Жарияланған жайға жауап келді

0
35

«Алатау» газетіне оқырмандардан жариялауды өтінген көптеген сұрақтар түсіп жатады. Олардың біразы газетіміздің №28,36,37 сандарында жарық көрді. Мәселе денсаулық саласына байланысты болған соң газет редакциясы Жетісу облыстық Денсаулық басқармасы басшысына жарияланған мәселелермен қатар өзге де сұрақтарды қойып жолдаған едік. Жауап кешікпей келді. Төменде оқырмандар өздері қойған сұрақтарға жауап таба
алады.

1-сұрақ: Басқарма бастығы ретінде Сіз тұрғындарды жеке сұрақтармен қабылдайтын арнайы белгіленген күн бар ма? Оған жазылу тәртібі қандай?
Жауап: Басқарма басшысы мен оның орынбсарларының азаматтарды жеке қабылдау кестесі бекітілген. Қабылдауға алдын ала жазылу сәрсенбі және жұма күндері сағат 15-00-ден 17-00-ге дейін жүргізіледі.
Жеке қабылдауға жазылу үшін 8(7282) 60-02-30 телефон номеріне басқарма басшысы немесе оның орынбасарларының қабылдауына жазылуға болады.
2-сұрақ: Жыл басынан бері осындай жеке сұрақтармен қанша адам қабылдадыңыз?
Жауап: 2026 жылдың басынан бері басқарма басшысының жеке қабылдауында болған азаматтардың саны – 15.
3-сұрақ: Газеттің 28-нөмірінде көпсалалы ауруханаға түскен ауруға дұрыс диагноз қойылмай, нәтижесінде ауру адам ақылы клиникаға баруға мәжбүр болған. Сіз осы фактімен таныссыз ба? Газеттің №37 санында денсаулық саласындағы мемлекеттік аурухана болып саналатын «Талдықорған көпсалалы ауруханасы» дәрігерінің дұрыс диагноз қоймауы салдарынан ауру ақылы клиникаға жүгініп, опрециясына 1млн. 300 мың теңге төлеуге мәжбүр болған.
Жауап: Бұл мәселе бойынша «Талдықорған қалалық көпбейінді ауруханасы» ШЖҚ МКК-де пациентке көрсетілген медициналық көмектің сапасы мен қабылданған медициналық шешімдердің негізділігін бағалау мақсатында тәуелсіз сараптамалық комиссияның жұмысы жүргізілуде. Тексеру және бағалау нәтижелері бойынша тиісті қорытындылар жасалып, Басқарманың құзіреті шегінде шаралар қабылданатын болады.
4-сұрақ: «Алатау» газетінің №37 санында газет оқырманы шілде айынан қыркүйек айына дейін балалар емханасындағы көз ауруы дәрігерінің қабылдауына кіре алмаған. Себебі дәрігер пайдаланбаған 2 жылғы еңбек демалысын алып, 2 ай демалған. Сұрақ — Балалар көз дәрігері жалғыз адам ғана ма? Оны еңбек демалысына кеткенде ауыстыратын басқа көз дәрігері неге қарастырылмаған? Өйткені каникул кезінде ем ала алмаған бала сабақ басталғанда ем алуға мәжбүр. Бұған не айтасыз?
Жауап: Балалар офтальмологы туралы мәселе. «Талдықорған қалалық емханасы» ШЖҚ МКК-де штаттық кестеге сәйкес балалар офтальмологының екі штаттық бірлігі қарастырылған. Емханаға тіркелген 0-18 жас аралығындағы балалардың саны 40 мыңды құрайды. Бұл тіркелген халықтың жалпы санының 33 пайызына тең. Қазіргі уақытта балалар офтальмологының штаттық бірліктері 1,5 мөлшерінде қамтылған.
Дәрігер Солтанқұлова Т.Б. ауруына байлансты жүгінген балаларды қабылдауды және ұйымдастырылмаған жастағы (бұл қандай санат? – редакция сұрағы) балалардың профилактикалық тексерулерін толық мөлшерлеме бойынша жүзеге асырады. Дәрігер Ахметова Ж.Ж. мектеп жасындағы балаларды профилактикалық тексеруден өткізу мақсатында 0,5 мөлшерлеме бойынша қабылдайды.
Динамикалық бақылауға байланысты жүгінетін пациенттер үшін дәрігердің қабылдауына өздігінен жазылу мүмкіндігі қарастырылған. Өндірістік қажеттілікке байланысты дәрігер Солтанқұлова Т.Б. 2026 жылғы 3 тамызда еңбек демалысынан кері шақыртылған. Қазіргі уақытта балалар офтальмологының қабылдауына жазылу кезегін күту мерзімі 7 күннен аспайды.
5-сұрақ: Талдықорған қаласының оңтүстік батысында орналасқан «Береке» және «Ынтымақ» ауылдары үшін типтік емес медициналық пунктте №52, №67, №70 участоктар тіркелген.
1) Осы 3 участоктегі ауруларды екі дәрігер қабылдайды. Участоктерде адам көп, әсіресе түске дейін аурулар кезек күтіп көп уақыттары кетеді.
2) Осы үш участокта жүрек, қан қысымы, созылмалы бронхит және т.б. ауырулармен есепке тіркелген жандар, көбісі жасы келген ата-әжелер, тиісті дәрілерге накладной қағазын алып, 6 шағын аудандағы поликникадан барып дәрілерін алады. Ол жерде де кезекке тұрады және дәл жетпей алыстан айналып өтетін 13, 27, 227 маршрутты автобустардан түсіп жаяулап жеткенше шаршап та қалады, кейде тиісті дозадағы дәрі бітіп те кетеді. Сол сияқты қиыншылықтар жетіп артылады.Сұрақ — Сол дәрілерді қарт, денсаулығы жоқ адамдарға жағдай жасап, учаскелік медпунктте таратуға болмай ма?
Жауап: Қазіргі уақытта тұрғындарға медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру және қолданыстағы емханаларға түсетін жүктемені азайту мақсатында тәулігіне 500 келушіге арналған № 3 қалалық емхананы іске қосуда. Осы емхана қолданыстағы емханалардағы жүктемені төмендетуге мүмкіндік береді.

Редакциядан: Біздің қойған сұрақтарымызға жауап жазған Басқарма бастығының орынбасары А.Кенжеғұлова екен. 5-ші сұрақтың жауабы жартылай беріліпті. 6- шы шағын аудандағы емханаға барып дәрі алатын қарт ауруларға дәріні енді №3 емхана бере ме, әлде Ынтымақ ауылындағы емхана беретін бола ма? Осы жағын түсінбедік.
Жауап хатқа қол қойған А.Кенжеғұлова ханымға тағы бір наз: Денсаулық басқармасы басшысына жазылған хатқа қол қойған «Алатау» газетінің бас редакторы Баян Таңатарова болса, Сіз неге жауап хатыңызды «Офсет-Болашақ» баспаханасының директоры Бақберген Түкібаевқа жолдағаныңыз түсініксіз. Баспахана мен редакцияның айырмашылығын білген жөн, А.Кенжеғұлова ханым.