Ата Заң – Алланың аяты емес…

0
1148

Мың өліп, мың тірілген қазақ тәуелсіздік алғанына 30 жыл болса да, Мемлекеттік тілін тұғырға қондыра алмай келеді. «Көршінің көңіліне қарайық, көрпемізге қарай көсілейік» деп, ана тілімізді, арымызды өзге емес, өзіміз аяққа таптап келеміз. Жалтақтық,  жағымпаздық, сатқындық қазақтың қанына сіңіп, сүйегінен өтіп кетті. Кешегі зобалаң мен  қуғын-сүргінде  бірін-бірі сатқан қазақ қынадай  қырылды. Бұдан кейін қазақтың жауы қазақ болмай,  кім болады? Октябрь революциясы билікке келіп, Кеңес үкіметі үстемдік құрғанда бай мен кедейдің арасына от тастаған кеңестік жүйе қазақты-қазаққа айдап салды.

Ұзында өші, қысқада кегі барлар,  басқа  емес,  хат танып қалам тербегендер бірінің үстінен бірі Мәскеуге арызды қарша боратып, елдің басын ұйыстырып отырған кіл қаймақтарын атқызды, жала жапты, абақтыға тоғытты. Алматы облысының Мәслихат депутаты Марат Алтынбекұлы: «Қазақ халқы қайғы-қасірет, ашаршылық,  ату, қыру  болмағанда қазір 50-60 миллион болар едік. Өте өкінішті!», деп  ғаламтор желісіне салыпты. Ел болдық, етек жаптық, тәуелсіз болдық деп бөркімізді аспанға атқанымыз тура 31 жылға аяқ басып барады. Алайда аяқ-қолымыз да, аузымыз да кісендеулі. Өз ана тілімізде сөйлей алмаймыз. Үлкен мінберлерден су төкпейтін жорғадай,  ресми тілде сайрап жүрген  де өзіміздің  қаракөз  шенді-шекпенділер. Осыдан кейін қазақ тілі қайтып көгеріп көктейді?

Бізбен қатар тәуелсіздігін алған көрші  Өзбек, Түрікмен, Азербайжандар еркіндігі қолына тие салысымен экономикалық ахуалға қарамай-ақ латын әліпбиіне көшіп алған-ды. Олар тәуелсіздік алмай тұрғанда да, өз ана тілдерінде сөйлейтін. Құдай төбеден ұрып, ресми тілде сайрағанда  қазақ орысты жолға қалдырды. Ата Заңда мемлекеттік тілдің жанына ресми тілді қосақтап қойдық. Шекарамызды бекемдедік, енді жер туралы дау-дамай болмайды  дедік. Алайда мемлекеттік тілге тәуелді болып тұрмыз. 30 жыл Қазақстанды демократиялық елге айналдырдым,  дамыған отыз елдің қатарына кіргізем деген Елбасы: Нұрсұлтан Назарбаев та қазақ тілінің кең құлаш сермеуіне мүмкіндік бермеді. «Әуелі екі қазақ бір-біріңмен қазақша сөйлесіп алдыңдар» деп тиып тастады. Тіпті, халыққа қызмет көрсету орталықтарында орыс ұлтына қазақша жауап бергендерге шара қолданды. Қазақтың жауы қазақ болып тұрған соң, өзге ұлт қазақ тілін не қылсын. Аралас балабақша, мектептер көбейді. Жоғары эшелоннан бастап жергілікті биліктегілер заңды қадағалайды деген  сот органдарының бәрі мемлекеттік тілді ысырып қойып, жиындар мен есеп-қисаптың барлығын жоғарыға ресми тілде жолдады. Жоғарғы билік те іс қағаздарын мемлекеттік тілге кезең-кезеңімен көшіреміз деп, елді алдап-арбап келді. Және әлі күнге алдауда. Жаңа Қазақстан құрамыз деген Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та жиындарын ресми тілде өткізіп жүр.  Жеті-сегіз тілді жетік меңгерген Мемлекет басшысы ана тілінде жатық сөйлейді. Алайда ресми тілдің етегіне оралып, қапсыра құшақтап айырылар емес. Мемлекет басшысы өзі бас болып, ұлттық мүддені алға тартып, барлық жиындарды тек мемлекеттік тілде жүргізіп және оны өзгелерден талап етсе, аяғына жем түсіп, ақсап тұрған тіл  мәселесі өздігінен шешілер еді. Мемлекеттік тіл үшін кімдер бозторғайдай шырылдамады. Қоғам қайраткері, ақын Мұхтар Шаханов та  Н.Назарбаевтың тұсында бұқара халықтан қол жинап, Тіл министрлігінің құрылуын  талап етті. Бірақ халық талабына құлақ түрген Мемлекет басшысы болмады. «Тіл комитеті» құрылды. Оның жанынан  тіл орталықтары ашылды. Алайда мемлекеттік тілдің аясы кеңіп кеткен жоқ. Керісінше, мемлекеттік тіл билік органдарында есіктен кіре алмай, босағада қалды. Мемлекеттік тілді  тұншықтырған  өзгелер емес,  өзіміздің  қаракөз шенді-шекпенділер. Қағынан жеріген құлан құсап ана тілінен жерінді. Жазушы Шерхан Мұртаза да  Парламентте отырғанда жылқыдай осқырып мінез көрсетті. «Оу, ағайын, жыланда ғана айыр тіл бар, біз неге айыртілденіп кеттік?», –  деп ашынды. Бұған да бүйрегі бүлк еткен үкімет болмады. Керісінше, біз көпұлтты мемлекетпіз, сондықтан бізге тыныштық пен бірлік керек  деп мемлекеттік тілді тұншықтырды. Мемлекеттік тілдің аясында көзбояушылық етек алды. Президенттік сайлау кезінде мемлекеттік тілден емтихан тапсырғанда ана тілінде айызын қандырып сөйлей алмайтын Ғани Қасымовты комиссияның төрағасы,  Мырзатай Жолдасбеков: «Ана тілін біледі екен. Абайдың өлеңін оқып берді», – деп  елге масқара болды.  Міне, біздің жағымпазданудан алдына жан  салмайтын, ақты – ақ, қараны – қара» деп айта алмайтын зиялы өкілдеріміздің  бір  күн  үшін  күйбеңдеп,  ұлттық мүддені мүрдеге лақтырып жібергенін көрдік. Өткен өтті, мемлекеттік тілді 30 жыл кері тартқан Елбасы да қызметінен кетті. «Жаңа Қазақстан құрамыз! Референдум өткізіп, идеологияны ретке келтіреміз. Халыққа бір табан жақын боламыз», – деп Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұрандап жатыр. Бәрекелді! Бізге өзгеріс керек. Бізге революциялық жол емес, эволюциялық жолды таңдау керек. Ендеше, мемлекеттік тілдің тәуелсіздігі Ата Заңда айқын көрінуі үшін бұқара халық референдумда бір кісідей жұмылуы керек. Ұлттық мүддені қорғау керек, ал ол  мемлекеттік тілден басталады. Ұлттық идеологиямызда мемлекеттік тіл болуы тиіс. Әрбірден кейін мемлекеттік тілді қорлатпау Мемлекет басшысының міндеті. Ал біз 30 жыл мемлекеттік тілді қорлап келдік. Оған  жол берген бұрынғы Мемлекет басшысы. Жаңа басшы жаңа қадамға барады деп үміттеніп отырмыз. Тек жоғарыдағы билік емес, жергілікті билік те ұлттық идеологияны жандандыру  үшін  күресу керек. Біздің әкімдіктегі шенділер бәрі заң аясында шешіледі деп құтылады. Мемлекеттік тілді тұсаулауға осылар атсалысты. Нәтижесінде аралас мектептердің көптеп ашылуына мұрындық болды. Мемлекеттік тілдің өрісі тарылғандықтан әлгі шалақазақтар тіпті, таза қазақтар да балаларын аралас мектептерге берді. Енді соның жемісін көріп отырмыз.

Алматы облысындағы Талғар ауданында шу шықты. 1200 орындық жаңа салынған мектепті аралас мектеп жасаймыз деп халық екіге жарылды. Ал ауданда ескі балабақшада қазақ балалары 200 орындық мектепте оқып жүр. № 2-ші 600 орындық орта мектепте 2050 қазақ бала-сы сығылысып отыр. Осы жағдайлардың бәрін көріп-біліп отырған аудан әкімдігі жаңа салынған 1200 орындық мектепті таза қазақ мектебі жасауға дәрмені жетпейді. Осындайда көзсіз батырлыққа баратын ағалардың ерлігі еріксіз ойға оралады. Білім саласында айшықты із қалдырған Тоққожа Естенов ағамыз 90-шы жылдары Жамбыл ауданында білім бөлімін басқарып жүргенде 142 орыс мектептерін жауып тастағанын айтқаны бар.  Міне, ұлтжандылық деген осындай болмай ма? Нұр-Сұлтан қаласындағы № 93-ші орта мектептің бір топ ата-анасы мектепте орыс тілінде оқытатын аралас сынып ашуға қатысты мәселе көтерген. Өзге емес, өз ұлтымыз мемлекеттік тілде сабақ беретін білім ошағын қаламай тұр. Ата-аналармен сөйлесуге Мәжіліс депутаттары Қазыбек Иса,  Жанарбек Әшімжан,  Аманжол  Әлтай,  Мақпал Мыса және ақын Дәулеткерей  Кәпұлы, Қазақ тіл қоғамының мүшесі, Серік Ерғали, химия ғылымдары бойынша  PhD докторы, Нұр-Сұлтан қаласында № 90-шы мектеп-гимназиясының  директоры  Аятжан Ахметжанұлы қатысқан. Екі топқа бөлінген ата-аналар бір шешімге келе алмаған. «Қорқыт дегенге өстіп қорқытасың ба» дегендей,  жиынды бастан аяқ бейнежазбаға түсіріп алған өзіміздің қазағымыз Аятжан Ахметжанұлына осы бейнежазбаны Ресей Президенті Владимир Путинге жіберемін деп қорқытыпты.  №90-шы мектеп-гимназиясының директоры  Аятжан Ахметжанұлы: «Бүгін бір мектепті қазақ етіп сақтап қалу үшін жиналыс болды. Мәжіліс депутаттары қатысты. Бұндайға ысылдық қой, заңдық тұрғыда біраз ата-ананы орнына қойдық. Тіл жанашырлары біраз лекция оқыды. Қырғын дау болды. Әлім келгенше бала құқығы бұзылмайтынын заң бойынша түсіндіріп, басқа мектепке баратынын айттым. Бұл мектеп таза қазақ боп қалады деп кесімді сөз айттым. (Бір ресми мен шешетіндей) Ең өкініштісі орыс сыныбын талап етіп отырған кілең қазақ. Сол қазақтың бірі жиналыстан шыққасын есік алдында тұрып, бүгінгі сөйлеген сөздердің бәрін түсіріп алдым, толық бейнеролик жасадым. Ресей Президенті Путинге тіке жіберемін дейді. (қазақ әйел) Депутаттарымыздың көзін бақырайтып, Путинмен қорқытты. Баратын жеріңе бар дедім күйіп кетіп… Не дейін…»,  – деді ол.

Нағыз құл! Міне, бұл ұлт намысына тие ме, тимей ме? Өзге ұлт емес өз қазағың тепсініп Путинмен қорқытады. Ал мұндайлар біреу емес, мыңдап бар шығар. Құдай бетін әрі қылсын, егер осындай қазақтар «Біз баламыздың орысша білім алғанын қалаймыз», – деп  Ресейге өзі айтқандай қол жинап Үшбу хат  жолдаса, украиндарға соқтыққан Ресей қазақтарға басқыншылық жасап, бізден өзге ұлт емес, қазақтардың өздері көмек сұрады» деп аттан салса, Отанын, ділін, тілін сатып жіберуден тайынбайтын қазақтар табылады. Оны Украинадағы оқиғадан да көріп отырмыз. Осы оқиғаға қаныққан Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса: «Масқара! Мен оны айтқан кезде мұғалімдер бөлмесінде жұртпен сөйлесіп тұрған едім, кейін естідім. Сұмдық қой! Құл ғой нағыз, қожайынын Путин санаған!  Міне, біздің биліктің 30 жылда бір ұлтты екі тілге – екіге бөлген қастандығы!», – дейді. Қоғамда қызу талқыға түсіп жатқан тіл мәселесі майданға түсіп жатыр. Қазақстанда өзге ұлт өкілдері  тіл оқыту орталықтарына барып,  мемлекеттік тілді меңгеруге әжептеуір талпынып жүрген-ді. Тіпті,  олар өзіміздің шалақазақтардан әлдеқайда мемлекеттік тілде таза сөйледі. Енді мынадай оқиғадан кейін олар мемлекеттік тілге тұмсықтарын шүйіріп бармай қоюыда мүмкін. Әуелі өздерің үйреніп алыңдар десе, оған таңғалудың қажеті де жоқ. Ал  Нұр-Сұлтан қаласындағы аралас мектеп ашуды көздеген қазақтардың басты мақсаты –  «Bravo» тұрғын үй кешенінің жанындағы 1200 орындық жаңа салынған  мектепті иеленгісі келіпті. Аятжан Ахметжанұлының айтуынша, олар заң аясында 2 шақырымға дейінгі аумақта кез келген мектепті таңдай алады. Сотта бұл жағынан жеңе алмайсыңдар деді. Сонсоң  Жәмилә, Самал, Әйгерім, Шолпан атты орыс тіліне жүгініп жүрген аналардың арынын әрең басқанын айтады.

Талғар ауданында да су жаңа мектепті аралас мектеп жасағысы келетіндер барын жоғарыда айттық. Кейінгі он жылда елімізде он шақты жаңа қазақ мектебі ашылса,  399  аралас мектеп болғанын тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелді, ҚР Парламентінің депутаты Қазыбек Иса, академик Оразәлі Сәбден айтуда. Көптеген орыс мектебінде бала санының аз екені де айтылуда. Өткен айдың 16 сәуірінде Алматыдағы ҚР Ұлттық кітапханасында ҚР Мәжіліс депутаттары, зиялы қауым өкілдері, тіл саласының мамандары, педагогтар,  қоғам белсенділері мен журналистердің қатысуымен «Аралас мектеп қазақты қайда апарады» атты қоғамдық талқылау болды. Ол «Қазақ әдебиеті» газетіне үлкен мақала болып жарық көрді. Онда ХХI ғасырдағы қазақ халқының келешегі қандай? деген ел ертеңгі жайлы азаматтардың жанайқайы  үлкен резонанс тудырған. Бір ғана білім саласындағы олқылықтарды айтсақ,  ел ертеңіне, мемлекет келешегіне үміттен гөрі күдікпен қарау басым. Қазақстанда бір жарым миллион бала таза мемлекеттік тілде білім алса,  2047 бала аралас тілді мектепте білім алуда. Мұның қаншасы қазақ баласы екенін өзіңіз пайымдай беріңіз. Аралас мектеп ашудан Алматы облысы көш бастап тұр екен. Мұнда 306 аралас мектепте 255 000 бала білім алады. Қазақылығы басым Алматы облысы Солтүстік өңірлерді шаң қақтырып кетіпті. Жемқорлықтан да Алматы облысы Республика бойынша бірінші орынды бермей тұр. Бұл білім саласында мемлекеттік тілдің, ұлт руханиятының қоғамдағы ахуалы ақ-сап тұрғанын көрсетеді. Оның басты көрінісі облыста аралас мектептердің көбейюі, дүбәра тілі мен ділінен адасқан ұрпақтарды «жаңбырдан кейін қаулаған саңырауқұлақтай» қаулатып өсіріп жатқан мемлекеттің ұстанып отырған саясаты. 1984 жылдан бері аралас мектептердің мәселесімен тікелей айналысып келе жатқан жазушы Марат Тоқашбаев: «Аралас мектеп – отаршылдықтың  қазақ  жеріне қойған қамалы. Сол  әлі күнге дейін жойылмай келеді. Қазақстанда қазақ халқының саны 70,2%  болды. Яғни, қазақтың саны жалпы халық  санының 2/3 бөлігінен асты. БҰҰ-ның қағидаттарында жергілікті халық барлық халықтың 2/3 бөліннен асса, ол көпұлтты боп саналмайды. Демек Қазақстан  – моноұлтты мемлекет. Сондықтан қазақ мектептерінің басым болуы – әбден құптарлық іс. 2022 жылдың 1 қыркүйегінен бастап аралас мектептерге бала алуды тоқтатқан дұрыс. Сонда он жылдың ішінде өз-өзінен қазақ мектебіне айналып кетеді, – дейді.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов: «Аралас мектептің санын артыру – ұлтты жоюдың бірден-бір жолы» дегенді кешегі кеңестік кезеңде айғайлап айтып еді. Одан сабақ алған тәуелсіз Қазақстанның билігін – отызда көрмедік. Мемлекеттік тіл үшін шырылдап жүргендер де орыс мектептері түгелдей жабылсын деп жатқан жоқ. Керісінше,  аралас мектептерді жауып, халық сұранысы бойынша қазақ,  яки,  орыс мектебін қайта құруды, орыс мектептерінде орыс тілі мен орыс әдебиетінен өзге пәндер мемлекеттік тілде оқытылсын деп талап қоюда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында мектептерде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру басты бағыттардың бірі бірі екенін айта келіп: «Біз мемлекеттік тілдің мәтебесін көтеру бағытындағы жұмыстарды үздіксіз жалғастыра береміз», – деп айтқан-ды. Алайда одан қорытынды шығарып жатқан жергілікті билік жоқ. Мәселен, Талғар ауданындағы мектеп дауына байланысты  № 9-шы орта мектептің бір топ ұстазы жаңа мектепті аралас мектеп жасауға қарсы үн көтеріп, қазақ тілінде білім алғысы келетін оқушылар мен ата-аналардың уәжіне аудан басшылығы мен білім бөлімі құлақ аспай отырғанын айтуда. Жаңа мектеп орналасқан аумақта өзге ұлт өкілдері жоқтың қасы. Бірде-бір ата-ана баламызға аралас мектеп керек деп шағымданбаған. Сонда елдің ұсынысын тыңдағысы келмейтін аудан әкімі мен ауданның білім бөлімі Президенттің халық үнін тыңдайтын билік боламыз,  халық үніне құлақ түріңдер деген тапсырмасын неге орындамайды. Осы дау-дамайдан кейін Талғардағы жаңа мектеп таза қазақ тілінде болатын болды деген жаңалықты ғаламтордан оқып, мұғалімдер мен ата-аналардың қалауы орындалыпты деп қуаныштарына ортақ болғамбыз. Мәселенің мән-жайын білмек болып, осы мектеп үшін күресіп жүрген Қамнұр Тәлімұлына хабарлассақ, «Әлі толық шешілген жоқ, іс – сиырқұймшақтанып тұр. Жақында үлкен жиын өткіземіз. Соған атсалысыңдаршы», – деп жыларман болды. Міне, өзге  ұлт  емес, қазақты аяғынан шалып тұрған өзіміздің қазақ, жергілікті атқамінерлер. Осыдан кейін өзге ұлт бізге не істемейді. Жезқазған қаласындағы сауда үйінің қожайынына  мемлекеттік  тілде  жауап жазуды өтінгендерге: «Жезқазған  – орыстың жері» деп кібіжінбегенде қайтеді. «Өзіңді-өзің жаттай сыйла, жат жаныңнан түңілсін» деген тәмсілді қазақ еріккеннен айтқан жоқ шығар. Алтын  сандықтың үстінде отырып не байлығының,  не мемлекеттік тілдің қызығын көре алмаған Қазақстанның болашағы қандай болмақ. Көрші Қырғыздардың Ата Заңында мемлекеттік тіл – қырғыз тілі, ресми тіл – орыс тілі деп жазылған. Бірақ  олардың шенді-шекпенділерінің барлығы өз ана тілдерінде сөйлейді. Тіпті, депутаты телеарнада «Балапан» бағдарламасын көріп жүрген балалары қазақша сөйлеп жүргенін жиында айтып еді, түтіп, жеп қоя жаздады. Ақпарат құралдары у шу болды. Мемлекеттік тіл үшін шендісі де, халқы да өре түрегелді. Міне,  ұлттық мүдде жолындағы күрескерлер. Ал бізде «Асықпаған арбамен қоян алады» деп,  ұлттық мүддені, ұлттық намысты ысырып қойып орыстың орманынан шыға алмай жүрміз. Жалтақтау, үрейлену басым. Ал олар «Ұға берсең, сұға береді» дегеннің керін жасауда. Батыс Қазақстанда қазақтың нанын жеп, суын ішіп жүрген аққұлақтар Павлодар Петропавл, Оралды,  Ресейге беруіміз керек деп, ұлтараздықты қоздырды. Біздің үркектігімізді біліп алған ресейлік депутаттар көріңде өкіргір Жириновский бастаған ашкөзділерді қостағандар «Бізбен санаспасаңдар, Украинаның кебін киесіңдер» деп  кіжінеді. Осының  барлығының түп төркінінде білім саласы әрі ұлттық идеология жатыр. Қазақ мектептері азайып, аралас мектептер көбейіп, он  жылда елде қазақ мектебінің саны бар-жоғы 4-ке көбейсе, аралас мектеп бірден  339-ға  артқаны  жайлы  сұрақтарға  Білім және ғылым министрі Асхат  Аймағамбетов:  «Мен бұл мәселе жөнінде өз позициямды бірнеше мәрте айтқанмын. Әртүрлі бұқаралық ақпарат құралдарында да жарияладым. Қазіргі уақытта қазақ тілінде білім алу үшін бізде барлық жағдай жасалған. Қазақ тілінде білім алатындардың деңгейі төмен емес, жоғары болмаса.  Қазақ тілінде білім алу үшін педагогтардың саны да, сапасы да жеткілікті. Оған тиісті мазмұны да сәйкес келеді. Сондықтан қазақ тілінде білім аламын дегендерге барлық жағдай бар. Соның арқасында бүгінгі күні оқушылардың 70 пайызға жуығы қазақ тілінде біліп алып жатыр», – деді.

Аралас мектепте оқыған баланың тәрбиесі де, тілі де орысша болып кететінін көріп отырмын деген министр орысша білім алған балалардың басым көпшілігі ЖОО-ға тапсыру үшін  көрші Ресей  елін таңдайтынын және сол елге қызмет ететінін жеткізді. Осы тұста, 2005 жылы Бекарыс Шойбековтің Мемлекеттік тіл туралы айтыста айтқан өзекті ащы сынын ел назарына ұсындық.

«Өз тілінде сайраушы еді торғай да әлгі,

Торғай құрлы болмадық, қол байлаулы.

Депутаттар қазақша білсін деген,

Айталының айтқаны болмай қалды.

Қырық бірдей дептутат қарсы шығып,

Қалаулым деп жүргенің сорға айналды.

Қырық бірдей кесірдің кесірінен,

Тілімнің бағы тағы жанбай қалды.

Бұл өзі Ата заңға қайшы екен деп,

Тыныш жатқан халықты алдай қалды.

Ата заң ол Алланың аяты емес,

Не болса сол кезінде заңға айналды.

Халқының мүддесіне қарсы келсе,

Отқа жағу керек қой ондай заңды…» дегені бар-ды. Жаңа Қазақстан құратынмыз рас болса, референдумға  бір кісідей атсалысып, мемлекеттік тіл – қазақ тілін төрге шығарып,  Ата Заңдағы орыс тілін алдырып, ескі Ата Заңды  Бекарыс  ақын айтқандай отқа жағу керек. Ол аз десеңіз, ақын Қадыр Мырза-Әлидің: «Адамның аузына  бір емес, бірнеше тіл сияды. Ал ана тілің сыймаса, онда қазақ болмай-ақ қой»

Қазақ боп туғаныңа өкінбе,

Қазақ боп жарыта алмағаныңа өкін.

Қазақ тауда тұрса,  ақ бұлтпен де,

Шетте жүрсе, жат жұртпен де көрші бола біледі.

Қазақты үш жүзге бөліп,

Екі жүзді қылмаған Құдайға рақмет.

Байлық іздеп жүргенді көрдім,

Билік іздеп жүргенді көрдім,

Бақыт іздеп жүргенді көрдім,

Ақыл іздеп жүрген қазақты көрмедім.

Кісілік кісі таңдамайды. Ол қой бағып жүрген қатардағы қазақтан бастап, ел басқарып жүрген елеулі азаматтарға шейін, бірде біреуін жатырқамайды. Бірақ ол екінің біріне бұйырмайтын, адамның адамына ғана, соның жүрегіне ұя салатын қымбат қасиет» деген өсиетін қайда қоямыз. Неге қазақты қазақ аяқтан шала береді. Ұлт болып ұйыссақ, тілімізді, ділімізді, салт-дәстүрімізді жаңғыртсақ, Жаңа Қазақстан құрсақ дейміз. Алайда  ұлттық мүддені ойламай өз ана тілінен жерігендер ресми тілмен көгеріп, көктегісі келеді. Ұлттың ұлт болып қалыптасуына мемлекет, сол мемлекеттің құзырында қызмет жасап жүрген шенділер заң шеңберінен шықпаймыз дейді. Алайда, жемқорлық жасағанда заңды айналып өтеді. Ұлттың мүддесі сарапқа түскенде заң аясында шешеміз дейді. Жөн-ақ,  Ата заң  – Алланың аяты емес қой, халық қалап тұрса,  заң тармағын неге өзгертпеске?!

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ