ҚАЗАҚ ЖЫЛҚЫ МІНЕЗДЕС

0
450

Олай дейтін себебім, жылқы мен қазақтың мінездерінде көп ұқсастық бар. Ол ұқсастықтың басты белгілерінің көбі қазақ мақалдарында айтылып, ауыз әдебиетінен ойып тұрып орын алған ескірмейтін мақалдар. Мысалы, келе жатқан 2026 жыл Жылқы жылы. «Атының сыры иесіне мәлім» — демекші, аттан түспеген қазақ жылқы малын ерекше санаған. Оны мал патшасы деп есептеген. Сол қасиетті жануарға деген наным белгісі болар, біздің мемлекеттік елтаңбамызда да пырақтың бейнеленуі.

«Жылқы кісінескенше, адам түсініскенше», «Жақсыда мін жоқ, жүйрікте сын жоқ», «Жақсы ат жанға серік», «Аттының нәсібі алтау», «Жүйрік – жігітті сақтайды», тағы да басқа мақалдар көптеп айтылады. Бұл Ұлы даланы мекендеген қазақтың аттан түспей сүрген өмірінің жылқымен тығыз байланыс-та екендігінің белгісі. Ата-бабаларымыздың табиғатпен тығыз байланыста болғанын дәлелдейтін мысалдардың бірі сол, жыл қайтару қағидасында қоршаған ортадағы төңірегінде жүрген жан-жануарлар атымен ай айлары аталған. Жылдың 4 мезгіліне қоса, ай мен жұлдыздардың аспан әлемінен алған орындары да еленіп, аталған ай аттары мен жыл аттары да таңқалдырмай қоймайды. Не деген терең пайымдаулар. Біздің Нострадамусымыз қазақтың дәл өзі. Ғылыми еңбек жазбай-ақ, обсерватория салмай-ақ кең даладағы тұрмыс-салтында қысқа ғана мақал-мәтелмен айды да, жылды да, аспан әлемі мен қоршаған табиғатты, жан-жануар ерекшеліктерін зерттей алған және суреттей білген.
Сонымен, бірнеше күннен соң ескі жылмен қоштасамыз. Тарих парағында 2025 жыл Жылан жылы деп аталып, еліміз үшін жаман болмаған тәрізді. Спорттағы лексика тілімен айтқанда, жеңілістер үлкен жеңіске жетелеген сәттер де бар…
Жылан суыққанды, түрі де суық болғанымен – қазақ дәстүрінде ақыл-парасаттың, сақтықтың және терең ойдың символы, ақылды, сабырлы, кейде тіпті қулыққа бейім дейміз. 2025 жылы елімізде атқарылған үлкенді-кішілі барлық деңгейдегі шаралар, істердің бәрі ел игілігі деп жатырмыз. Оңды істерге оң баға беруіміз керек.
Әрине, орын алған қателіктер де, кемшіліктер де бар. Оған да көпшілік өз бағасын беріп, атап жатыр. Соған қарағанда, кемшіліктер аталып отыратын ашық қоғамға бет алыс бар екені айқын. Бұл жерде ашығын айтсақ, әлеуметтік желілер арқылы таралып жатқан ақпараттар легі басым екенін айта кету керек.
Сонымен, Жылан жылымен жылы лебізде қоштаса отырып, келесі «Жылқы жылы қандай болады екен?» деген сұрақ көкейде тұр.

Несібе молаяды,
елдік рух күшейеді

Жалпы, ел аузында Жылқы жылы қолайлы жыл деп есептеген екен. Бұл жылы дау-жанжал болуы мүмкін деп те сақтанған. Дау-жанжал болуы мүмкін дегенде тарих ғылымдарының кандидаты, этнограф Бабақұмар Хинаят жылқы жылы туралы тарихи деректерге сүйеніп былай дейді:
«Ұлы Абай «қазақ қайдан шықты» деген мақаласында жылқы жылы туралы тоқталады. Қазақтар соғысқа Шыңғыс хан заманында Шыңғыс хан әскеріне қосылып, әуелі Герханды өлтіріп, ұйғыр жұртын алғаннан кейін Азияның төріне дейін барған дейді. Осыған байланысты қазақ «жылан жылы жылыс болады, жылқы жылы ұрыс болады, қой жылы зеңгір тоғыс болады» деген».1221 жылы Шыңғыс ханның Орта Азияға шабуылдап, Отырар қаласының қирауы осы жылқы жылымен тұспа-тұс келген…
Дегенмен, ұрыстан аман болайық. Ал тақырыпты жалғастырсақ, жыл қайыру бұл тек бір қазақ емес бар жалпы шығыс елдерінде, Оңтүстік Шығыс Азия елдерінде қалыптасқан дәстүр. Жыл он екі айға болжам жасайтын Күншығыс елдерінің жұлдыз жорамалы бойынша Жылқы жылы ең жақсы жылдардың бірі. Жылқы жылына үміт артқандардың сенімі ақталады.
Жыл иесі жылқы қиындыққа төзімді, күш-қуаты мол, еңбекқор, еркіндікті сүйетін жануар. Сондықтан жыл бойы адал еңбек еткендердің жолы болатынын меңзейді. Бұл жылы адамдардың көпшілігі табысқа жету жолында тынымсыз еңбек етеді. Шығыс жұлдызшылары адамдар жомарт жылдың несібесін көреді деп отыр. Дегенмен, жұлдызшылардың айтатыны болжам ғана, бәрі өзіңізге байланысты екенін ұмытпаңыз. Әрине, жалпы, жаңа жыл қай жыл болмасын, адам үшін жақсылық күтетін үміт жылы ғой.

Астрологтар: жылды қалай қарсы алу керек

Жылқы – ұжымшыл жануар, жалғыздықты ұнатпайды. Сондықтан Жаңа Жылқы жылын көпшілікпен, көңілді әрі белсенді қарсы алу ұсынылады. Табиғат аясындағы мерекелер, от жанындағы билер, қысқы серуен, тіпті шаңғымен серуендеу – бәрі қолайлы. Қысқасы, жылқы түнімен жайылып, күндіз дамылдайды демекші, қозғалыс – денсаулық кепілі.

 

Жылқы жылынан не күтуге
болады?

Жылқы иесіне адал болады. Жылқы жаман су ішпейді, тек таза су ішеді. Жұмыс күші ретінде еңбекқор мал. Жорға – жүрісінен пұл болады, жаман – жүрісінен құл болады – демекші, бұл жылқының басты қасиеттері. Сондықтан бұл жылда мансапта биік белестерді бағындыруға, мақсаттарға жетуге барлық мүмкіндік бар. Күрделі әрі жауапты істерден қорықпау керек – бәрі сіздің пайдаңызға шешіледі.
Мансаптық өсімге ең қолайлы кезең – жаздың екінші жартысы мен күздің басы.
Жылқы жылы — бала сүю үшін де қолайлы деп есептеледі. Бұл жылы туған балалар табанды, мінезі жұмсақ және әдетте денсаулығы мықты болады.

Жылқымен байланысты ырымдар

— Жылқыны жолда кездестіру – сәттіліктің белгісі.
— Англияда қара түсті жылқы байлық пен ақша келуін білдіреді.
— Еуропаның өзге елдерінде ала («алмадай» дақты) жылқылар бақыттың нышаны саналады.
— Ал ақ жылқыны кездестіру — үлкен қуаныштың белгісі.

Жаңа жыл сәтті жыл болсын, құрметті оқырман!

Баян Таңатарова