Кітапханадағы «Жаз» фестивалі

0
31

Кітап оқу мәдениеті мен жасанды интеллект – ел болашағының негізгі бағыты.

Қ.К.Тоқаев

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мен жастардың зияткерлік әлеуетін арттыру мәселесіне ерекше назар аударды. Мемлекет басшысы кітап оқу – өркениетті қоғам құрудың және озық ойлы ұлт қалыптастырудың маңызды негізі екенін атап өтті.
Осыған байланысты Президент жақында «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру» жөніндегі арнайы Жарлыққа қол қойғанын айтты. Құжаттың басты мақсаты – адам капиталын дамыту, қоғамның интеллектуалдық және мәдени деңгейін көтеру.

Жақында Жетісу облысы Көксу ауданындағы мәдениет үйі алдындағы ашық алаңда «Кітапханадағы ЖАЗ фестивалі» өтті. Фестивальді ұйымдастырушы «Көксу ауданының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі» мемлекеттік мекемесінің «Көксу аудандық кітапханасы».
Мәдениет үйінің алдындағы кең алаңға кітап көрмесі қойылған. Онда қазақтың көрнекті жазушылары мен ақындардың кітаптарына орын беріліпті. Көрмедегі кітаптарды кітапхана қызметкерлері көрермендерге таныстырып, айтып тұрды.
Көксу ауданы әкімінің орынбасары Зейнолда Абзал Секенұлы жиынға жиналған кітапқұмар оқушы балаларды, қатысушыларды фестивальдің ашылуымен құттықтады. Биылғы жазғы демалыстың көңілді өтуіне арнаған ізгі тілегін білдіре келе, балаларды әдеби кітаптарды көптеп оқуға шақырды. Кітап оқудың пайдасына тоқталып, зерделі азамат болып өсулеріне ағалық тілек білдірді.
Сахна төрінде кезек жас бүлдіршіндерге жетіп, олар сахнадан өнер көрсетті.Ән айтып, би биледі.
Сонымен қатар сахнада көрнекті ақындар Мұқағалидың, Қадір Мырзалінің т.б. ақындардың өлеңдері оқылып жатты. Мүмкіндігі шектеулі бірнеше балалар сахнадан ән салып, өнерлерін көрсетіп, жұртшылықты риза етті. Солардың ішінде, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Үміт» күндізгі тәрбие орталығынан Шрупов Денис «Қазақстан» атты әнді орындаса, Әзімхан Аяла «Беу айдай» әнін келістіріп шырқап берді.
Жиналған жұртшылықты Көксу аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сайлаубай Бәзілұлы бүгінгі ерекше мерекемен құттықтай отырып, кітаптың адамның ой-санасының, көзқарасы мен дүниетанымының кеңеюіне,қазақтың салт-дәстүрлерін білуге,күнделікті қолданыстан қалып бара жатқан сөздердің мән-мағынасын білу үшін көбірек кітап оқу керектігін кеңінен толғап айтып өтті.
Көксу аудандық мәдениет саласының әншілері сахнадан орындаған қазақ, орыс, ағылшын тіліндегі әндер эстрадалық ән әуездерін түрлендіре түсті.

Мерекенің ең қызықты тұсы,, жиналған балаларды мәз еткен сәттердің бірі —  балалардың бәріне , шамамен 400 -ден астам, балмұздақтың таратылуы болды. Балалардың қуанышында шек жоқ, мәз-мейрам күйге бөленді.
Сахна төріне «Кітапханадағы ЖАЗ фестивалін» ұйымдастырып өткізуші -аудандық кітапхана директоры Түстікбаева Әйгерім Айдарқызы шығып, бұл фестивальдің өтіп жатқанына биыл 4-жыл екендігін айта келіп, жылдан-жылға кітапханадан кітап алып, кітап оқитын оқушы балалардың саны өскендігіне қуаныш білдіріп, атап өтті.

Әйгерім Айдарқызы бүгінгі мерекеде балаларға тегін балмұздақ беруді ұйымдастырған кәсіпкер- демеуші, «Жалайыр» шаруа қожалығының төрағасы, Көксу ауданы маслихатының депутаты Абдрахманов Мақсат Мұхаметкәрімұлына үлкен ризашылықпен алғыс білдірді. Мереке соңы оқушылардың ән-биіне жалғасты.

Сембек Абдрахман