ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНДАҒЫ ӨРТ ҚАУІПСІЗДІГІ

0
23

Жылыту маусымында өрттің алдын алу мақсатында Жетісу облысында кешенді профилактикалық шаралар жүзеге асырылуда. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары БАҚ өкілдеріне өткізген баспасөз мәслихаты барысында айтты.

Өрт қауіпсіздігі аясында атқарылып жатқан жұмыстар «2025–2026 жылдарға арналған тұрғын секторда жылыту маусымында өрттің алдын алу жөніндегі іс-шаралар жоспары» бойынша жүргізілуде. Өрт қауіпсіздігі айлығы барысында тұрғындармен кездесулер, рейдтік іс-шаралар, білім беру ұйымдарында түсіндіру сабақтары өткізілді.
Əлеуметтік осал топтағы 7 761 отбасының үйлері толық араланып, өрт қауіпсіздігі талаптары түсіндірілді. Сонымен қатар улы газдан уланудың алдын алу үшін 2 322 дана газ датчигі орнатылғанын хабарлайды.
Профилактикалық жұмыстар нəтижесінде 2025 жылғы 1 қазаннан бастап өрт саны өткен жылмен салыстырғанда 43 пайызға азайды. Мамандардың айтуынша, өрттің негізгі себептері – электр сымдарының тозуы мен пеш жабдықтарын дұрыс пайдаланбау. Қазіргі уақытта жылыту маусымындағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары тұрақты бақылауда жəне маусым соңына дейін жалғасатын болады.

Алиса ЕСЕНБЕКОВА,