СЕКСЕННІҢ СЕҢГІРІНДЕГІ СЕРГЕК ЖАН

Адам жас уақытта қанша жаста екенін «жаспыз ғой әлі» деген сөзбен бағамдайды. Зымырап өткен уақыттың бедерінде әр түрлі ғұмырлық өлшем бар. Сөйтіп жүргенде бір күндері «жастықтың» ауылы алыстап, әр ондықтан өткен сайын адам санасы кемелдене беретін, еңбекпен, елге жасаған қызметіңмен, ел арасындағы құрметпен айшықталатын «өмір» деген асудың тағы бір белесіне келесің… Сол белестің бірі сексен жасқа жету – сол өмір деген сапардың биік бір асуы болса, сол асуға әркім шыға бермейді. Ал шыққан жанның артында абыройлы өмір жолдары, алдында ізгілікті ниеті тұрады.
Осындай өнегелі өмір иесінің бірі, екі дәуірдің куәсі, туған жерінің өркендеуіне саналы ғұмырын арнаған азамат – Сайлау Бәзілов. Кеңестік жүйенің қатаң тәртібін де, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы өтпелі кезеңнің ауыртпалығын да бастан өткерген азамат. Ол – уақыт сынағын мойымай көтерген, қиын тұстардан адаспай өткен жан. Елдің ішінде, халықтың ортасында жүріп, өз заманына лайық қызмет атқарған абыройлы азамат.
Ауылдағы салтанатты жиын
Жетісу облысы Көксу ауданының ардагерлер кеңесінің төрағасы Сайлаубай Бәзілұлы Базиловке ел-жұрты өте жоғары сый құрметпен қарайды.
Сайлаубай Бәзілұлын ел-жұрттың көбісі Сайлау аға деп араласады. Осы ауданның Шаған тауының баурайындағы Қаблиса ауылында дүниеге келген ағамыз жоғары білімді мұғалім, ұстаздық қызметтен мектеп директорына дейін, ауылдық Кеңестің төрағасы, аудандық әкімдікте аппарат бөлімінің басшысы қызметтерін атқарып, ауданның ыстық-суығын елмен бірге көрді.
Өз ұлының мерейжасын ескерген ауыл халқы Қаблиса ауылдық мәдениет үйін ерекше безендіріп, жиналған ауыл азаматтары қуанышты жүзбен келген қонақтарды қарсы алып жатты.
Салтанатты жиын басталып та кетті. Жүргізуші бүгінгі жиынның мән-мағынасын түсіндіріп елге жариялаған соң ортаға ауылдың ақсақалы, әрі Сайлау Бәзілұлының сыныптас досы Қоқымбай ақсақал бала кезден бергі бірге өсіп, бірге ойнаған кездегі қызықты сәттерін еске түсіре отырып, туған күн иесін мерейлі жасқа келуімен құттықтап өтті.
Жетісу облысының «Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының» басшысы Сүлейменов Қуаныш Сұлтанұлы Жетісу облысының әкімі Бейбіт Өксікбайұлы Исабаевтың құттықтау хатын, сәлемін жеткізіп, мерейжас иесінің иығына шапан жапты. Көксу ауданының әкімі Халелов Дәулет Кенжеханұлы аудан әкімшілігі және өз атынан құттықтай отырып, мерейтой иесінің иығына шапан жауып, астына ақ боз ат мінгізді. Құттықтауларды мектеп ұстаздары жалғастырып, сый-сияпаттарын жасап жатты. Сайлау Бәзілұлының әулеті атынан үлкен ұлы Мәулен Сайлаубайұлы жиналған ауыл адамдарына, облыс және аудан әкімдіктеріне, сондай-ақ салтанатты жиынды ұйымдастырушы топқа жүрекжарды ризашылығын білдірді. Мерей тойға арналған жиын аудандық және ауылдық мәдениет үйінің өнерпаздарының концертіне ұласты.
Қазіргі қоғамды жаман деп айта алмаймын…
Ауылдағы жиын аяқталған соң Сәкеңе біраз сұрағымды қойып үлгердім.
— Сәке, мемлекеттік қызметтің майталманы болып жеткен 80 жасыңыз құтты болсын. Сексенде сексеуілдей мықты болыңыз. Зейнетке жеткенмен, әлі де еңбектен қол үзген жоқсыз. Еңбек жолыңыз бен өміріңіз екі түрлі қоғамда өтіп жатыр. Сіздің байқауыңызша, таразылап айтқанда, қай қоғамдағы қарапайым халық жағдайы тәуір болып тұр? Халықтың тұрмысы бұрынғыға қарағанда жақсы жаққа қарай өзгерді – деп ашық айта аласыз ба?
— Заман өзгерді. Өткен қоғамға өкпеміз жоқ — тегін білім алдық, дәрігерге тегін қаралдық. Соғыстан кейінгі ауыртпашылықты халықпен бірге көтердік. Өткен қоғамда қызмет жасадық, ұрпақ өсірдік. Жалпы, халықтың жағдайы соғыстан кейін оңалды, қарындары тоқ, киімдері бүтінделді. Сондықтан өткен қоғам туралы пікірім оң.
Қазіргі қоғамда да халықтың жағдайы жаман емес. Әр отбасында 2,3 көліктері бар, киімдері бүтін, тіпті қазір киімді ешкім тозғанша кимейді. Қалада кейбір отбасылары кешкі тамақты үйде дайындамайды, арнайы орындарға тапсырыс беріп алдырады. Көпшіліктің баспанасы бар. Заман орнында тұрмайды — өзгеріп тұрады. Қазір өткен қоғамда болмаған жоғары оқу орындарында оқу — ақылы болды. Бұл әрине көпбалалы, табысы орташа отбасыларға ауырлау тиеді. Бірақ одан құтылатын бір жол бар — ол тек жақсы оқу керек. Сонда мемлекеттік грантпен тегін оқиды. Сондай орташа табысты отбасынан шығып, жақсы оқығанның арқасында жоғары көтеріліп президент аппаратында қызмет жасап жүрген біраз азаматтар бар. Әлеуметтік желіден — Ойбай! Халықтың жағдайы нашарлап барады! — деп айтып жүргендер бар. Оны айтып жатқан жалпы халық емес, біраздаған топ… Қоғамның дамуына қарсы әрекет жасаушылар. Президенттік қызметке Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев келгелі бері халыққа әлеуметтік көмектер түрі көбейді. Тұрмысы төмен отбасыларға, мүгедектерге көмек берілуде. Мектептегі бастауыш сынып оқушыларына түгелдей және тұрмысы төмен отбасы балаларына тегін тамақ және киім-кешек берілуде. Сондықтан бұл қоғамды да жамандай алмаймын.
— Мемлекеттік қызметте жүріп, белгілі бір тапсырмалардың шешімін таппай қиналған сәттеріңіз болды ма? Қызметтілік бағыныштылық деген бар ғой, дұрыс болмаса да «бастық айтты – бітті» — деген. Сондай жағдайда бағыну позициясын ұстанасыз ба, әлде «әлі де талдау керек» — деген пікіріңізді ашық жеткізе аласыз ба?
— Мемлекеттік қызметте жүріп өзіңнің жеке ой-пікірің болмаса аудан әкімі бізді сән үшін ұстамайды. Мен өзім бұрыннан жеке ой пікірімді ашық ортаға салып үйренгенмін. Қай әкім болса да дұрыс ісін құптап, көңілге томпақтау жерінде өз ойымды айтып, ақылдаса жүріп іс атқардық.
Кезінде бір аудан әкімі мен оның орынбасары аудан әкімдігіне сайлауға түсті. Арадағы азаматтар келіп сіз орынбасарды қолдаңыз деп маған үгіт айтты. Мен әрине, олардың уәжіне көнбедім. Бірге жұмыс жасап отырған аудан әкіміне астыртын қарсы әрекет ету, яғни, сатқындық жасау — менің бұрыннан болмысымда жоқ нәрсе. Ол адамгершілікке жат қылық. Бірақ орынбасар көп дауыс алып, ауданға әкім болып сайлана отырып, менің сол кездегі позициямды бағалады әрі бірге жұмыс жасауға ұсыныс тастады. Осындай адалдық пен әділдікті ұстай отырып 8 әкіммен қызметтес болдым.
— Атқарып отырған қазіргі қызметіңіз – аудандық ардагерлер қоғамдық ұйымның жұмысындағы басты мақсаттар туралы қысқаша айтып кетсеңіз? Кейбіреулер «ақсақалдар алқасы тек әкімнің төңірегіндегі шараларда ғана жүреді» деп сынап жатады. Оған не дейсіз?
— Мен зейнеткерлікте жүрген кезімде аудан әкімі шақырып, ауданда көп жыл басшылық қызмет атқардыңыз, енді аудандық ардагер ақсақалдар кеңесіне төрағалық қызметті жасаңызшы — деп сұрады. Мен аудан әкіміне өзімнің бұл істегі жеке көзқарасымды білдірдім. Яғни, тек ардагерлермен жиналыстар ғана өткізіп, аудан әкімінің нұсқауын ғана орындап отырмай, ақсақалдар мен әжелерге рухани жағдай жасау, олардың да ортақ пікіріне ден қою сияқты, олардың әлеуетін көтеру жұмыстарын атқаруға мүмкіндік беріп, қолдау көрсетсеңіз — сіздің өтінішіңізді қабыл алайын дедім.
Ақсақалдар мектеп оқушылары мен аудан жастарына ақыл, кеңес беріп отырса — ол үлкен ұлағатты іс болып табылады. Сондықтан аудан ақсақалдары әкімнің қол шоқпары емес. Тек әкімнің айтқанын ғана істейтін орындаушы бола алмайды. Арнайы келісіліп жасалған жоспармен жұмыс жүргіземіз. Мынадай қазақта нақыл сөз бар «Қариясы әкімін іздесе – қасірет, әкімі қариясын іздесе — қасиет».
Аудан әкімінің қолдауымен жоспардағы жұмыстарымыз іске асуда. Түркістанға, Шоқан ескерткіші мен музейіне, Абай еліне, Астана қаласына саяхаттап барып қайттық. Әулие ата-бабалар Ескелді, Балпық, Қаблиса, Жамбыл, Нұрғисаның бастарына барып тәу етіп қайттық. Бұл тек қана саяхаттап қайту емес сол жердегі айтулы тұлғалардың даналығымен танысып көңілге түю, ұлағатты істерін бойға жию болып табылады. Семей қаласының әкімі қабылдады, Ақсақалдар алқасымен кездестік бұның бәрі екі елдің арасындағы байланысты нығайтады. Жалпы жұмыс барысымыз осындай.
— Сайлау аға, үлкен үлгі боларлық ұлағатты істерді атқарған екенсіздер.
Көксу аудандық ардагерлер кеңесінің төрағалық қызметіне қайта сайланып жатырсыз, сексен жастың сеңгіріне шықсаңыз да әлі сергексіз, алдағы істеріңізге сәттілік тілейміз. Жақсы әңгімеңізге көп рахмет!
Мемлекеттік қызметтің майталманы туралы пікірлер
Мәлік Аманбайұлы — Көксу аудандық «Аманат» партиясының төрағасы:
— Сайлау Бәзілұлы Бәзілов халыққа және мемлекетке қыз-мет етуге өмірін арнаған адам. Өмірі адалдықтың, еңбекқорлықтың және жанқиярлықпен қызмет етудің үлгісі болып табылатын адамның қоғам мен мемлекет алдындағы еңбегін көрмеу, бағаламау мүмкін емес.Еңбекқор, көпшіл, қарапайым және ақкөңіл тектілік бойында тұнып тұрған жан, өзін нағыз ұйымдастырушы ретінде көрсетіп, табандылық, әдептілік және әріптестеріне құрметпен қарау қабілетін көрсетті. Қазақстанның егемендігі мен тәуелсіздігінің нық аяққа тұру жылдары Сайлау Бәзілұлы елдіктің идеяларын табанды және адал қолдап, насихаттады. Ол жай ғана басшы емес, өз үлгісімен басқаларды шабыттандыратын нағыз көшбасшы. Оның энергиясы, оптимизмі және Қазақстанның болашағына деген мызғымас сенімі көптеген адамдар үшін күш көзі болып табылады. Ол әртүрлі адамдармен ортақ тіл таба алады, оларды ортақ мақсаттар мен міндеттер төңірегінде біріктіре алады.
Сайлау Бәзілұлы Базилов — Көксу ауданының тарихын терең білетін бірден бір адам, істері мен іс-әрекеттері көпшілік үшін бағдар болып табылады. Оның ауданның дамуына және Қазақстанның мемлекеттілігін нығайтуға қосқан үлесі зор. Асыл жар — ердің сәулеті дегендей Сайлау Бәзілұлының өмірінде асыл жары Жәмила апай. Жылдар бойы сақталған олардың жылы, сүйіспеншілікке толы қарым-қатынасы берік ерлі-зайыптылардың үлгісі болып табылады.
Зейнеттегі полиция полковнигі Бақтаев Нұржігіт:
— Мен Сайлау Бәзілұлымен осыдан 60 жыл бұрын ол кісі аудандық комсомол комитетінің 2-хатшысы болып тұрғанда танысқан едім. Енді артта қалған уақытқа қарасақ бір адамның ғұмырындай уақыт өтіп кетіпті. Біз тіпті туысқаннан да жақын болып кеттік. Сакең достыққа берік, кеңпейілді ақжүректі үлкен адамгершілікті, досқа адал адам. Жолдасы Жәмилә екеуінің мінез-құлқы, адалдығы мен адамгершілігін бөліп айта алмайсың. Бірінің ой пікірі бірімен үйлесімді қалыптасып кеткен. Отбасында үлгі аларлықтай сыйласымдылық бар. Қай уақытта болса да көмектескісі келіп қолұшын беруге дайын тұрады. Бұндай азаматтармен дос болудың өзі бір мәртебе.
Көксу ауданы әкімдігінің аппарат жетекшісі Кубиева Жанар Әнуарқызы
— Сайлау Бәзілұлының мемлекеттік қызметте заңдылықты, тәртіп пен жауапкершілікті басты орынға қойып, тапсырмаларды нақты, жүйелі әрі талапқа сай орындауымен ерекшеленді. Әр шешімді қабылдауда мемлекет мүддесін, қызметтік тәртіп пен кәсіби этиканы қатаң сақтайды. Ал қоғамдық жұмыстарда Сайлау Бәзілұлы халықпен етене жақын болып, ашықтық пен жанашырлықты алдыңғы орынға шығарды. Қоғамдық мәселелерге бейжай қарамай, азаматтардың ұсыныс-пікірін тыңдап, ел бірлігі мен әлеуметтік татулықты нығайтуға белсенді атсалысты. Осылайша, мемлекеттік қызметте – тәртіп пен жүйелілікке, ал қоғамдық жұмыстарда – адамгершілік пен халыққа жақындыққа басымдық беруі оның басты айырмашылығы әрі ерекшелігі деп бағалаймын.
Автордан: Құрметті Сайлау Бәзілұлы! Бүгін ауылдастарыңыз бен замандастарыңыз айтқан Сіздің бойыңыздағы күш-қуат, терең білім мен іскерлік қабілет сияқты қасиетттер жастарға үлгі болсын! Сізге мықты денсаулық тілеймін! Еңбегіңіз жана берсін!
Сембек Абдрахманов,
Талдықорған қаласы
