ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАРДЫҢ АЛДЫН АЛУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҚАРАЛДЫ

0
46

Талдықорған қаласында төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын жоюға бағытталған қалалық комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиында өрт қауіпсіздігі, су тасқынына дайындық және көпқабатты үйлердегі қауіпсіздік мәселелері жан-жақты талқыланды.

Күн тәртібінде төтенше жағдайлардың алдын алу, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету, көпқабатты тұрғын үйлердегі авариялық қызметтердің кірме жолдарының жай-күйі және өрт гидранттарының жұмыс жағдайын бағалау мәселелері көтерілді. Отырысқа төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі қалалық комиссия мүшелері, сондай-ақ бірқатар мекеме мен бөлім басшылары қатысты.
Отырыс барысында Төтенше жағдайлар басқармасы, ТҮКШ бөлімі, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі, Тұрғын үй инспекциясы басшылары мен ауылдық округ әкімдері атқарылған жұмыстар бойынша баяндама жасады. Қуаныш Сейтімбетов алдағы 2026 жылғы су тасқыны кезеңіне сапалы дайындықтың маңызын атап өтіп, жауапты қызметтерге төтенше жағдайлар кезінде жедел әрекет етуге қажетті күштер мен құралдарды үнемі дайын күйде ұстауды тапсырды.
Комиссия отырысының қорытындысы бойынша жауапты бөлімдер мен басқарма басшыларына төтенше жағдайлар кезінде халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы міндеттерін толық орындамағаны жөнінде нақты ескерту жасалып, анықталған кемшіліктерді қысқа мерзімде жою қатаң тапсырылды.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ