мен Сейтберлі Мақсат жеткен. Алайда, келген кезде үйдің шатыры түгелімен отқа оранғаны анықталған.
Көршілердің айтуынша, үй ішінде ер адам болуы мүмкін еді. Сол сәтте Темірлан Қажыханұлы еш ойланбастан лапылдаған өртке кіріп, қою түтін арасынан ер адамды тауып алып, оны қолына көтеріп, шатырдан секіріп шыққан. Осылайша ол адам өмірін аман сақтап қалды.
Полицей өрт сөндірушілер мен жедел жәрдем келгенше зардап шегушіге алғашқы көмек көрсеткен. Өзі жеңіл түрде түтіннен уланғанымен, ауруханаға жатудан бас тартып, қызметіне қайта оралған. Қазір құтқарылған ер адам ауруханада ем қабылдап жатыр, ал өрттің шығу себептері анықталуда.
«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»
 
                			
                                        			